Қазығұрт ауданында үш ауылға таза ауыз су берілді

Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 307 млн. теңге қаржы бағытталды
Қазығұрт ауданына су жеткеніне ауыл тұрғындары қуанышты

Ауылдағы ағайынның арманы «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асты. Қазығұрт ауданындағы Сынтас, Ащыбұлақ, Кезеңбұлақ елдімекеніндегі үйлерге таза су берілді. Осы күнге дейін тіршілік нәріне толыққанды қол жеткізе алмай, өңірдің өзекті мәселесіне айналған проблема енді шешімін тапты деп қуанды тұрғындар.

Алдымен «Сынтас» ауылында жоба іске қосылды. Мердігер компания жұмысты 10 айда аяқтаған. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 263 млн. теңге бөлінген. Ұзындығы 29 шақырымды алып жатқан су құбырларынан қазір 2 жарым мыңдай тұрғын таза ауызсуын ішіп отыр. Ауылдықтар осыған бұлақ суын алыстан тасып, тазартып пайдаланып келген. Енді Сынтастықтар көктемде бау-бақша егіп, есік алдын көгалдандырамыз деп отыр.

Қазығұрт ауданы, Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ащыбұлақ және Кезеңбұлақ ауылдарына тартылған су құбырының ұзындығы 43 шақырымды алып жатыр. Қос ауылдың 1137 тұрғыны қазір осы нысан арқылы таза суды пайдалануға мүмікндік алды. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 307 млн. теңге қаржы бағытталды.

Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 307 млн. теңге қаржы бағытталды

Ауылдықтардың қуанышын бөлісуге облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің аппараты жетекшісінің орынбасары Берік Уәли келді. Жалпы, Қазығұрт ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің есебі бойынша жыл соңына дейін аудан халқының 83 пайызы таза сумен қамтылатын болады.

Бүгінгі таңда ауданға қарасты 34 елдімекенге су құбырлары жүргізілген, ал 20 шақты ауыл әлі таза судың «кезегінде» тұр. Жаңа жылға дейін тағы да 3 жоба жүзеге асып, осындай нысандар тапсырылатын болады. Сала мамандарының айтуына қарағанда ауданды толықтай ауыз сумен қамту жоспары 2014 жылға дейін жалғасады.

 

 

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=PbfqOBjsD4w[/youtube]