«Қапшағайды» қоршау лайдан құтқара ма?

қондырғы суды тұндыруға қауқарсыз
қондырғы суды тұндыруға қауқарсыз
қондырғы суды тұндыруға қауқарсыз

Шаян ауылының ауызсу мәселесі бірталай жылдан бері шешімін таппай келген болатын. Дегенмен түрлі құрылыс жұмыстары қолға алынып, соңғы үш-төрт жылдың көлемінде жағдай реттеліп, 24 сағат таза су беріліп келеді. Алайда судың құрамы түрлі зиянды микроб пен бактериялардан таза болғанымен, судың лайсаңдығы әлі де басылмай тұр. Бұл әсіресе жаңбыр жауғанда, жел тұрғанда, қоймадағы су азайғанда анық сезіледі. Оның үстіне «Қапшағай» су қоймасының аумағы ашық, оның жанына жаздай мал үйездеп, су ішіп, былғап жатады.

Сондықтан көп күттірмей су қоймасының аумағын жедел түрде қоршаған дұрыс деген мәселелер көтерілуде. Бұл жөнінде жуырда аудан әкімдігінде өткен «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген мәжілісінде сөз болды. Әлі де ойласатын тірлік баршылық. Себебі, қауіпсіздік аумағын қоса есептегенде су қойманың 11 шақырым жағалауын қоршау керек болады. Бұл ауқымды қаржы, күрделі жоба болатындығы белгілі.

Мұстафа Әбенов, «Бәйдібек-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры

– «Қапшағай» су қоймасының жанынан соғылған «Дегромон» су тазарту торабы Шаян, Қазата, Таңатар ауылының тұрғындарына таза ауызсу тарату қызметін атқаруда. Бір ғана Шаян ауылына 24 сағат бойы 400 м3 ауызсу жіберілуде. Қапшағайдан келетін су 4 түрлі филтрден өтеді, одан соң суға қажетті қоспалар қосылып, су залалсыздандырылады. Алайда судың лайсаңдығы байқалуда. Оның себебі, су қоймасынан малдар, әсіресе жылқылар су ішіп, жағалауын таптап, лайлап кетеді. Бұл жағдай күніне бірнеше мәрте қайталанады. Сондықтан судың лайы тұнып үлгермейді. Ауа райының қолайсыздығы және жел тұрғанда лай су таза суға араласып, оны тазалауға филтрдің қауқары жетпей қалады. Сондықтан қойманың айналасы мал кірмейтіндей етіп қоршалуы қажет. Оны қоршау аудан немесе облыс емес, «Арал-Сырдария» мемлекеттік мекемесінің ұсынуымен Астанадан шешілетін мәселе. Ал Шаян ауылынан су торабын (скважина) салу үшін қайтадан қаншама қаржы кетеді. Одан гөрі ауызсуымызды ысырапсыз пайдаланып, лайлылығын тоқтатуға күш салған дұрыс.

Сұлтан Әзізханов, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары

– «Қапшағай» су қоймасының жағалауында 500 метр жерге құрылыс салуға, мал жаюға болмайды. Сонымен қатар қауіпсіздік аймағы су қоймасы жағалауынан 35 метр жерде болу керек. Дегенмен 2005 жылы «Шірікбаев» шаруашылығына жағалаудан 200 метр жерге қора салуға, мал жаюға рұқсат етілген мемлекеттік акт берілген. Ал шаруашылық егесі қора салып, жоңышқа егіп, бүкіл малын жайып, рұқсат етілмеген жағалауды ластауда. Осы ластанған суды бүкіл ауданның үш ауыл округінің халқы ауызсу мақсатында пайдалануда. Ол жерде жылқылар су ішкенімен қоймай, суды бүлдіреді. Соның айналасына жатады. Сондықтан су қойманы міндетті түрде қоршау керек.

Серікбай Тұржан, ҚР Журналистер Одағының мүшесі

– Ауылдың ауызсуының шешілмей келе жатқанына 15-20 жылдай уақыт болды. Тіпті, шаяндық Раушан деген қызымыз Елбасыға тікелей эфир арқылы осы мәселемен құлақтандырғаны есімізде. Осыдан соң көптеген жұмыстар атқарылды. Бірақ судың лайлылығы әлі де басылмады. Қапшағайдың суына малдың нәжісі араласса ештеңе емес, ол өйткені су астына тұнады немесе 30-40 метрден соң тазарып кетеді. Менің айтпағым бұл жерде малдың, ит-құстың жатуы да мүмкін. Адам өлімі де болды. Ең тиімдісі ауылдың 5-6 жерінен су торабын (скважина) жасап, халыққа жер асты суы берілу керек. Бұл жұмысты жасау әлі де кеш емес. Себебі, лай суды тазалаймыз деп, бірнеше миллион қаржыға тағы да бір аппарат әкелу керек болады. Одан қалса су «Қапшағайдан» бір құбырмен келгендіктен оның қысымы қатты болып, әр жерден жарылып, әлекке салып жатады. Ал 5-6 жерден су торабы болса, құбырлардың қысымы да азаятын еді. Сондықтан «Қапшағайдың» суын тек суармалы егістікке пайдаланғанымыз дұрыс.

Жалпы, «Қапшағай» су қоймасы Алғабас, Жамбыл ауыл округтері мен Шаян ауылының халқын ағын және ауызсумен қамтамасыз етіп отырған алып қойма. Ауылшаруашылығын өркендету үшін 1982 жылы салынған 34 млн текше метр су сиятын бұл қоймаға соңғы уақытта мемлекет тарапынан көптеген жағдайлар жасалуда. Яғни 2001 жылы «Қапшағай» су қоймасына күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлсе, ал 2007-2010 жылдары қайта қалпына келтiру жұмыстары қолға алынып, оған республикалық және облыстық бюджет есебiнен 1046 млн теңге жұмсалған. Нәтижесiнде «Комсомол» каналының 21,7 шақырымы темiр-бетонмен қапталып, 18 су қақпасы мен канал бастауының 1500 метрi қайтадан жөнделдi.  Алдағы уақытта арнаның тозған лотоктары мен 1556 гектар алқапты құрайтын iшкi жүйесiн күрделi жөндеу үшiн 2013 жылғы бюджет есебiнен қаржы қарастырылады деп күтiлуде.

Ағын су жүйесі реттеліп бір арнаға түскенімен, ауызсу мәселесіне қатысты судың тазалығы, қауіпсіздігі туралы ойланатын жағдайлар баршылық. Кезінде аудандық мәслихат депутаттары Шаян ауылының 5-6 жерінен бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, су торабын орнатайық деген бастама көтерген болатын. Бірақ та «Деграмон» қондырғысы мәселені шешеді, халық мұнтаздай таза су ішеді» делінген соң, ауызсуды тазарту үшін «Қапшағай» су қоймасының жанына 500 миллион теңгеден астам қаржыға Францияда шығарылған «Дегромон» қондырғысы қойылған болатын. Алайда, бұл қондырғы судың лайлылығын басуға қауқарсыздық танытты. Енді «Қапшағайды» қоршасақ, мәселе өздігінен шешілетін көрінеді. Ал ха-лық арасында «Қапшағайдың» суын тұтыну бойынша екіұдай пікір бар. Бірі «Қапшағайдың» суын тұтыну жеткілікті» десе, келесі бірі «су қоймасының суын егістікке пайдалану керек, ал халыққа жер асты суын берген жөн» деп есептейді.

Мұрат Нұрымбетов, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының аудандағы өкілі:

– «Қапшағайды» қоршау дұрыс, әрине. Ал оны сақтау жағын кімге тапсырамыз?! Оны қоршағаннан кейін сол аумақтағы шаруалар малын суғару үшін бір шетін ашып, біткен істі қайтадан бүлдіруі мүмкін. Қапшағайдың күзетшілері судың, қойманың қауіпсіздігін сақтау секілді шараларды бақылайтыны белгілі. Ал малды қайырып жатқан ешкім жоқ. Біздің мекемеге қоршау туралы ұсыныс түсуде. Оған 11 шақырымды қоршау үшін 30 млн-нан астам қаржы қажет, Ал «Қазсушардың» аудандағы өкілдігінде оған қаржы жетпейді. Бізге айлық есебінде, «Қапшағайдың» кем-кетіктерін жөндеу, жұмыс атқару үшін жүріп-тұру шығындарына жылына 6 млн теңге ғана бөлінеді. Басқа біздің қорымыз жоқ. Мүмкін қаржы қарастырылып жатса қоршаймыз. Одан бөлек су қоймасын күрделі жөндеуден өткізу үшін біз құны 400 млн теңгенің сметалық құжатын жасап, жоғарғы жаққа жіберген болатынбыз. Міне, екінші жыл, әлі де нәтиже болмай тұр. Негізінен біздің міндетіміз суды жинау, егістікке жеткізу, түсетін салықты бюджетке аудару. Ал ауызсу мәселесіне келсек, менің ойымша жер асты суына еш нәрсе жетпейді.

– Су қойманың түбінде тұрып, Қазата ауылында көктем мезгілінде болмаса, жаз айларында ағын су жетіспейді? Бұл мәселені шешу жолдары бар ма?

– Қапшағай су қоймасының Қазата ауылына арнайы ағын су алу үшін су сору құбыры тартылған. Бірақ қоймадағы су азайып, 18 млн текше метрге төмендеген кезде автоматты түрде су тоқтайды. Ол үшін сол су сору құбырына қосымша үлкен құбырлар орнатылып, жөндеу жұмыстары жүргізілу керек. Немесе Қазата ауылының үстінен өтетін ескі канал бар. Сол каналды осы ауылға шейін қайта қазып әкелу керек. Алайда оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Басшылар қолға алып, қаржы бөлінсе, шешілетін мәселе. Болмаса біз «Қапшағайдан» тікелей ағын су алып бере алмаймыз.

– Ағын суды егістікке жеткізуші сіздің мекеме болғанымен, оның ысырапсыз пайдалануына кім бақылау жасайды?

– Қызылорда қаласында орналасқан «Арал-Сырдария» мемлекеттік инспекциясының Шымкент қаласында бөлімшесі бар. Аудандағы барлық су көздеріне бақылау жасап, лимиттерді бөлу солардың құзырында. Осы мекеменің тарапынан біздің ауданға жылына 63 миллион текше метр суды пайдалануға рұқсат берілсе, оның 30 млн-ы «Қапшағайдан» алынады. Жылына осы су қоймадан 2,5 млн текше метр су ауызсу үшін, қалғаны 4200 гектар егістікті суғару үшін ағын су ретінде берілуде.

Бағлан БАЛТАЕВ