Арандату – арсыздардың ісі

Расын айтқанда, «діни экстремизм», «арандатушылық», «бүлік шығару» сынды әрекеттер біздің елде де жиілеп барады
Расын айтқанда, «діни экстремизм», «арандатушылық», «бүлік шығару» сынды әрекеттер біздің елде де жиілеп барады

Діннің жайы бұлыңғырланған бүгінгі қоғамда ел ішін қорқыныш, үрей елесі кезіп жүр. Батыстан ескен сұрқия саясаттың салқыны осылай деуімізге мәжбүр етуде. Расын айтқанда, соңғы кездері діни қақтығыстар мен арандатушылық әрекеттер тым көбейді. Елеңдеген ел-жұрттың күдігін қалай сейілтеміз? Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Расын айтқанда, «діни экстремизм», «арандатушылық», «бүлік шығару» сынды әрекеттер біздің елде де жиілеп барады. Өткен жылы тұғырлы тәуелсіздігімізді аста-төк тойлап жатқанда, батыс өңірдегі бұқара халықтың тулағаны есімізде. Жұмысшылар мен полицейлер арасында қақтығыс орын алып, қан төгіліп, шаруасын дөңгелетіп отырған мұнай-газ кәсіпорнының басшылары аяғынан тік тұрған-ды.

Кейіннен, насырға шапқан іске Елбасының өзі араласып, әрең дегенде екі жақ татуласқан. Арандатушылықтың әсері қандай боларын сол кезде жете түсінгендей болдық. Қақтығыс тек діни дүрдараздықтан ғана емес, әлеуметтік, экономикалық шиеленістерден де бұрқ ете қалатынын ұғындық. Мұнан бөлек, бүгіндері әлемнің әр қиырында мұсылмандарға күйе жағу, келекелеу сынды сорақылықтар өршіп барады.

Ислам әлемін дүр сілкіндірген «Мұсылман пәктігі» фильмі жекелеген арандатушылардың немесе қара ниетті жасырын ұйымдардың ісі екені түсінікті. Қойыртпақ фильмге ызаланған қаншама мұсылманның көз жұмғанын біреу білсе, біреу білмес. Абырой болғанда, біздің елде қарсылық дүмпулері тек БАҚ-та әлсін-әлсін үн қатулармен шектелді. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған бір топ дін ғалымдары халықты сабырға шақырып, абыр-сабыр болғанын білеміз. Шындығында, мұндай саяси һәм әлеуметтік қақтығыстардың астарына үңіліп көрсек, айрандай ұйып отырған халықты іштен ірітіп, іргесін сөгу ниетінің жатқанын байқаймыз.

Қоғамдағы сүреңсіз жағдаяттардың алдын алып, мәселені әділ түрде шешуді ойласақ, Ислам дініне жүгінгеніміз жөн. Шынайы мұсылмандар Алланың әміріне бойұсынып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисіне сүйеніп қана тығырықтан бейбіт түрде шыға алмақ. Яғни асыл дініміз кез келген мәселеде сабырға келіп, арамниеттілерге дипломатиялық түрде жауап беруді бұйырады. Әрбір арандатушы әрекетке кінәлілерді өлтіріп, туларын жағып, мұсылманға жараспайтын мінез көрсетсек, өз атымызға кір келтіреміз. Арандату, бүлік шығару – дінімізде ең ауыр күнәлардың қатарынан. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрім мен хадистерде дәлелдер жетерлік. Жаратушы Алла Құранның «Бақара» сүресінің 191-аятында: «Бұзақылық кісі өлтіруден қиын»,– деп, бүлікшіліктің адам өлтіруден де ауыр қылмыс екендігін баян еткен.

Сонымен бірге «Әл-Имран» сүресінің 200-ші аятында: «Әй мүміндер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ Аллаһтан қорқыңдар, әрине құтыларсыңдар», – дегені көп жайтты аңғартса керек.

Әлем халқын ынтымаққа, ауызбіршілікке үндейтін Ислам дінінде білім алудың орны ерек. Қандай да бір мәселеге үкім айтудан бұрын, әуелі ақыл таразысына салып, ой елегінен өткізу қажет. Міне, «жеті рет өлшеп, кесу үшін» де, Исламның қайнарынан сусындап, білім ізденуіміз ләзім. Өйткені, Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты «Оқы!» деуінен-ақ, білім дәрежесінің қаншалықты жоғары дәрежеде тұрғанын аңғарасыз. Сондықтан да құрметті мұсылман бауырлар, кез келген күрмеулі мәселеде сабыр серігіміз, білім қаруымыз болса екен. Арандап қалмай, сабырмен, іліммен Алладан жәрдем тілей білейік.