Шымкентте әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты бейбіт митинг өтті

146

Үшінші мегаполисте әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты бейбіт митинг өтті. «Наурыз» алаңына жиналған ақ жаулықты әжелер Мемлекет басшысы мен үкіметтен бұл проблемаға назар аударуын сұрайды. Өйткені, 55 жастан асқан нәзік жандылардың денсаулығы жұмысқа жарамайды. Әрі мұндай жастағы азаматшалардың екі қолға бір күрек табуы да қиын.

Наурыз алаңына жиналған шымкенттік бір топ әйелдер зейнет жасын 58-ге дейін төмендетуді талап етті. Айтуларынша, үкімет бекітіп отырған жас ақ жаулықты аналар үшін тым жоғары. Мұндай уақытта жұмыс табу да, еңбек ету де қиынға соғады.

Бибіажар Абилова, «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының белсенді мүшесі: «Біз 63-ке дейін зейнетке шықпай жұмыс істейтін болсақ, бізден кейінгі ұрпақ не істейді? Олар қандай жұмыс істейді? Жұмыспен қамту дәрежесі өте төмен болады. Сондықтан қазіргі мәселер жастарды жұмыспен қамту. Және әр әйел өзінің бейнетінің зейнетін көру керек 58 жастан бастап».

Зейнетақы реформасына сай 2027 жылы әйелдер ерлер секілді 63 жасында зейнетке шығады. Ал қозғалыс мүшелері мұның дұрыс емес екенін айтады. Өйткені, ешқашан ерлер мен әйелдер тең бола аламайды деп есептейді.

Аэлита Хасанова, «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшесі: «Мен өзім үшін өмір сүргім келеді, немерелеріме көбірек уақыт бөлгім келеді. Бірақ мен қазір жұмыс істеймін, мен үшін өте қиын. Денсаулық жарамайды. Жұмысқа деген қабілеттілгіміз де төмендеген».

ҚР Конституция күні қарсаңында өтіп жатқан бейбіт митингке қала әкімдігі тарапынан рұқсат берілген. Сондай-ақ, бұл шеру тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де болып жатыр. Бұл мәселені 2 жылдан бері көтеріп келе жатқан «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшелері үнімізді үкімет естісе екен дейді.

Шахзада Әлиева, «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшесі: «ҚР Конституциясының 11 бабының күшін жою. Неге? Өйткені, әйелдің зейнетке шығу жасын 63-ке бір-ақ көтеріп жатыр. Бұл әйелдерге, ақ жаулықты әжелерге жасалған геноцид деп түсінемін. Сондықтан да Тоқаев мырза, аналардың атынан осы заңнаманы қайта қарауыңызды, өзгертуіңізді талап етемін».

Еске сала кетейік, Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен ұлғайту 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Ол жыл сайын 6 айға өсіп отырады. Ал 2027 жылға қарай ерлердің зейнет жасымен теңесіп, 63 -ке жетеді деген жоспар бар.