Шымкенттік оқушылардан құралған «Бал өнер» тетар ұжымы жеңіс тұғырынан көрінді. Республика бойынша талантты, өнерлі әртістік қабілеті мол мектеп оқушылары арасында жыл сайын өтетін теарлық қойылым байқауында жерлестеріміз екінші орынды жеңіп алды.
Қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты шығармашылық бөлімінің театр үйірмелері қараша айының 6-сы мен 8- аралығында Астана қаласында өткізілген балалар театр өнер фестивалінде ең жас ұжым болып танылған. Он төрт облыс пен Астана және Алматы, Қарағанды қалаларынан қатысқан фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
«Жын бала, Мико мен қасқыр» атты комедиялық жанрдағы музыкалық балалар шығармасын қойдық. Авторы — Сұлтанәлі Балғабаев. Бұл музыкалық драманы орындау оңай болмады. Сол үшін үнемі сахнада дайындалдық,-дейді балалар.
Астанаға аттанбас бұрын талантты балалар өз облысымызда 70-ке жуық баланың арасында іріктеуден сүрінбей өтіпті. Тек содан кейін ғана бас қаламызға аттануға мүмкіндік алған. Бұл орайда оларды дайындаған ұстаздарының да еңбегі ерен.
«Екі ерке бұзық бала мен оның достары мысық пен күшік арасындағы оқиғалар желісі арқылы өрбіп отырған музыкалық драма тілінің жеңілдігімен, комедияға құрылғандығымен, балалардың оны жеңіл әрі ойдағыдай ойнап шыққандығымен ерекшеленді. Қазылар алқасы да балаларға «сендер сахнада өмір сүрдіңдер» деген үлкен бағасын берді»,- дейді шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Раушан Пірімбетова.
Бұл кішкетай әртістеріміздің алғашқы жеңісі. Алда талай сындар күтіп тұр. ондықтан ұстаздар да оқушылардың әртістік қабілетін дамытуда көп жұмыстар атқармақ.