Баласы үшін ата-ана жазаға тартылуда

«Гарант» дүкенінің маңы – қылмыстың ордасы
«Гарант» дүкенінің маңы – қылмыстың ордасы
«Гарант» дүкенінің маңы – қылмыстың ордасы

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстық жағдайлар толас-тар емес. Елді дүрліктіріп, көпшіліктің тынышын алған мәселе жақында облыс әкімдігіндегі алқалы жиында талқыланды.

Сала мамандары жеткіншектер арасындағы қылмыстың былтырға қарағанда 43%-ға өскенін алға тартып отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 269 ата-ана балаларының тәртіпсіздігі үшін әкімшілік жазаға тартылған. Жеткіншектердің қылмысы әсіресе, Сарыағаш пен Созақ аудандарында өршіп тұр. Жасөспірімдер қылмысының басым бөлігі көбіне ұялы телефон ұрлау фактілеріне қатысты болып келеді. Сондықтан Шымкенттегі ұялы телефон сататын «Гарант» дүкенінің маңы қылмыстың қайнаған ортасы ретінде облыс әкімінің сын садағына ілінді. Сала мамандары бұл маңайдың күндіз-түні полиция қызметкерлерінің бақылауында тұратынын айтып әлек. Алайда облыс әкімі тәртіп сақшыларына желтоқсанның соңына дейін күдікті орындарда ұялы телефондар сатылмауын қадағалауды тапсырды.

Бүгінде облыс көлеміндегі мектептерге арнайы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мұның өзі қылмысты алдын алу үшін жеткіліксіз болып тұр деген А.Мырзахметов сала мамандарына жүйелі рейд шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Заң қызметкерлері алқалы басқосуда жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудың статистикалық картасы ұсынды. Бұл карта қай мектепте қандай келеңсіз жағдай орын алғанын анықтауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта барлық аудан-қалалар осы жүйеге қосылуы тиіс. Күнделікті қылмыстар картада дер кезінде тіркеліп, нәтижесі анық көрініп тұрады. Оны тіркеу де көп уақытты алмайтын көрінеді. Мамандардың бір үміті — осынау жүйеде болып тұр қазір.

Түйін:

Өрекпіген өрім жастардың қылмысқа баруының себептері көп. Олардың психологиялық ахуалы, ата-аналарының бақылауында болмауы, ХХІ ғасырдың жетістігі компьютер мен интернеттің де «үлесі» мықты. Ал Батыстың бірқатар ұйымдары психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізіп, онда кез келген елде орын алатын зорлық-зомбылықтың басты себебі теледидардан келетіндігін анықтаған. Әр адам күніне орта есеппен бес-алты сағат теледидар алдында отырады. Осылайша «көк жәшіктен» басын алмайтын кез келген азамат бала жастан 18 жасқа дейін 14 мыңға жуық адам өлтіру эпизодтарымен теледидар алдында танысады екен. Ендеше, балаларымыздың қатыгез фильм тамашаламауын қалай қадағаласақ екен…