Айтыс тарихының арғы-бергісін ақтарып отырсаңыз, сол ортаның бет-бейнесін көз алдыңа алып келер не бір айтыс үлгілеріне жолығасыз. Соның бірі «Бай мен кедей айтысы». Сонда кедейдің көңіліндегі сөзі: «Сараңдық ахиретте сауап болмас, тән де бармас ол жерге мал бара ма?» дегенге саяды ғой баяғы.
Байекең де саспайды: «Еңбегі өтпей тұрып он тоқтыға, сұқтанып сұранғанның ісі құрысын» деп қайырады. Кетік тістен жылтыңдап кезек күтіп отырған кедейдің тілі де аянып қалмайды: «Еңбегім деп ойлама оның бәрін, қой жайып жүргеніңді көрген кім бар?» деп, ары қарай ол Алланың берген ризығы екендігін тарқата келіп, «жаяудың байда аты бар, ақсақтың сауда қақы бар» деп түйеді. Айтыстың аяғында кедей еңбек ететін, бай адал ақысын толық беретін болып мәмілеге келеді. Айтыста кім жеңді, кім жеңілдіден гөрі бастысы – айтыс барысында кедей байдың, бай кедейдің уәжін тыңдайды. Анығына жете, ақтарысып айтылған сөздерден кейін әр екі жақ та өз іштерінде қайнап жүрген «шындықтарының» артық жерін еріксіз алып тастап, пайдалы ортақ шешімге келеді. Сөйтсек, бұл айтыс екі жақтың да жағдайын ескере отырып ара-қатынасты ретке келтіріп алудың дана тәсілі, халықтың «шіркін, осылай болса ғой» деген арман-тілегінен туындаған асыл туындысы екен ғой!
Біз ұсынып отырған ОҚО-ның әкімі Асқар Мырзахметов пен ШҚО-ның әкімі Бердібек Сапарбаевтың Аяз ата, Жаңа жыл турасындағы айтысы да осы негізде туып отыр. Айтыс Бердібек Сапарбаевтың «Шығыс Қазақстанда Аяз атаның резиденциясын салсақ» деген жоспарын айтуынан шығып кетті. Ол кезде ОҚО-ның әкімі Асқар Мырзахметов «Тәуелсіздік мерекесі өтіп болмайынша, қалада бір де бір шырша орнатылмайды деген соң орнатылмайды» деп қаһарына мініп тұрған болатын. Енді айтыс болмай қайтушы еді?..
Редакция
Мырзахметов:
Ассаламуағалейкум елімізге!
Және де Бердібектей ерімізге!
Ойда-жоқта дегенің осы екен-ау,
Бұл біздің түсіміз бе, өңіміз бе?
Үлгілі әкімдердің бірі едіңіз,
Адал қызмет ететін еліңізге.
Бірақ та Жаңа жылда салам депсіз,
Аяз атаға сарай төрімізде.
Осыны түсіне алмай отырғаным,
Не қатысы бар оның тегімізге?
Жаңа жылды дәріптеп Қазақстанға
«Жаңалық» енгізейін дедіңіз бе?
Үлкен үміт күтемін келер күннен,
Ойымды жеткізейін өлең – жырмен.
Қазақы болмысың мен қаның еді,
Халықты қуанышқа бөлеп жүрген.
Тәуелсіздік тойында жаңа жылдық,
Дайындықтың барлығын шегердім мен.
Әйтпесе біздің елде адамдар көп,
Ұлттық даму үрдісін тежеп жүрген.
Шындығында ойлансаң қандай жаман,
Қоя берер шымырлап төбең бірден.
Шырайланып азаттық таңы атқанда,
Шыр айналып шыршаны безендірген.
Сапарбаев:
Бағалап еңбегімнің тері өтеуін,
Әңгіменің айттың-ау тоқ етерін.
Ол рас, сарай салам деген едім,
Бір жыртығын жамар деп берекенің.
Сарайды қоя тұршы алдыменен,
Мен бір жайды түзеуге кеңесемін.
Жаңа жылда жабыла арақ ішу,
Елде жайып келеді кең етегін.
Елді баурап алғандай көрінеді,
Ішу жағы дәл осы мерекенің.
Отшашумен ойнаймыз түсінбестен,
Ненің теріс, ал ненің оң екенін.
Отаршылдық ұрығын сепкен дерт қой,
Көріп келеді ел әлі көрешегін.
Сен енгіздің мен емес жаңалықты,
Ел біледі оныңның жөн екенін.
Сары шұнақ сары аяз болмағанда,
Мен-дағы «Аяз ата» демес едім.
Құрбан айт, Ораза айт пен Наурызды,
Тойлауға ықылассыз емес елім.
Қатары осылардың көбейгенде,
Асқаржан, сонда өзіңмен теңесемін.
Аязы жоқ отырсың оңтүстікте,
Бәсің биік болмасын неге сенің!?
Мырзахметов:
Елден сырды белгілі жасырмасым,
Әр ұлт өзі дәстүрін асылдасын.
Тәуелсіздік күні емес, жаңа жылға,
Дайындалдық бір кезде, шатылғасын.
Әрең жеткен қолымыз тәуелсіздік,
Берекесін ешкім де қашырмасын.
Сарай жайлы сұрап ем салынатын,
Аяз жайлы сөз айттың – ақылға сын.
Солтүстіктен ойысқан сары аязды,
Саясат деп түсінді әкім басым.
Түсінем ғой ол жайды десем-дағы,
Ойым қалай сарайды мақұлдасын.
Алпамысқа салып жатсаң құптар едік,
Көмек қолын созысып, ақылдасып.
Айтпасымды амалсыз айтып тұрмын,
Аяз сарай басымды қатырғасын.
Сапарбаев:
Ортасынан қақ жарып қара қылдың,
Сөзін айтып отырсың саналы ұлдың.
Алпамысты ойыма салғаныңда,
Келді есіме елесі бала күннің.
Ауылы қазақтардың отыратын,
Қойынын мекен етіп қара адырдың.
Біздерді ертелі-кеш елітетін,
Ерлігі Алпамыстай дара жырдың.
Шынында Аяз ата емес, өзім,
Алпамыстан зор тәлім ала білдім.
Аяз атаны не қылсын, балалары,
Алпамысты оқыса бар ауылдың.
Қазақтың ұрпақтары қай кезде де,
Қазақтан таба алады жан азығын.
Жаңа жылды өткеріп қазақша ғып,
Ешкімнің аттамай-ақ ала жібін.
Одан да артық етіп өткізермін,
Қазақтың Наурыздай жаңа жылын.
Ердің ері тұрады білесің бе,
Екі басын тең ұстап таразының.
Өскемен мен Семейім, күн болар ма,
Қазақтан көрінбейтін қарақұрым!
Елдің қамы ұйқыңды ұрлап кетіп,
Біраз істі тындырдың біржақты етіп.
Ұлтың үшін игі істер көп атқарып,
Ел алғысын ала бер, Мырзахметов.
Мырзахметов:
Әлі де талай-талай сұрақ турар,
Демеймін әр іс елге ұнап тұрар.
Аяздың ыңғайына көне берсең,
Аяғыңды үсітіп бірақ тынар.
Бердібек, қазақ үшін не істемедің?
Өсе берсін Семей мен Өскеменің.
Саясат дауылына шыдас беріп,
Басын бекем ұстарсың қос кеменің.
Қазаққа аяз әкім атанбайық,
Арбасын жар жиегіне апармайық.
Алпамысқа елітіп өскен ұлсың,
Қалтылдап қалып талай жатар қайық,
Қазақтықты оралту жолындағы,
Сапарың сәтті болсын, Сапарбаев!
Айтысқан, Таңжарық пен Сырым
Дерек көзі — «Айтыс» сайты: http://kazaitys.kz/kz/article/view?id=31