Оңүстік жастары ғалым, қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, «Ақ жол» партиясының белді мүшесі Амангелді Айталымен кездесті. Басты тақырып — биыл Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 95 жыл толуы. Кездесу кеші аясында жастар көкейіндегі сұрақтарды қойып, Қазақсатнның тәуелсіздігі турасында оймақтай ойларын жеткізді. Облыстық «Жастар орталығы» ғимаратында өрбіген жиын 4 сағат бойы жалғасты. Жастолқын Алаштың аптал азаматтары жайындап да сөз қозғады. Байқағанымыз, Амангелді Айталы ағамыз биліктің төңірегіндегі сауалдарға да шімірікпей жауап беріп отырды. «16 желтоқсан – мереке ме әлде азалы күн бе?» деген тақырып та кеңінен талқыланды.
Амангелді Айталы, ғалым-қайраткер: «Жаңа ғана жастармен кездесуге келмей тұрып, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониядағы конференцияда болдым. Кеңес өте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған және жоғары деңгейде өтті. Өзі «Алаш» деген ұғымның тамыры тереңде ғой. Сондықтан бұл күні зерттелген ғылыми еңбектер мен «Алаш» ұғымына жан-жақты зерттеліп-қортындыланған мақалалар ұсынылды. Ал бір өкініштісі біз әлі күнге осы Алаш азаматтарына құрмет көрсете алмай жүрміз деп ойлаймын. Себебі, қазіргі өскелең ұрпақ, билік басындағы жаңа толқын арасында да тіпті бұл тұлғаларды білмей өскендері бар. Бұл орайда мен оларды кінәлайын деп отырғаным жоқ, себебі «Алашордашылардың» еңбектері тұтқында болды, аттары аталмады. Аталса да оларды бір жексұрын етіп көрсетті. Сол салқындықтың салдары әлі де бар-ау деп ойлаймын. Олай дейтін себебім, мынау көше, мектеп немесе белгілі бір мемлекеттік нысандарға ол «Алаштың ардақтыларының» аттары жөндеп берілмей немесе олардың өміржолы мен жасаған еңбектері Қазақсатнның тарихында да түгенденбей келе жатуы да осының дәлелі ғой. «Алаш» зиялыларының алдында біз әлі үлкен міндетіміз бар екенін білуіміз керек. Ал 16 -желтоқсанды азалы күн деп қабылдамау керек, сәйкесінше мереке деп қабылдаған жөн болар. Жақсылыққа жориық. Тәуелсіздік күнін азалы күн деп айтудың қажеті жоқ. Боздақтар еске алынар, тарихтың өткені еске алынар алайда біздің тәуелсіздігіміздің де айрықша аталып өтілуі заңды. Сондықтан біз осы жағынан қабылдап, тәуелсіздік мерекесі ретінде қарастыруымыз қажет дер едім. Сонымен қоса, Тәуелсіздіктен қасиетті ештеңе жоқ! Бұл біздің ұлтымыздың тірегі, жүрегі! Мәселен, шырша деген дүниеге мүлдем жаным қарсы. Ол шырша Исус Христустың есімімен байланысты ғой. Әрине біз мұны сыйлаймыз. Бірақ Тәуелсіздіктің орны бәрібір ерек! Оңтүстік өңірі біздің Қазақстанға өнеге көрсетер өңір болуы дұрыс осы орайда. Себебі, тағы бір рет айтайын Тәуелсіздік өте қымбат! Біздің мемлекет әлі де жас мемлекет болғандықтан осы тәуелсіздік тойын тойлауды дәстүрге айналдыра алмай отырған жағдайымыз бар. Енді бірте-бірте ол дәстүрге айналып, санамызға сіңеді. Жаңа жыл меркесін кейінге қалдырып, тәуелсіздікті тойлау дегеннің өзі бір тамаша ғой».
Оңтүстік жастары мен Амангелді Айталының жүзбе-жүз кездесіп, сауалдардың да ашық түрде өрбуі кештің көркін кіргізді. Бәрінен бұрын қоғам қайраткерінің жастар алдында ақтарыла айтқан әңгімелері ғасыр кейіпкерлерінің болашағна бағдаршам болары анық.