имплант аппарат тіл бітірді
имплант аппарат тіл бітірді
имплант аппарат тіл бітірді

«Құлағы естімейтін балаларға аппарат орнатады екен» деген жаңалықты естіп, облыстық балалар ауруханасының сурдоорталығына бет алдық. Есік аузында топ адам тұр, топ деймін-ау, тым көп адам. Жетектерінде де, етектерінде де балалары бар. Ол балалардың барлығы да саңырау. Көрер көзге ауыр екен. Сүйкімді балақайлардың «ым» тілімен сөйлесіп тұрғандары да жанға батты.

Рұқсат сұрап ішке ендік. Сурдолог маман отырған бөлмеге еніп, қабылдауындағы 7-8 жас шамасындағы қыз баланың сыртынан бақылап отырмыз. Қыз баланың басына сым тетігі бар құралды орнатып, компьютер арқылы түрлі дыбыс-тарды шығарып отыр. Баланың екі көзі дәрігердің қолында. Әр дыбыс шыққан сайын, қолын үстелге ұрып, тықылдатады. Бала дәрігердің қимылын қайталап отыр. Демек, есітеді. Бұл тексерістен кейін сурдолог баланың анасымен ұзақ сөйлесті. «Операция жасалды. Балам сөйлеп кетеді деп ойлаған боларсыз, жоқ!» дейді зілді үнмен. Баланың анасынан бұрын, бұл сөзден мен шошып кеттім. «Балаңыз сөйлеу үшін жаттығуыңыз керек, күндіз-түні, талмай-тынбай, жалығып-жабықпай. Әр әріпті, әр буынды айна алдына отырып, мұқият жаттығыңыздар» деп сөзін жалғады. Көңіліміз жайланды-ау, үміт бар екен. Жүзі салқын дәрігер жолдама жазып, бұларды логопед-дәрігерге жөнелтті. Кезекте тұрған келесі баланы шақырды. 3-4 жас аралығындағы ұл бала күлімсіреп келіп, дәрігердің алдына жайғасты. Оның да құлақ қалқанына дөңгеленген құрылғы орнатылыпты. Қолын созып, дәрігерге «сә-ле-мет-сіз-бе, а-ғай!» дейді. Сұп-сұр болып отырған дәрігердің жүзі бірден жылып, баланың кіп-кішкентай алақанын сілкілей ұстап ұзақ тұрды. Анасы да бақытты. Көзіме еріксіз жас үйірілді.

Марат Дәуменов, республикалық есту қабілетін оңалту орталығының директоры

– Орталық  мүгедектерге сурдологиялық және сурдопротездік  көмек көрсету мақсатында құрылған. Аталған бағытта біз әлеуметтік жағынан маңызы зор кәсіпорын болып табыламыз. Медициналық көмекті емес, кохлеарлық отадан кейін туындайтын мәселелерді шешуге көмектесеміз. Сонымен қатар имплантация отасына емделушілерді сұрыптау, психологиялық-педагогикалық оңалту сынды жұмыстармен айналысамыз.

– Операцияны қашан жасаттыңыздар? –деді дәрігер жұмсақ үнмен.

– Бір жыл бұрын. Реабилитациядан Алматыда өттік, үйде айналыстым, – дейді баланың анасы мақтана сөйлеп.

– Жақсы. Өте жақсы! Логопедке барасыздар ма?

– Иә, барамыз. Енді Алматыға бармайтын болдық, айына 2 реттен барып, әуреге түсіп едік, енді орталық ашылып, қуанып жатырмыз. Мұнда алғаш келуіміз, – дейді ана дәрігерден көз алмай.

Әрі қарай сурдолог дәрігер баланың құлағына орнатылған құрылғыны компьютерге жалғап, аппараттың қызметін тексерді. «Жұмыс жасап тұр» деген қорытындымен оларды да логопедке жөнелтті.

Енді ота туралы айтайық. Жыл бұрын Қазақстандық дәрігерлер есту қабілеті дамымаған науқастарға дыбыс тануға мүмкіндік беретін кохлеарлық операцияларды жасай алатын болды деп сүйінші сұрап едік. Аталған ота оң нәтижесін беріп келеді. Кәдімгі есту аппаратынан әлдеқайда тиімді сандық имплантатқа деген қажеттілік қазір үлкен. Тек Астананың өзінде ғана мұндай операция жасату үшін кезекте 400-ден аса адам тұр. Осы уақытқа дейін сырқаттар кохлеарлық операцияны шетелде жасататын. Онда да шама-шарқы жеткендер. Енді операция әлдеқайда қолжетімді болды. Алматыда, Астанада жасалады. Шетелде мұндай операция 40-50 мың евро тұрады. Ал бізде ол бұдан бес есеге дейін арзан екен. Оның үстіне квота арқылы тіпті ақысыз жасатуға да болады. Бұл операция осыдан оншақты жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда фантастика тәрізді көрінетіні рас. Мұндай қиын операцияға төрт сағатқа дейін уақыт кетеді. Қазіргі есту құралын кейбіреулердің құлағынан талай рет көрген боларсыз. Сол кездері оның өзі үлкен жаңалық болып есептелетін. Ал біз айтып отырған сандық аппараттың одан айырмасы жер мен көктей. Ең бастысы ол дауысты күшейтіп қана қоймайды, іс жүзінде адам ағзасындағы семіп қалған есту рецепторларын алмастырады. Кішкентай ғана чип түріндегі ол құлақ ішіне асқан ептілікпен енгізіледі де электрлік толқындар арқылы есту жүйкесіне былайша айтқанда «жан бітіреді», соның арқасында адам есту қабілетіне қайтадан ие болады. Оның үстіне бұл аппарат бұрынғыдай емес, өте қолайлы, тіпті көрінбейді де және бір салынған соң адамға өмір бойы қызмет етеді. «Операция жасаған адам бірден сөйлеп кете ме?» Отадан кейін адамды қалыпты өмірге қайтару қиын. Әлгі іске қосылған чиптің құлақ күйін оның иесіне қолайлы дыбыс диапозонына келтірудің өзі оңай шаруа емес. Одан кейін ол адаммен сурдопедагогтар айналысып, оны қалыпты естуге және сөйлеуге жаттықтырады. Әлбетте адам көбіне түк естімегеннен кейін барып керең болады. Бұл біршама уақытты қажет ететін күрделі жұмыс. Саңырау құлақ емделді. Енді одан да күрделі мәселе тұр. Ол емделген құлақтың ендігі халі. Кохлеарлық имплантация операциясы елімізге жеткенмен, оның жалғасы болып табылатын бейімдеу ісі, терминшелесек, «реабилитация» Қазақстанға жетпей жатқан еді. Тәубе! Бұл мәселе де шешімін тапты. Логопед-дәрігердің кеңесін алу үшін Алматыға сабылатын азаматтар енді ұзақ жол жүрмейді. Оларға бұл жағдайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен құрылған «Республикалық есту қабілетін оңалту орталығы» жасап отыр. Қазіргі таңда орталықтың 14 облыстық және 3 қалалық бөлімшелері бар. Соның бірі Шымкенттен ашылды. 12 желтоқсаннан бері облыстық балалар ауруханасымен бірге облыстағы есту қабілетінде ақауы бар балаларға кохлеарлық имплантациядан кейін есту протездік көмек көрсету, оңалту, сөйлеу процессорын қалпына келтіру бойынша алғашқы жұмыс жобасын бастап кетті. Облыста кохлеарлық ота жасатқан балалардың жалпы саны 69 екен. Ал еліміз бойынша мұндай отаға 500-ден астам бала зәру. Бұл ресми дерек. Ал тәуіп пен бақсыны аралап, есепке алынбай жүрген балалар қанша…

Ғалия Мұсақызы, №2 естімейтін балалар мектебінің сурдо-педагогы

– Біздің интернатта 120 бала білім алады. Оның 21-не кохлеарлық имплант орнатылған, яғни олар дыбыс естиді. Ота жасатқан бала әлбетте өзгереді. Тынымсыз қалыпқа енеді. Бұл түсінікті де, себебі бала түрлі дыбыстарды естиді, өз ойына сыйдыра алмайды. Ал біз сурдопедагогтар оларды үйретуіміз керек. Тілсіз дыбыстарды ажыратып, айыруына дағдыландыруымыз керек. Мысалы, телефонның қоңырауы, сиырдың мөңірегені, адамның жөтелгені сияқты дыбыссыз белгілерді жаттап алулары тиіс. Ал сөйлеу жағын, әрине, логопед мамандар шешеді. Бұрын ата-аналар балаларын апталап, айлап Алматыға алып кететін. Имплант жұмысын жүйелеу бойынша. Ал мына орталықтың ашылғаны тым жақсы болды. Енді бала мектеп бағдарламасынан қалмай білім алып, сабақтан қол үзбейтін болды.

Осы тұста саңырау балалардың ата-анасының жауапкершілігі туралы айтып кеткен жөн. Баласына операция жасатар алдында ата-анаға да сабақ өткізу қажет. Бұл өте күрделі мәселе. Неге десеңіз, баласының денсаулығынан бұрын оның мүгедектігінен түсетін азын-аулақ ақшаны қымбат көретін ата-аналар да табылады. Өкінішті-ақ… Олар емделіп шыққан баласын бейімдеуден бас тартып жатады. Бұл әлбетте, дұрыс емес. Операциядан шыққан балаларды сауықтыру мен әлеуметтік бейімдеуде оларға сурдопедагогтың көмегі аса қажет. Ал Қазақстан бойынша сурдологиялық кабинеттердің саны бар болғаны – 14. Ал жаңасын ашуға заң рұқсат бермейді. Өйткені «Лицензиялау туралы» заңның 26-бабында «сурдология» мамандығы көрсетілмеген. Яғни сурдологиялық кабинет ашқысы келген жан табылып жатса да, оған мемлекет заң жүзінде рұқсат бермейді деген сөз. Осы орайда жаңа құрылған орталықтың қызметі өте маңызды. Квота арқылы отаны жасатып алып, қол қусырып отыра беретін ата-аналар үшін де қажеті мол бұл орталықтың. Бауыр еті баласын шуы мол әлемге үйретіп, дыбыстарды түсіндіру ең алдымен ата-ананың міндеті. Дәрігер баламен небәрі 40 минут айналысады. Ал ата-анасы баламен 24 сағат бірге. Бұл дегеніңіз – баланың басты ұстазы – ата-анасы.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА