«Дүниежүзілік ЖИТС -ке қарсы күрес». Қаламыздағы орта мектептер арасында осылай аталған айлық акция қолға алынған. Аты суық дертке қарсы бағытталған шара «Біздің мақсатымыз СПИД-ті тоқтату!» ұранымен сабақтасты. Ал бұл күні №24 С.Ерубаев атындағы мектепте кең көлемді акция болып өтті. Ауқымы кең шара аясында мектеп оқушылары түрлі тәрбиесі мол көріністер мен мысалдар ұсынды. Адамды адамдық қалыптан айыратын ғасыр індетінің соңы өлімге әкелетіні де ашық боямасыз баяндалады.
Гүлжан Әмірқұлова, ОҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының маманы: «Бұл атаулы шараның мән-маңызы зор. Себебі бұл жиында біз бұл індеттің пайда болуы мен жұғу жолдарын бүге-шігесіне дейін баяндаймыз. қарсы тұру шараларын да анық көрсетіп, түрлы мысалдар да өмірден алып тұрып көрсетіп жатырмыз. Кез келген болашағым жарқын болсын деген жас бұл пәлеге ұрынбауы қажет. Сол үшін де біз түсіндірме жұмыстарын жүргізуді жалғасытырып жатырмыз. Дәл қазіргі уақытта 13-30 жас аралығында біздің елімізде бұл дертке шалдыққандар көп. Сондықтан біздің акциямыздың пайдасы тиіп, қауіптің алдын алады деген сенім мол. Ең жастар өз жолынан адаспаса болғаны!»
Акцияға қалалық білім бөліміне қарасты жалпы саны 83 орта мектептердің 10 сынып оқушылары арасынан 10 оқушыдан, аталған мектеп мұғалімдері, облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күресу орталығының мамандары қатысты.
Бүгінде АИТВ жұқтырған адамдардың саны күн санап артып жатқаны жасырын емес. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сай әлемде аты суық дертті жұқтырған адамдардың саны 34 миллионға жуық, бұл 2001 жылға қарағанда 17 пайызға жоғары болуда. Қайтыс болғандар саны 1,8 миллионға азайған, бұл көрсеткіш 2000 жылдың жартысында 2,2 миллионды құраған екен. Ал Қазақстанда Республикалық СПИД орталығының мәліметтері бойынша АИТВ инфекциясы таралуының жоғары көрсеткіштері Алматы қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарында тіркелуде. 2012 жылдың 1-қыркүйегіндегі жүргізген сынамаға сәйкес, АИТВ жұқтырғандардың жас топтарына қарай жұқтырудың жоғары деңгейі 20-29 жас аралығында — 42,6 пайыз, 30-39 жас аралығында — 34,4 пайыз, жалпы 20-39 жас аралығында — 77 пайыз құрауда.
Айгүл Әзбекова, №54 жалпы орта мектептің оқушысы: «Ия, бүгінгі акцияны қолдаймын. Себебі дәл
қазіргі уақытта еліктеушілік басым. Алайда еліктеп жүріп от басқандарын білмей қалатыны да бар. Сондықтан АИТВ дертіне қарсы күрес акциясының осындау кең ауқымда өтуі өте дұрыс деп білемін. қазір достарымыз және сыныптастарымыз көрініс қойдық. Шағын қойылымнан алған әсеріміз де бөлек болды. Ең бастысы біз бұл дерттен бойымызды аулақ ұстаймыз. Достарымызға да берер кеңесіміз осы! Осы айда көптеген сынып сағаттары мен ауқымды іс шаралар өтті».
Аралбай Бақдәулет, №14 жалпы орта мектептің оқушысы: «Бүгін өзге мектептердегі замандастарыммен бірге АИТВ ауруына қарсы тұру шараларын өткіздік. Достарымның бұл ауруды жек көретінін көріп қуанып қалғанымды да жасырмаймын. Ұстаздарымызға да мың алғыс! Жастардың өтпелі кезеңдерінде жалғыз тастап кетпей түсіндірме жұмыстарын оңтайлы жүргізіп жүр. Сондықтан ел ертеңі — біздер оң жолдан ешқашан да адаспаймыз деп ойлаймын. Ал мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс, сонда ғана сауатымызды жетілдіріп, жаман әрекеттен бойымызды аулақ ұстайтынымыз анық. Ендеше, достар салауатты өмір салтын ұстанайық дегім келеді!»
Жастардың мінез-құлқы мен әрекеттеріне баса назар аударып, түсіндірме жұмыстарын дер кезінде жүргізуге арналған айлық акция желтоқсан айының соңына дейін жалғасын табатын болады.