Шымкентте ешқандай құжаты жоқ ана екінші сәбиін дүниеге алып келді. Еш жерде тіркелмеген Аида Асанәлиева облыстық перзентханада аман-есен босанып алды. Қолында сәбиінің ғана емес, өзінің туу туралы куәлігі жоқ келіншек тұңғышын киіз үйде, көршілердің жәрдемімен, дәрігерлік көмексіз босанғанын айтады. Бұл жолы шарананың салмағы ауыр болмағанда перзентханаға келмес те едім дейді ол.
Задария елдімекенінің тұрғыны Аида Асанәлиеваның дүниеге келгелі құжат атаулысы болмаған. Туған анасы тастап кеткен Аида ағайын- туыстан да жұрдай. Жастайынан жетімдік көріп өсіп, сауатын жөнді аша алмаған Асанәлиеваның құжатты құнттауға да жағдайы болмапты.
«Анам тастап кеткен. Өзімнің құжатым болмаған. Оны туралап жататын жағдайым да жоқ менің. Тұрмысқа шығып, етегінен ұстаған ер азаматымның да жолы болмағыш боп кезікті. Оның да жайы мәз емес. Қайда, қашан нәпақа табарымызды бір алла өзі біледі. Тұрықты тұрағымыз жоқ. Қазір Арыс жақта тұрамыз. Айдаладағы ауыл. Қой бағамыз. Тұңғыш қызым 5 жаста. Оның да туғалы құжаты болмаған. Бірде бір рет дәрігерге көрініп, ешбір екпе жасатпағанбыз»,-дейді Аиданың өзі.
«Мен қатарлы босанған келіншектердің бәрі үйлеріне қайтты. Менің де үйге барғым келеді қызымның қасына. Мені іздеп келіп, біздің қамымызды жейтін бір жан жоқ. Жайымның не боларын білмеймін»,-дейді жас ана.
Жас босанған ана екінші сәбиімен перзентханадан шыға алмайды. Ал облыстық перинаталды орталығының мамандары мұндай жағдай бұрын-соңды кездеспеген деп отыр. Бірақ қалайда дені сау ана мен бала үйіне оралуы тиіс.
Салтанат Аққошқарова, облыстық перинаталды орталықтың бөлім меңгерушісі: «Мұндай жағдай бізді бірінші рет болып отыр. Енді Аиданың ақпаратын полицейге хабарлаймыз. Перзентханадан шығарамыз әрине. Тек екі айдың ішінде ата ана құжаттарын рәсімдеу керек».
Енді құжаттан тұл Аида жеке басының куәлігін сот арқылы ала алады. Тіпті бес жасар қызының да туған анасы екенін дәлелдеуі тиіс.
Дина Балтабайқызы, облыстық Әділет департаментінің бөлім бастығы: «Алдымен Аида Асанәлиеваның туу туралы куәлігін растап, сосын жеке бас куәлігін алу қажет. Балалардың анасы екндігі де сот арқылы дәлелденуі керек. Заң талабы солай».
Халық санағы кезінде 1987 жылы туылған тұрғын тіркеуден неліктен шет қалғанын облыстық әділет басқармасының мамандары да түсіндіріп айта алмайды. Жеке бас куәлігі түгілі, өмірінде туу туралы куәлігін қолға ұстамаған келіншектің жағдайы мұндағыларды да қайран қалдырған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=DV7yX6KX7pI[/youtube]