9 айдан бері 10 қабатты үйдегі пәтерлеріне жаяу шығып жүрген тұрғындар жанжал шығарды. «Нұрсат» шағынауданындағы №213 үй үстіміздегі жылдың мамыр айында қолданысқа берілген болатын. Содан бері мұнда лифт істемейді. 54 пәтерге қоныстанған жерлестеріміз шағымдарын арқалап бармаған жері, қақпаған есігі қалмаған.
Мамыр айында көптен күткен пәтерлеріне қолдары жеткен жерлестеріміз баспана емес, басымызға бәле тілеп алдық дейді. Үйдің жоғарғы қабатында шығып-түсу тұрғындар үшін қиямет-қайым. Себебі, мұндағы лифт бір күн де жұмыс істемеген.
«Шымкент лифт» мекемесі тұрғындармен келісім-шарт жасаған. Бірақ лифттің не себепті қимылсыз тұрғанын ешкім айта алмайды. Жығылғанға жұдырық дегендей, қозғалыссыз тұған лифтті қойғанда мұндағы баспалдақтар да қауіпті дейді тұрғындар. Төселген плиталардың көбісі қираған, ал сау қалғаны тайғанақ.
10-қабатта тұратын Гүлжан Байпақова ай сайын аузынан жырып қарызын төлейді. Үш бөлмелі пәтердің несиесі 40 мың теңгені құрайды. Ал сол пәтердің төбесінен су тамшылап, қабырғалары жарылған. Бүгінгі кездесудің қорытындысы бойынша үйді тұрғызған мердігер «Шұғыла» ЖШС-гі баспалдақтарды жөндеп, шатырдан аққан суды тоқтатуы тиіс. Ал Әл Фараби аудандық әкімдігі лифтің іске қосылуына жауапты. Қала әкімінің орынбасарының шегелеп берген тапсырмасы осы болды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-pIV33GPqtg[/youtube]