Жекеменшік балабақшаның қызметкерлері жалақысына қол жеткізе алмай жүр! Бала тәрбиелеушілердің шағымданып бармаған жері жоқ. Болмаған соң бір әділдік болар деп, тілшілерге келіпті. Ал балабақша басшылығы біздің ешқандай қарызымыз жоқ дейді.
Айжан Исламханова «Ұлас»балабақшасына екі ай бұрын ағылшын тілі пәнінің оқытушысы болып жұмысқа кірген. Содан бір емес бірнеше маманның қызметін атқарып, жалақысын ала алмаған соң жұмысынан шығып кетеді.
Айжан Исламханова: «Мен одан басқа нәрсе сұрап жатқаным жоқ. Екі айдан бері табыс кірмеген үйде қандай береке болады. Менің де үш бала-шағам бар. Оларға тамақ керек. Сондықтан да жалақымның берілуін сұранамын. Онсыз да денсаулығым нашар. Үш баламды кесіп алған. Оның үстіне түнімен қоңырау шалып, мені қорқытады».
Ал 58 жастағы Мейізгүл Омарбекова аспазшы болған. Балаларға беріп жатқан тамақтарының сапасыздығын айтамын деп, басшыға жақпай қалыпты.
Мейізгүл Омарбекова: «Менің істеген тамағым ас мәзіріне сәйкес келмейді. Диет медсестрасы болмаған соң, қыздарға жаздырып алады. Олар менімен санаспай, ас мәзірін ата-аналарға әдемілеп жазып қояды. Мен де ондай азық-түлік жоқ. Барымен тамақ береміз. Бір тауық етімен 57 баланы тамақтанадырамыз. Осыны айтамын жақпай қалдым».
Бұлар тағы да онға тарта қызметкер жалақысын ала алмаған күйі жұмыстан шығарып жіберілген. Олар күнара бас қосып, балабақшаның басшысынан еткен еңбектің ақысын сұрайды. Алайда меңгеруші ешкімге жалақыдан қарызым жоқ деп отыр.
Балжан Ақпанбетова, «Ұлас» балабақшасының меңгерушісі: «Айлығын алып кеткен. Енесі де алып қойған. Маған олар ше барлық орындарға жазып шықты. «Надоел» болатын адамдар ғой. Жұмыстың жылдық жоспары жоқ .»
Алайда, бұл мекеменің басшылары бір емес, төрт бірдей қызметкерге қарыз. Мұны облыстық еңбек инспекциясының мамандары растап отыр.
Ғабит Ақбердиев, облыстық еңбек инспекциясының инспекторы:»Қазан айында «Ұлас» балабақшасының қызметкерлерінен түскен арыз бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында бірнеше азаматқа, оның ішінде Исламхановаға жалақы қарыздары бары анықталды. Ол жөнінде 30-қарашаға дейін жалақы қарызын төлеуге нұсқау беріліп, 100 айлық есептік көрсеткіш ретінде әкімшілік айыппұл салынған».
Осы оқиға аяқталмай жатып, соңы жол апатына ұласты. «Ұлас» балабақшасының маңында жалақысына шағымданған тәрибешіні көлік қағып кеткен. Куәгерлер көліктің рөлінде балабақша меңгерушісінің өзі отырды дейді. Ол әйелдің жолдың шетіне шыққанына қарамастан қағып кеткен.
Сол маңдағы адамдар тездетіп жедел жәрдем көлігіне хабарласқан. Олар келіп, алғашқы көмектерін көрсеткен соң жәбірленушіні ауруханаға алып кетті.
Куәгер: «Қағып кеткен соң бардық. Көлігінде қолдардың іздері, яғни қаққанның белгісі бар. Оны суретке түсіріп алдық. Көліктің
маркасы-мазда, мемлекеттік нөмері-339. Айтсақ, өзіне сауап, сол керек деп отыр».
Ал біраздан кейін табылған балабақша бастығы бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін айтты.
Балжан Ақпанбетова, «Ұлас» балабақшасының меңгерушісі: «Оған менің еш қатысым жоқ. Өздері бәлеқор адамдар. Менде істеймін жұмысымды».
Қазір осы оқиға бойынша құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.