Не үшін дейсіз бе?
Тәуелсіздік күні жақындап қалды ғой.
Үш күн тойлаймыз.
Мереке қарсаңында міндетті түрде ию-қию іс-шаралар ұйымдастырамыз.бИыл да осы үрдісімізден жанылған жоқпыз. (Соны ұйымдастырып жүргендердің көбі «осыны атап өтіп құтылсақ екен , шаршап кеттік қой» дейтініне мен бәс тігемін!) Әсіресе, кітапханашылар «шаршайды». Айтпақшы, олар қазірдің өзінде журналистерден көмек сұрап жатыр. «Желтоқсаншыларды қалай табамыз, танитындарыңыз бар болса айтыңыздаршы» дейді. Кездесу өткізуі керек. Мектепте де солай. Желтоқсан көтерілісіне орай желтоқсаншыларды шақырып кездесу өткізу…қай жылдан бері үрдіске енгенін ұмытып қалдым, бірақ осы бір іс-шара дәстүрге айналғалы біраз болды. Сосын…
Үш күн өтеді.
Біз желтоқсаншыларды ұмытамыз.
Олардың көбі денсаулықтарын ызғарлы, аязды 86-ның желтоқсанында, Алматыда, Мұз үстінде қалдырғанын да естен шығарамыз. Олардың тән жарасы жазылғанымен жан жарасы жазылмастай көкіректерін кек пен ыза кернегенін де көбіміз түсінгіміз келмейді. Ауру. Бастарына темір арматурамен ұрған. Бүйректеріне керзі етікпен тепкен. Арулардың айтсаңызшы?! Бала сүю мүмкіндігінен айрылған қанша қыздың тағдыры тәлкекке түсті. Арасында мүгедек болып қалғандары қаншама. Жұмыссыз жүргендері де жетерлік. «Желтоқсаншылар болғаны үшін» деп әлеуметтік көмек көрсетілмейді оларға. Тым болмаса, тегін медициналық тексеруден өтуіне, денсаулықтарын түзетіп алуына, квота беріп, бүйрегін, бауырын емдеуге көмектессекші-ай?! Жалаулатқан құрғақ сөзбен жұбатамыз жыл сайын. Ұлт болашағы үшін күрескендерге нақты көмек көрсете алмай келеміз-ау әлі де.
Жоқ, біз кездесеміз.
Кездесу өткен соң оларды ұмытамыз.
Өз дерттерімен шерлі болып кете барады олар да.
Сұрамайды.
Олардың рухы биік.
Намысшыл.
«Маған көмектесіңізші» деп олар ешқашан жалынбайды бізге. Мүсіркеуді жек көреді. Өз басының мүддесінен гөрі ұлттың мүддесін жоғары қояды. Сол үшін де кезінде жазықты болды. Қуғында жүрді. Сол жылдары тіпті туған ата-анасы мен бауырларынан жұбаныш таппағандары қаншама. Еңсесін тіктеп енді ғана оңалып келеді. Тек…денсаулықтары мұз үстінде, аязды желтоқсанда, Алматыда, бас алаңда қалып қойды. Сатқындықты көргендіктен, көздері қарауытып, жақсылыққа сенуден қалған, үміті үзілгендері ілбіп-басып жүргендірі бар арамызда. Қайтпас қайсар кейбірі қайтыс боп та кетті осы күнге жете алмай. Біз оларды да ұмыта бастағандаймыз.
Құрметтеу сиқымыз осындай. Тәуелсіздікке тәу етеміз, шүкіршілік айтып, тәубеге келетініміз де орынды. Үш күннен соң ұмыта бастайтынымыз жаман.
Айтпақшы, желтоқсаншылардың сапынан осы күні кезінде «нашақорлар мен алқаштардың қатарына қосылғандар» деп өз студенттерін кінәлаған институттың декандары, проректорлары табылатын болыпты.
Қызық.
Екіжүзділікпен өмір сүру оңай болғаны ғой.
Тиімдірек.
Кітапханашылар желтоқсаншыларды іздеп жатыр.
«Кездесу өткіздік, түген желтоқсаншы келді» деп есеп беру үшін!
Бәлкім бұған да шүкір деу керек шығар! Мүлдем ұмытып кетсе қайтіп ек…
Таңқаламын!
Желтоқсаншыларды неге дәрігерлер іздемей отыр?! «Келіңіздер, біздің емхана сіздерге толқы тегін көмке көрсетіп, бүрегіңізді емдеп береді», «Желтоқсаншыларға медициналық көмек көрсету тегін!» деп айтпай нағып ортыр олар?!
«Мемлекеттік емхана, ауруханалардың бәрінде медициналық көмек тегін ғой, онсыз да…» деп езеуремей-ақ қойыңыз. Мұның барлығы өтірік екенін Сіз бен біз жақсы білеміз ғой.
Тым болмаса Ұлтының тапталған намысын жалаулатып, 86-да, желтоқсанда алаңға шыққандарды тегін емдеп жазыңдаршы! Сонда ғана сенейін….