«Оңтүстік Рабат» газетінің 47-нөмірінде жарияланған «Жылқы жылаған күн» деген мақала ой түбінде жатқан балалық шақтағы сағынышты күндерді еске салды. Ол сағыныш кездердің бірі үйдегілердің бәрі отбасы мүшесіндей етіп мәпелейтін жануарларға байланысты еді.
Үш ағамыз да мектептен келген бойда қорада байлаулы тұрған көкемнің мініс атын құдық басына суғаруға әкететін. Біреуі жетектеп, екінішісі қосшы болып, бірінің соңынан бірі үлкен адамдарға ұқсап, күрделі іс бітіретін кейіп танытып бара жататыны көз алдымда. Ал Калес ағам, балалардың үлкені әрі жылқы күтіміне бейімдеу болғандықтан ба, әйтеуір тездеу қимылдап, екі інісінің алдында жүретін. Сөйтсек, алға бекер түспейді екен. Көкемнің Қауғабас деп аталатын жылқысын мінбек түгілі, ауыздығын алып суғарудың өзі ересектердің ғана қолынан келетін іс көрінеді. Калақаң қалай көндіріп жүргеніне үлкендер таң қалатын. Оның сыры кейіннен ашылды. Он төрт жасқа келгенде ағам Балғара дейтін жылқышы ағайдың үйіне қашып кетіпті. Неге? Жылқыны жақсы көргені соншалықты, қайтпасқа бел буып, оқуын, ата-анасын, бауырларын – барлығын тастап, үйірлі жылқы бағуға бел буыпты. «Председатель Нұғымашев Камалдың үлкені үйін тастап, жылқышыға көмекшілікке барыпты, бұғанасы қатпаған баланы ауыр жұмысқа салыпты» деген сөздерге тосқауыл болмас-тан, әкеміз ұлының таңдауын құптапты. Баласын қайтарып аламын деген анамыздың әрекетінен нәтиже шықпаған. Әкенің сенімін ақтаған, халқының ата кәсібіне кызығушылық танытқан адам Калақаңдай-ақ болсын.
Сол бағытынан 52 жыл тайынбастан қызмет жасады. 19 жасынан отау құрған жары Күнтазамен бірге жылқышылық жұмыстың қызығы мен қиыншылығына бірдей төзіп еңбектенді. Би емес, би түсетін үй болды. Жазғытұрымнан бастап қара күздегі сірге жиярға дейін қымыз ішуге келетін ауыл, ауданға келген қонақтар легі үзілмейтін еді. Лезде пісе қалатын жеңгеміздің тіл үйірер ыстық бауырсағы мен саумалдан бастап, бапталған бесті қымызға дейін қонақтар таңдап отырып, жарыса ішетін-ді. Қымыздың мақтауын келтіріп, сойылған қой еті піскенше қымыз бен әңгіме-дүкен сәнімен жалғасып жататын. Калес ағам көбіне тыңдаушы болатын. «Жасында көргені жоқ адамның қартайғанда айтары жоқ болады» дегенді ерте ұққан сияқты. Сондықтан болар, сабырлылық пен тұйықтық, кез келген адамға беріле бермейтін әзілдесу мен аяқ астынан ұйқасын тауып өлеңдетіп жауап беруі елең еткізіп, басынан сөз асыруға жол бергізбейтін. Ол қасиетінің түп төркіні асауды құрықтау, үйрету кезінде қамшының астына алып емес, жүген арқылы жетекке көндіру әдіс шеберлігінде деп түсіндім бертін келе. Әр жылқының мінезін тап білетінге ұқсайтын. Мінгі аттары да иесіне еркелей де бағына да білетін. Талай рет қауіпті жағдайларда құтқарғандары бар.
Қалың қарлы қыс болған жылдары жылқыларды алыс жердегі тебінгіге айдап кетпесе, мал аштыққа ұшырайды. 70-жыл аса қарлы болды. Совхоз жылқыларын қауіп-қатерден сақтау үшін Калақаң малды құмға қарай айдап кетті. Мал тебінгіге түскесін, қайтар жолда аяз үдетіп, бет қаратпас суыққа кезіккен. Мінгі атының жал-құйрығы түгіл, өзінің қас-қабағымен қоса сыртқы киімі де мұзға айналған күйде бірнеше күн жүріп, аты үйге апаратын жолды өзі тауып, әрең жеткен жағдайын көргенде, жаным мұзға айналғандай күйді есіме аламын. Ер үстінен өздігінен түсуге қауқар жоқ болса да, атының жүгенін жеңгемнің қолына ұсынғанын көрдім. Өзін ойламай жылқысын сақтап қалмақшы. Балалардың бәрі жиналып, әкесін үйге көтеріп бара жатқанда, жетекке алынған жылқы иесінің соңынан қарап тұрған еді.
Үй тірлігін ұршықтай иіре білген күндей таза Күнтаза жеңгеміз құрақ ұшып жүріп, күйеуінің аузына бір стакан арақ құйды да, табанын арақпен ысқылап жіберіп, жылы жауып, арақтың қалғанын алып далаға жүгіріп кетті. Сөйтсек жылқыға да арақ ішкізіпті. Осы құтқарар деген үмітпен тапқан амалым ғой деп ақталғаны бар. Жан жары мен жылқысын бірдей сақтау үшін қам қылған жеңгеміз кәсіби жылқышының нағыз өмір серігі еді.
Күтімі мықты малдан иесіне ұқсайтын кейіп табасың да, бабы жарасқан малдан иесі қайырым күте алатын сияқты ма… Бұл не? Бір аспан астындағы бар тіршілік осындай үйлесім тапса ғой.