Жаңа 2013 жылан жылы төрімізге енгелі отыр. Мұндайда жыл иесінің түр-түсі мен тағам талғамына да міндетті түрде көңіл бөлу керек. Жылан ет, балық және жұмыртқа сияқты азықтармен қоректенеді. Олай болса, дастарқан мәзіріміздің негізгі тағамдары да осылар болмақ. Жайған дастарқаныңызда ірі қара мал етінен бөлек, құс, қоян еті мен балық болғандығын да қадағалаңыз.
«Апельсин» салаты
Құрамы: 3-4 апельсин, 300 г тауық еті, 200 г қияр, тұз, майонез
Дайындау әдісі: Тауық етін пісіріп алыңыз. Суытып, ұсақ етіп турап шығыңыз. Апельсиндерді жуып, арнайы пышақпен немесе кәдімгі пышақ арқылы зиг-заг тәріздес етіп кесіп алыңыз да, екіге бөліп, ішіндегі жұмсағынан тазартып, кеулеп шығыңыз. Кеулеп алынған апельсинді де, қиярды да төртбұрышты етіп тураңыз да тауық етімен араластырыңыз. Қалауыңызша тұз қосып, майонезбен араластырыңыз. Дайын болған салатты апельсиндерге орналас-тырып, бетіне аскөк немесе анар дәндерін себіңіз. Салат тойымды әрі ерекше дәмді болары сөзсіз. Сонымен қатар қонақтарыңызды да таң қалдырасыз.
«Сағат» салаты
Мерекелік салаттардың ең тойымды түрі дәл осы салат. Бұл тағам әсіресе ер азаматтарға қатты ұнайды. Себебі еті мол.
Құрамы: 200 г сиыр немесе жылқы еті, 1 үлкен пияз, 100 г сыр, 2-3 жұмыртқа, 1 піскен картоп, майонез
Дайындау әдісі: Етті, картопты, жұмыртқаны пісіріп алып, суыған соң төртбұрыштап турап алыңыз. Пиязды екіге бөліп, жұқалап тураңыз да бетіне аз ғана су құйып, жарты шай қасық қант салып, лимон шырынының 2-3 тамшысын тамызып, бетін жауып 30 минутқа қойып қойыңыз. Ал сырды майда көзді үккіштен өткізесіз.
Өзіңіз қалаған тәрелкелерді алып, туралған өнімдерді төмендегі тәртіп бойынша қабаттап салыңыз.
Ет, маринадталған пияз, картоп, жұмыртқа, сыр.
Әр қабатына қаймақ немесе майонез жағып алыңыз. Осыларды жасап болған соң, бетіне үгітілген сырды сеуіп, пісірілген сәбізді 12 жерден қойып шығыңыз. Бұл сағат формасына келтіру әдісі. Сәбіздің бетіне майонез арқылы сандарды жазып, қалған бөлігінен сағат тілін жасаңыз. Бұл жерде де өз қалауыңызға ерік беріңіз. Сағат тілін 12 етсеңіз де, немесе 5 минуты кем 12 етсеңіз де өзіңіз білесіз. Бастысы ерекше әрі дәмді салат болады.
Енді негізгі ас мәзіріне келсек. Егер Жаңа жыл мерекесіне қандай тағам әзірлеуді ойластырмаған болсаңыз, біз ұсынған тағамдарды байқап көріңіз. Бәлкім, мәзір ұнап қалар.
«Жылан оливьесі»
Жаңа жыл мерекесінің дәстүрлі салаты әрине оливье. Биылғы жылы бұл салатқа аздап өзгеріс енгізіңіз. Құрамы мен дәмі дәл солай қала берсін. Тек ыдысқа орналастыру әдісін өзгертіңіз. Оливьені дайындап болған соң жалпақ әрі төртбұрышты тәрелкеге жылан формасында орналастырып, жасыл бұршақ, сәбіз, зәйтүн дәнектері арқылы безендіріңіз. (суреттегідей) Бұл да тартымды әрі маңызды көрінеді. Тек қиялыңызға ерік берсеңіз болғаны.
Фаршталған балық
Құрамы: қабығы аршылған сазан балық немесе шортан балық – 1 дана, пияз – 300 грамм, теңіз арқан балығының (лосось) жон еті – 500 грамм, әбден пісірілген жұмыртқа – 2 дана, жұмыртқаның ақ уызы (белок) – 2 дана, ірі сәбіз – 2 дана, ұсақталған мацы – 10 ас қасық, тазартылған ащы пісте (миндаль) – 6 дана, қант ұнтағы – 5 ас қасық, тұз – 1 шай қасық, пияз – 4 бас, қант – 20 түйір.
Дайындау әдісі: Балықты 8 бөлікке бөліп, пияз бен жұмыртқаны ұсақтап турайсыз. Сонан соң жұмыртқаның ағын көбіктенгенше былғайсыз. Осы компоненттердің бәрін мацы ұнына, қант ұнтағына, жұмыртқаның ағына араластырып, алынған қоспаны балықтың әрбір кесіндісінің ішіне орналастырасыз. Кесу, турау жұмыстары аяқталған соң әрбір бөлікті бір-біріне жақындастырып, тұтас балықтың қалпына келтіресіз. Сонан соң балыққа дөңгелектеп кесілген сәбіз бен пияз қосып, су құясыз да, баяу отта 1 сағаттай пісіресіз. 45 минуттан соң пісте мен қант түйірлері қосылады. Піскеннен кейін балықты салқындай немесе ыстықтай күйінде өзінен бөлінген сөлімен және сәбізімен қоса дастарқанға қоясыз.
Французша піскен ет
Құрамы: 400-500 г ет, 3 пияз, 300 г ірімшік, майонез, тұз, бұрыш, аскөк.
Дайындалу әдісі: Етті жуып, қалыңдығы 1 см етіп бөліктерге тіледі. Әр бөлікті ас үй балғасымен ұрғылап жаншып, тұз бен бұрыш себеді.Дайын етті майланған қаңылтыр табаға жайып салады.
Тазаланған пиязды дөңгелектеп турайды. Пиязды турағанда көзді ашытпау үшін пышақты салқын сумен жуып отырады. Туралған пиязды табадағы ет бөліктерінің бетіне жайып салады. Сосын оның бетіне майонез құяды. Ірімшікті көзі үлкен үккіштен өткізіп, еттің бетіне себеді. Пешті 180 С қыздырып, тағамды 25 минут пісіреді. Пешті өшіріп, піскен етті 10-15 минут тағы ұстайды. Дастарқанға қоярда аскөк сеуіп, ыстықтай ұсынады.
Енді десерт жайлы да ұмытпайық. Талғамыңызға күнжіт қосылған жеміс салатын ұсынып отырмыз.
Құрамы: 2 банан, 2 алма, 2 киви, күнжіт және бал
Дайындалу әдісі: Бананды қалауыңыз бойынша турап алыңыз да бір шай қасық қант сеуіп қойыңыз. Қалған жемістерді де турап алып, барлығын араластырыңыз да әдемі шыны ыдысқа салып, бал қосыңыз. Бетіне күнжіт дәнін сеуіп, дастарқанға қойыңыз! Ас дәмді болсын! Жылыңыз молшылыққа, береке мен ырысқа толы болсын!