Үш жасында «Әліппені» жаттап алған бала

Ол Елбасымен екі рет кездесіп, Қазақстан ғылымын өркендетуге уәде берді
Ол Елбасымен екі рет кездесіп, Қазақстан ғылымын өркендетуге уәде берді
Ол Елбасымен екі рет кездесіп, Қазақстан ғылымын өркендетуге уәде берді

Ол Елбасымен екі рет кездесіп, Қазақстан ғылымын өркендетуге уәде берді. Осыдан 12-13 жыл бұрын бүкіл газет-журналдар Шымкентте Азат есімді кішкентай дарынды баланың өсіп келе жатқанын жарыса жазды. Жарыса жазып, халықтан сүйінші сұрайтындай-ақ жөні бар еді. Өйткені, Азат өзінің ерекше қарым-қабілетінің арқасында қатарластарынан озып, небәрі 9 жасында 7-сыныптың партасында отырды. 14 жасында студент, енді бұйыртса 22 жасында ғалым атанбақ.

Азат сәби кезінен басқа балалардай емес, ойыншықтардан гөрі кітап-дәптерге көбірек қызықса керек. Талпынысын ерте байқаған ата-анасы оған үш жасында 42 әріпті жаттатқызып, 100-ге дейін санауды санасына сіңдіріп қойыпты. «Әліппені» жаттап алған ол ертерек мектепке барып, білім алуға асығады. Бірақ 5 жасар Азатты қаладағы бірнеше мектеп «жасы кішкентай, оқу бағдарламасына ілесіп кете алмауы мүмкін» деп қабылдаудан бас тартыпты. Әйтеуір Шымкенттегі Ж. Аймауытов атындағы №64 орта мектеп-гимназиясының ұстаздары сенім артып, 1-сыныпқа қабылдаған көрінеді. Сыныптастарын оңай-ақ қуып жеткен Азат 6 жасында арнайы комиссияның шешімімен бірден 3-сыныпқа көшіріледі. Есепке жүйрік ол сол кездің өзінде-ақ сандардың квадраты мен төрт дәрежесіне дейін жатқа айтатын. 4-сыныптың екі тоқсанын оқып, бесінші сыныпқа және қарғиды. Жыл соңында оқу бағдарламасын толық игерген Азат тест тапсырып, алтыншы сыныпты оқымай, 7-сыныпқа аттауға мүмкіндік алады. «Сыныптан-сыныпқа аттап жүріп, балалық шағыңнан ерте қол үздім деп өкінбейсің бе?» деген сауалымызға «Жоқ, олай емес. Менің балалық шағым кәдімгі балалардың балалық шағынан еш айырмашылығы болмады. Қатарластарыммен футбол, баскетбол және тағы басқа ойындарды көп ойнайтынмын. Мектептегі  балалармен жақсы қарым-қатынаста болдым. Жасым олардан кіші болғанымен де, олар мені өз қатарластарындай көрді, сондықтан менде олармен түсініспеушіліктер болған емес. Бірақ әкем әр істі орын-орынымен істететін», – дейді. Азат Абдуллаев 3 жасынан бастап ағасы орнатып берген білтемірге тартылып,  мұздай суға шайынып, дене жаттығуларын жасауға дағдыланған. Ұлының келешекте тек оқуда ғана емес, спорт жағынан да  мықты болуын қалаған ата-анасы бос уақытында каратэ, гимнастика, шахмат, сондай-ақ ай-кидо үйірмелеріне жаздыртыпты. Әкесі мен ағасына «мат» қойып жүрген ол 1998 жылы өткен республикалық шахмат турнирінде жеңімпаз атанып, І дәрежеге көтеріледі.

– Күнделікті жаттығулар жасағаннан  кейін, әкем екеуміз сабақ оқуға кірісетінбіз. Түске дейін математика, география, қазақ тілі, әдебиет сабақтарын оқитынбыз. Түстен кейін міндетті түрде бір сағаттай ұйықтап, тынығатынмын. Сосын бір-екі сағат сандардың квадраттарын, кубтарын жаттап, әкеме айтып беретінмін. Бұл миды жаттықтыру үшін жасалынады. Сөйтіп, сағат 4-5-те босайтынмын. Түнгі онға дейін далада асыр салып ойнап келемін де, төсегіме қисаямын. Күнде-күнде менің атқаруым тиіс осындай істер болатын. Сырттан қарасаңыз менің балалық шағым біртүрлі көрінетін шығар, бірақ мен еш өкінбеймін. Себебі, қазір сол еңбегімнің жемісін көріп жатырмын, – дейді Азат.

Зерек оқушы 7-сыныптан бастап оқуын Алматыдағы дарынды балаларға арналған О. Жәутіков атындағы физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта жалғастырды. Ол кезде оның жасы бар болғаны тоғызда еді. Қабілетіне қарай ұстаздары арнайы бағдарлама жасайды. Есепті шемішкеше шағатын ол 50-ге дейінгі кез келген санның төртке дейінгі дәрежесін калькулятордан бұрын есептеп беретін, – дейді ұстаздары. Зейінділігінің арқасында көп өтпей орыс, ағылшын тілдерін де еркін меңгеріп алды. Білімге құштар Азатқа сол жылдары бірнеше компания басшылары мен Шымкент қаласының әкімі арнайы шәкіртақы да тағайындапты. 2001 жылы анасы Сәлима екеуі Алматыда Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың  қабылдауында болады. Сол кездесуде Азаттың интернатта жатып, ата-анасы мен бауырларын қатты сағынатынынан хабардар болған Президент Абдуллаевтар отбасына Алматыдан үй беріп, ата-анасын Шымкенттен көшіртіп әкелуге тапсырма берген. Жақындарының жанында болып, 14 жасында Азат мектепті ойдағыдай аяқтап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика-математика факультетінің студенті атанады. Студент кезінде де кореялық POSCO компаниясының арнайы шәкіртақысын алған. «ҚазҰУ-да білім алғанымды мақтаныш көремін. Студенттік өмір, дәрістер, оқу залында оқыған кітаптар, емтихандарға дайындалған түндер, еркелігімді көтеретін топтастарым ешқашан ұмытылмайтын шығар. Мен төрт сыныпты аттадым. Жасы үлкен ұл-қыздармен оқығаныма ешқандай өкінішім жоқ. Өзімді аса дарындымын  деп те санамаймын. Ата-анам «кішіпейіл бол, басқаларды өзіңнен төмен санама және жаныңдағы адамдармен санаса біл» деген ақылдарын үнемі құлағыма құйып отырады. Соның арқасында мен кез келген адаммен жасым кіші болса да жақсы тіл табысып, достасып кетемін» – дейді Азат.

14 жасында студент, енді бұйыртса 22 жасында ғалым атанбақ
14 жасында студент, енді бұйыртса 22 жасында ғалым атанбақ

Тәуелсіздіктің төл құрдасы Азат қазір Ирландиядағы Дублин университетінде PhD докторантурада білімін жалғастыруда. Физиканың оптоэлектроника, нанофотоника саласын тереңнен зерттеп жүрген жас ғалым. «Бұл жақтың білім беру сапасы өте жоғарғы деңгейде. Студенттерге өзіндік жұмыс жасауға көп уақыт бөлінеді. Материалдың кез келген түрімен қамтамасыз етеді, бірақ зерттеулерді өз бетіңше жасап, өзің ізденуің керек. Алған білімімді қаншалықты қолдана алатынымды қазір дөп басып айту қиынырақ, бірақ Отаныма оралған соң бар ынтаммен жұмыс істейтініме сенемін. Қандай қызмет істесем де ел игілігіне жараса болды» – дейді ол. Азат Елбасымызбен 10 жылдан кейін, яғни 2011 жылдың 1 желтоқсанында  Алматыда өткен Қазақстан ғалымдарының  форумында екінші мәрте кездесті. Қазақ ғылымын өркендетуге уәде берді. Иә, еліміздің бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарынан ойып тұрып орын алуы үшін Азат сияқты білімді, дарынды жастардың көп болғаны керек-ақ.

Әйгерім БЕГІМБЕТ

Назым Әлімбекова, Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

– Азатқа тарих пәнінен сабақ бердім. Зеректігі сондай айтқанынның бәрін қағып алатын. Қабылдауы өте жылдам еді. Сыныптастарына бір тақырыпты түсіндірсем, Азатқа бір тарауды түсіндіретінмін. Өйткені, ол  бір тақырыппен ғана шектеліп қалғысы келмейтін. Сол үшін көбіне жеке оқытуға тура келді. Картадан мемлекеттерді, олардың астаналарын көзін жұмып тауып беретін. Тақтаға шыққанда бойы жетпей, кіп-кішкентай болып тұрушы еді. Және де айтқан уақытыңнан бір минут та кешікпей келетін. Жауапкершілігі үлкен еді. Көп оқушыларымыз «сабақты жақсы оқысақ, бізде солай сыныптан-сыныпқа аттасақ бола ма?» деп, Азатқа қарап үлгі алды. Осындай дарынды шәкірт тәрбиелегенімізге, оның сенімімізді ақтағанына қуаныштымыз.