Алдын «Қазақтың баласын неге өзбекше оқытып отырсыз?!» атты мақала жариялаған болатынбыз. Осыған орай Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысы хат жолдаған екен. Сол хатты қаз-қалпында оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
«Сайрам ауданындағы өзбек тілінде білім беретін мектептерде осы оқу жылы басында 120 қазақ баласы өзбек сыныптарында оқыды. Себебі, 48 қазақ жанұясы өзбек ұлты тығыз қоныстанған ауылдарда ұзақ жылдардан бері тұрады, олардағы 74 оқушы өзбек сыныбына барып жүр. 23 жанұя аралас некеде тұрады, олардың отбасында 29 бала бар. Олардың 15-нің әкесі өзбек, анасы қазақ, 9-ның әкесі қазақ, анасы өзбек. Екі өзбек отбасындағы 3 баланың ұлтын ата-анасы қазақ деп жаздырған. Барлығы да балаларын өздері тұратын ауылдағы өзбек мектептеріне берген.
Отбасы жағдайының ауырлығына байланысты 14 қазақ баласы аудандағы №6 мектеп-интернатта жатып оқиды. Олардың 2-і Шымкент қаласынан, 1-і Түлкібас ауданынан, 11-і ауданның әр елді мекенінен келген.
Өзбек мектептерінде оқитын қазақ балалары ауданның 19 мектебінде оқитындықтан және әр сыныпта 2-3 баладан аспайтындықтан аталған мектептерден қазақ сыныптарын ашуға мүмкіндік болмады. Жақын маңдағы қазақ мектептер 3-4 шақырымнан асатындықтан ата-аналар балаларын ұзаққа апарғысы келмейді. Саремий атындағы гимназия, З. Хұсанов атындағы жалпы орта мектебінде биллингвальді оқыту жүргізілетіндіктен бірқатар ата-аналар балаларының көп тілде білім алғанын қалайды.
Оқу жылы барысында қазан, қараша айларында 4 оқушы қазақ сыныптарына ауысты. Қазіргі уақытта аудандағы өзбек мектептерінде 116 оқушы оқиды.
Алдағы оқу жылында №6 негізгі мектеп-интернат пен Қ. Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебінен бастауыш қазақ сыныптарын ашу жоспарлануда.
Д. Айкөзова, Сайрам аудандық білім беру бөлімінің бастығы