Аудан әкімі өз туыстарынан басқаны көрмей ме?

Халықтың арасына іріткі салуда
Халықтың арасына іріткі салуда
Халықтың арасына іріткі салуда

Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тамаша сөз бар. Қай дәуірде және кімге қарата айтылғанын кім білсін, бірақ жұмыс істеуге зауқы жоқ, зауқы болса да халқынан гөрі өзінің, ары кетсе рулас ағайынының күйін күйттейтін ел басқарған бір азаматқа қарата айтылғаны көрініп тұр. «Халқына жақын бол дегенді» таяуда ғана өткен елдегі барлық деңгейдегі әкімдердің жиынында Елбасы да айтып қалды. Халықты кабинеттен шықпай басқаратын, ауыл-ауылды аралап, елдің мұң-мұқтажын естуге келгенде жалқаулық танытып, жылына бір мәрте ғана өтірік-шыны аралас есеп беріп құтылатын әкім-қараларды өлтіре сынап, мұндай бассыздыққа енді жол берілмейтінін шегелеп, қадап айтты Елбасы.

Кабинетін темекінің көк түтінімен бояп, әкімін іздеп келген халқына есіктің ауы-зында отыратын хатшы қызы арқылы «жоқ» деп айтқыза салатын баяғы жайма-шуақ заман енді келмеске кетпек. Әкімнің әр қадамы сараланып, істеген істері екшеліп, халықпен араласуы қадағаланатын болады. Елбасы тапсырма бермесе басы істемейтін шен-шекпенді, жуан қарынды мемлекеттік қызметтегі кейбір аға-көкелеріміздің осылайша алдағы уақыттары дегбірі қашайын деп тұр.

Десек те Елбасының «халыққа қарай жақындасаңдаршы» деген сөзі оңтүстіктегі кейбір аудан әкімдеріне «өтпей» жатыр. Кейбір деп алыстан орағытпай-ақ қояйық, облыс орталығына іргелес жатқан Ордабасы ауданының әкімі басшылық құрамымен бірге елге қарай жақындаудың орнына керісінше алыстап бара жатқанын соңғы кездері жиі байқап жүрміз. Бұлай деп айтуға негіз болып отырған бірнеше себеп бар. Соларға рет-ретімен тоқталып өтсек.

Қанапия Көдебеков, такси жүргізушісі

– «Асыл» фирмасы әкімшіліктің келісімімен келіп, біздің тұрағымызды алып қойды. Енді бізге «жүрмейсіңдер, үш мың теңгеден ақша төлейсіңдер», – дейді. Медигі жоқ, механигі жоқ – оған үш жүз теңге тағы төлейсіңдер дейді. Сөйтіп бізді қыспаққа алып жатыр. Әкімшіліктің қолдауымен күш көрсетіп. Бір адамдарды ұрып та жіберді.

Таяуда редакциямызға Ордабасы ауданының оншақты тұрғынының қолы қойылған үшбу хат келді. Хатты оқи отырып, ауданда бірталай келеңсіз жағдайлардың орын алып отырғанына куә болдық. Хаттың жалпы мазмұнына келсек, аудан әкімі Данияр Тілеубергеновтың әкім боп орналасқан күннен бастап мінезі күрт өзгеріпті. Ел баяғы Даниярды танымай қапты. Халықтың арасына білдірмей іріткі салып, рушыл, жікшіл мінезін көрсетіп жатқан көрінеді.

Естеріңізде болса, жыл басында Ордабасы ауданының орталығы Темірланда тасқын болып, жүздеген үй су астында қалған. Сол кезде Д.Тілеубергенов ауыл әкімі болып қызмет атқаратын. Хатта осы су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінуі тиіс қаражат әділ бөлінбегендігі туралы айтылады. Мәселен, Темірланға көрші жатқан Ынталы ауылы да зардап шеккен елді мекендердің тізіміне кіргізіліп, ондағы 10-нан астам үйге қаражат берілген. Әрқайсысына кем дегенде 500 мың теңгеден бөлінсе керек. «Бұған сенбесеңіздер аудандық почтаның ведомстволық құжаттарынан осыншама ақша берілгенін көруге болады», – дейді хатқа қол қойған ордабасылықтар. Айтуларынша, олардың үйіне су тіпті жақындамаған да.

Сондай-ақ Темірланның ішімен өтетін су қашыртқысының үстіңгі жағына да тасқын су көтерілмепті. Соған қарамастан сол маңда тұратын аудан әкімінің туысы болып келетін Шалқар Бекпейісов пен туған қарындасы Нұржамал Шыршықбаевалар тиісінше 4 млн теңге көлемінде мемлекеттен бөлінген жәрдемақыға қол жеткізген. Сол маңның топографиялық картасына қарап, жер бедерін зерттесе ол жерге ешқандай су келмегенін байқауға болады, оның үстіне көршілері де растап береді, – дейді хатқа қол қойған Р. Жетісбаев деген ордабасылық ақсақал.

Қайрат Үкібасов, «Асыл» ЖШС-і директоры

–  «Ақниет» ЖШС-і аталмыш бағытта жолаушылар тасымалдауға құқығы жоқ. Жоғарғы сот шешім шығарып , бұл жақтағы бағыттарының бәрін алып қойған. Біз Темірлан мен Шымкент арасында жолау-шылар тасымалдаумен заңды негізде айналыспақшымыз. Қарамағымда 15 «Хюндай» көлігі бар. Осылар сапалы негізде жолаушы тасымалдауда.

Ал енді үйін расымен де су шайып кеткен тұрғындарға тиісті сомадағы жәрдемақы әділ үлестірілмепті. Тексеру комиссиясы белгіленген қаражатты қалайда ары тартып, бері тартып, әкімдікте танысы жоқтарға аз, танысы барларға көп бөлген сияқты. Осының кесірінен жең ұшынан жалғасушылық орын алып, аудан әкімі мен әкімдікте істейтін шенеуніктердің туыс-тамырлары мен ағайындары мемлекеттің тегін ақшасына ие болып қалған. Мұны темірландықтар да растайды. Барлығының айтатындары сол кезде ақша әділ бөлінбеді дегенге саяды.

Осы су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жәрдем ретінде аудан бойынша бюджет қызметкерлерінің бір күндік жалақылары аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы «Аялы алақан» қорының есеп шотына аударылыпты. Жиналған қаражат 7 млн 600 мың теңгені құраған. Бірақ бұл қаражат мақсатты пайдаланылмай хат иелерінің айтуынша, аудан әкімі Д.Тілеубергеновтың тікелей тапсырмасымен басқа мақсаттарға жұмсалып кете барған.

Таратып айтсақ, ауылдағы ескі мешіттің сыртқы қоршауына сметалық құжаттар жасауға – 800 мың теңге, темір шарбақтар құруға – 3 млн 500 мың теңге, ардагерлерді әулиелі жерлерді аралатуға 700 мың теңге, аудан әкімдігінде бас маман боп жұмыс істейтін З. Сыздықованың Астана қаласына іссапарының шығыны үшін – 200 мың теңге жалпы айтқанда осылай жаратыла берген. Сонда халық бала-шағасының ауызынан жырып берген бір күндік еңбекақыларын мешіт қоршауына, әкімдік қызметкерінің іссапарына, шал-шауқандардың қыдыруына арнап жинап бергені ме? Осының бәрін көріп, біле тұра қаражаттың мақсатты жұмсалуын қадағаламаған әкімнен не үміт, не қайыр? Халықтың ақшасын жиып алып, керегінше жарату былайша қарағанда қылмысқа пара-пар әрекет секілді. Халыққа жақындауы тиіс әкімнің бұлайша елді алдауы өзіне әлі таяқ болып тиюі бек мүмкін. Себебі, халық бәрін де біледі. Және де оның өзімбілемдікке салынуына жол бермейді деп білеміз.

Кейбір аудан әкімде­рі аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында көзге көрінердей көрсеткіштерге қол жеткізбесе де қызметте жылдар бойы отыра береді, өздерін аумақ билеу­шісіндей сезінеді. Мұндай адамдардан құтылу керек. Басқа жұмысқа ауысуы немесе қызметтен кетуі тиістігін олардың өздері де ұғынғаны жөн.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті

Ордабасылық ел ағаларының жазған хатында Д.Тілеубергеновтың аудан әкімі болып бекіген күннен бастап, өз үйін қайта соғып, әрлей бастағаны айтылады. «Үйі хан сарайындай. Әкім болып тағайындалғаннан кейін көп уақыт өтпей жатып екі ұлына көлік әперді. Үлкен ұлына ВАЗ-21015, кішісіне Тойота камри-35. Қайдан келіп жатқан дүние екенін…». Хатта осылай делінген.

Ордабасы ауданының әкімі мен әкімдіктегі шенеуніктердің халыққа қарай жақындаудың орнына алыстап бара жатқанының кезекті бір көрінісін мына бір оқиғадан да анық байқадық. Нарық заманы болған соң, әркім қолынан келген ісімен айналысып, отбасының қамы үшін небір ауыр жұмыстарға жегілетіні белгілі ғой. Ордабасы ауданы ОҚО-дағы өндіріс ошақтары аз, жұмыспен қамту деңгейі төмен аудандардың бірі. Осыдан барып екі қолына бір күрек таппаған жергілікті халық амалсыздан әртүрлі жұмыстарға жегіліп, бала-шағасының нәпақасын табады. Сондайлардың бірі аудан орталығы Темірланнан Шымкентке қатынайтын таксистер. Темірландық 60-тан астам азамат осы арқылы табыс тауып, отбасын асырап отырған көрінеді.

Таяуда осы таксистер наразылық шарасын өткізді. «Біздің зарымызды баспасөзге шығарсаңыздар» деген соң Темірланға барып қайтқанбыз. Сөйтсек мәселенің мәнісі мынада екен. Жолаушы тасымалымен айналысатын «Ақниет» атты компания тендер арқылы Темірлан-Шымкент бағытында жұмыс істеу құқығын 2015 жылға дейін жеңіп алыпты. Алайда соңғы 1 айдың көлемінде мұның «Асыл» ЖШС деген жаңа қожайыны пайда болыпты. Ауыл таксистерін аялдамаға тұрғызбай, тек өзінің жолаушы таситын көліктерін әкеліп, сол жерге тұрғызып қойған. «Бөтендерді» жолатпау үшін МАИ қызметкері ала таяғын жалаңдатып тұр.

Кейін білгеніміздей бұл серіктестіктің қожайыны Қайрат Үкібасов деген жергілікті азамат болып шықты. Такси жүргізушілерінің айтуынша, бұл аудан әкімі Д.Тілеубергеновтың туысы. Мына жерге келіп, өзін жердегі «құдайдай» сезініп, тіпті МАИ қызметкерін аялдама қасына «арқандап» қоюының барлығы осыны растайтындай. Бұрынғы таксистер болса жеп отырған нанымыздан айырылып қалдық деп зар жылауда. «Біздің аялдама арқылы шығатын болсаңдар ақша төлейсіңдер, болмаса бұл жерде тұрғызбаймын» деп Қ.Үкібасов қоқан-лоққы көрсетсе керек. Тіпті екі жақ төбелесіп, атысуға дейін барғанға ұқсайды.

«Тыныш жерден түлен түртіп, елдің тыныштығын алған Қайрат Үкібасовтың істеп отырған озбырлығына тоқтам бола ма, болмай ма?» деген елдің сұрауын арқалап, аудан әкімдігіне де барғанбыз. Бірақ аудан әкімін де орынбасарларын да жұмыс орындарынан таба алмадық. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де кірдік. Мекеме бастығы Бақберген Бекпейісов аталмыш даудан еш хабары жоқ екенін айтты. Бірақ аталмыш бағытта жұмыс жасау үшін көлік инспекциясына ескертпе жасап жұмыс жүргізе беруге болады, – дейді. Ал таксистер болса, бұл аялдамада жолаушылар тасуды «Ақниет» ЖШС-і 2015 жылға дейін тендерден ұтып алған дегеннен танбай отыр. Ал бөлім бастығы болса, бұдан хабарсызбын деп, басқа да журналистердің қойған сұрақтарына мардымды жауап бере алмай, тосылып қала берді.

Қалай десек те аудан әкімдігіндегілер бұл даудың неден және қалай пайда болғанын білмеуі мүмкін емес. Такси жүргізушілері мұның барлығы аудан әкімінің рушылдығынан деп отыр. Аудан әкімі ағайынына бұра тартып, 60 отбасын жеп отырған нанынан айырып отырғанға ұқсайды. Елдің ашуын келтіріп отырған да осы. Жаңадан пайда болған «қожайын» тіпті өзінің алып келген жолаушы көліктерінде жұмыс істеуге жергілікті жердің жігіттерін алмай, басқа ауданның жүргізушілерін жалдапты. Темірландықтар болса бұл халықты елемеу ғой, – дейді. Халықтың кәріне ұшыраудан қорықпаған кәсіпкер осылайша жерлестеріне жеккөрінішті болып қалған.

Бір ұққанымыз, биліктің «буымен» өзімбілемдікке салыну халқы үміт артып отырған ер азаматқа жақсы ат әпермесі анық. Егер темірландықтардың айтып отырғандары рас болса, аудан әкімі бүгінгі лауазымына сай емес. Бұған оның өзі не дер екен?

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=rb6ltwZD3vI[/youtube]