Бәйдібекте пайдаланылмаған жер көп

2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған

Өткен аптада ОҚО Жер қатынастары басқармасының бастығы Созақбай Әбдіқұловтың 2012 жылы жер мәселесі бойынша атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Жиынға облыс әкімі А.Мырзахметов төрағалық етті.

2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған
2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған

Есеп барысында басқарма басшысы бірқатар жетістіктерге тоқталып өтті. Мәселен, өткен жылы егістік жер көлемі 2011 жылмен салыстырғанда 32,5 мың гектарға көбейіп, 1008 мың га құраған. Егістік жердің ең көбі Сарыағашта екен. Суармалы егістік жерлерге келсек, мұнда да ұлғайтулар бар. Облыс әкімдігінің суармалы жерлердің көлемін ұлғайту туралы тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдіктері бойынша 2012 жылы 21,2 мың га суармалы жер қосымша қосылған. Оның ішінде 13,3 мың га жайылымдық жерлерден, 1,5 мың га шабындық, 6,4 мың га тәлімі егістік жерлерден суармалы егістік жерлерге ауыстырылған. Суармалы жерлерге ауыстырылған сол 21,2 мың га жердің 14,8 мың гектарының заңға сәйкес құжаттары қабылданыпты. Ал қалған жердің құжаттары бүгінгі күні заңдастырылуда екен.

Сонымен қатар ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерге 2011 жылы жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде анықталып, өз мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан жалпы көлемі 360 мың 416 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 2012 жылы түгендеу жұмыстарын нақтылау барысында өз мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 72,3 мың гектар ауылшаруашылығы мақсатындағы жер қосымша анықталып, шара көру үшін құжаттары толығымен аумақтық жер инс-пекциясына жолданған.

Есеп барысында басқарма бастығы С.Әбдіқұлов облыс аумағында бірнеше жылдан бері пайдаланылмай келе жатқан 136,5 мың га тыңайған жердің бар екенін айтты. Оның ең көбі Бәйдібек, Отырар, Ордабасы, Созақ аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларында. Сондай-ақ басқарма бастығы жеке тұрғын үй құрылысына берілген жер учаскелеріне жүргізілген түгендеу жұмыстары Сайрам, Төлеби, Шымкент қалаларында төмен деңгейде жүргізілгенін атап өтті. Тіпті, Шымкент қаласы бойынша құжаттар жер инспекциясына бүгінгі күнге дейін толық өткізілмеген көрінеді. Инфрақұрылымдары жоқ және санаттарын ауыстырмай жеке тұрғын үй құрылысына берілген ауыл әкімдерінің шешімдері бұзылыпты. Ол Сайрам ауданына қарасты Ақсукент, Жұлдыз, Төлеби ауданындағы Ақжар, Көксәйек, Қасқасу ауылдарының әкімдерінің шешімдері болатын. Ал 2012 жылы аудан, қала әкімдіктерімен 1 мың 685 жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысына беріліпті.

Облыс бойынша кәсіпкерлік мақсатқа берілген жерлерге жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 555 жер учаскесі анықталып, 83 жер учаскесі қайтарылыпты. Оның кейбірі өз еріктерімен қайтарған болса, біразын сот арқылы қайтарып алынған.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Созақбай Әбдіқұлов, ОҚО Жер қатынастары басқармасының бастығы

– Шымкент қаласы бойынша 203 жер жер пайдаланушылардың иелігіндегі 334 жер учаскесі анықталған. Аумақтық жер инспекциясы тарапынан 163 жер иелеріне жазбаша ескертпелер берілген. 40 жер учаскесінің иелері табылмауына байланысты иесіз мүлік ретінде тіркелді. Бүгінгі күні 17 жер учаскесі сот арқылы қайтарылды. 2012 жылы түгендеу жұмыстарын нақтылау барысында өз мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 179 жер учаскесі анықталып отыр.