Гөзел Құлжабаева – Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы үш бірдей ауылды гүлдендіріп, жасыл аймаққа айналдырған кәсіпкер. Ұлыбританияның «Виктория ханым» сыйлығының иегері.
Көрсең көзің тоймас «Гүлстан» бағы
Гөзел апайдың негізгі мамандығы инженер-электрик. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң осы салада 7 жыл қызмет атқарған. Ал көгалдандыру саласына келуінің өзі қызық. Ең алдымен үйінің ауласына гүлдер отырғызып, күтіп-баптаудан бастайды. Сосын басқалардың да ауласын көгалдандыруға тәуекел етіп, бір ауланы гүлдендіргеннен аз күннің ішінде 23 мың АҚШ долларын табады. Осылайша осы салада ізденуді жөн көріп, том-том кітаптар ақтарады. Қараса, дәл көгалдандыру мен гүл өсіру саласында табысты қызмет атқарып жүрген қазақ маманы жоқтың қасы. Көгалдандыру ісіне түбегейлі өз ғұмырын арнауға бел шешіп кіріскені содан. Алдымен Алма-Арасанға барар жолда қазақтың гүл бағын жасау туралы ой келіпті. Бүгінде ол гүлзарда шырша, тұт ағашы, қарағай, бозарша ағаштары мен раушан гүлі, сүттіген, еңлік гүлі, кактус, шырайгүл, ауруға ем болатын түймедақ гүлі, қазтабан гүлі, т.б. бар Қазақстанның ғана емес, әлемнің әр түкпірінен әкелінген 1000-ға жуық алуан түрлі өсімдік пен ағаш өсіріледі.
Мәңгі жасыл гүлдерден қазақ ауылы, еліміздің көк туы мен хайуанаттар бағы тоқылған. Яғни, гүлзарға келушілер гүлмен көмкерілген киіз үй, текемет, күйеу бала мен қалыңдық бейнесін, жылқы, аққу, тасбақа, елік, бұғы, қолтырауын, т.б. бейнесін тамашалай алады. «Біз бұл жобаға бір жарым жылдай дайындалдық. Мамандармен ақылдаса келе, суды өте аз қажет ететін, қыста да жасыл қалпын сақтайтын бозкілем гүлін таңдадық. Біздегі бақ мүсіндерінде бозкілемнің 27 түрі қолданылған. Мүсіндер қысы-жазы өңін жоғалтпай, жақсы сақталуы үшін Словакиядан арнайы «агробан» деп аталатын тыңайтқыш зат алдыртып, топырақ құрамына қостық. Агробан – 1000 градустық жанартау тасқынында еріген тас. Осы тасты арнайы технологиямен өңдеу арқылы мақта секілді жұмсақ зат алынады. Агробанның қасиеті – мүсінде егілген гүлдерге қыста жылу беріп, жазда топырағының кеуіп кетуінен сақтайды. Ұлыбританияның Оксфорд қаласынан сол елдің туын гүлдермен бедерлегенін көріп, біздің де көк туымызды гүлмен көмкеру туралы ой келді. Жанына «Жайлау» деген композиция, яғни қазақы ауыл тұрғыздық. Бұл менің Отанға деген шексіз сүйіспеншілігімнің белгісі, – дейді Гөзел апай. Айтуынша, «Гүлстан» гүл бағына былтыр 9 мың адам арнайы қонақ боп келіпті.
Гөзел Құлжабаева
– Шымкенттің көшелеріндегі көп аршалар өте жиі және басқа ағаштардың тасасына егіліпті. Ол ертеңгі күні тамырын кеңге жайып өсе алмайды деген сөз. Қала көгалдандыруына көңілім толмады. Облыстық «Экологиялық орталықта» инжир талы өсіп тұр. Ал инжир өскен жерге бәрін өсіруге болады. Саябақтарды, көше бойларын ерте көктемнен қара күзге дейін гүлдеп тұратын өсімдіктермен жайнатып жіберуге болады ғой. Сіздерде барлық жағдай бар. Тек ниет керек. Абаттандыруға бөлінген миллиондаған қаржыға біржылдық гүлдер егіп желге ұшырмаса екен.
Мұндай бақты Шымкентте де жасауға болады
Алматыдан 250 шақырым қашықтықта Алтынемел ұлттық қорығының іргесінде орын тепкен Басши, Нұрым, Аралтөбе деген ауылдар бар. Ал одан ары қарай 50 шақырым жүрсеңіз, әйгілі Айғайқұмды көресіз. Ән салып тұратын мұндай құм Америка мен біздің елімізде ғана бар көрінеді. Сондықтан Айғайқұмға шетелдік қонақтар ағылып келіп жатады. Олар күре жолдың бойындағы аталған ауылдарды басып өтеді.Осыдан бес жыл бұрын Гөзел апай «туристер қазақ ауылдарының жұпыны екеніне күліп кетпесін» деп үш ауылды көгалдандыруды қолға алыпты. Бүгінде 30 гектар жерде алма бақ, қарағайлы алқап пен көктерек саябағы сап түзеген. Биылғы жылы бақтың аумағын тағы да 28 гектарға ұлғайтқалы отыр. Сонымен қатар биыл мұнда 10 гектар жерге ауылдағы 100-ден аса батыр аналардың құрметіне бақ жасалды.
Бұл бақта ағаштың 27 түрі егіліп, 6 мың көпжылдық гүл отырғызылған. Бұдан бөлек Нұрым ауылындағы алма баққа еліміздің халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың есімі берілді. Ашылғанына небәрі бір жыл болған бақ, тек жеміс беріп қоймай, ауылды шаң-тозаң мен бораннан қорғап тұр. Ал Райымбек атындағы орта мектеп ауласында бой көтерген «Өсімдіктер әлемі» бағы да келген қонақтарды таң-тамаша қалдырады. Мұндағы 3,5 гектар жерге 50-ден аса көпжылдық гүл түрі, 50-дей ағаш, 50-ден артық бұталы өсімдік егілген. Осыншама аумақты алып жатқан бақтың бәрін ауыл адамдары мен оқушылардың өздері күтіп баптайды. Ауылға ат басын бұра қалсаңыз, бейне бір шетелдің ауылына тап болғандай күй кешесіз. Өйткені өңіңіз түгілі түсіңізде көрмеген тал-дарақтардың сан түрін көзіңіз шалады. Ал ауыл адамдары болса енді қыста отын іздеп алысқа сабылмайтын болды. Өйткені ауыл шетінен тіп-тік боп бой көтерген теректер барлық отбасыны 33 жыл бойы отынмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті көрінеді.
Айкен Лауланбекова, Шымкент қаласындағы облыстық «Экологиялық орталықтың» қызметкері
– Жуырда Гөзел апайдың ұйымдастыруымен Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Басши ауылында дәстүрлі «Туған табиғатты аялайық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Біздің облыстан төрт делегат барып қатысып қайттық. Қарапайым қазақ ауылының сондай дәрежеге жеткеніне қуандым. Түр-түсін көрмеген, білмеген саналуан ағаштар кәдімгі тастақ жерде жайқалып тұр. Бізде де осындай ауылдар болса деп армандаймын.
Ағаш егу деген мереке енгізсек
Көптеген алпауыт елдерде арнайы «Ағаш егу мерекесі» бар екен. Айталық бұл айтулы күн АҚШ-та 1872 жылдан бері тойланатын болса, Вьетнамда соңғы жарты ғасыр бойы бұқаралық ақпарат құралдары халықты ағаш егуге шақыруды өз міндеті санайды екен. Оңтүстік Кореяда да бұл мереке заңдастырылған. Филиппиннің әр азаматы жыл сайын 5 түп ағаш отырғызбаса, азаматтығынан айырылатын көрінеді. 82 миллион халық жыл сайын 5 түп ағаш ексе, онда 410 миллион түп орман жайқалатын болғаны ғой. Қарап тұрсақ, сол елдердің барлығында да орман-тоғай көп. Бірақ олар жасыл желекті көбейткеннің үстіне көбейте берсек дейді. Гөзел апайдың да мақсаты – дәстүрлі ағаш егу мерекесін Қазақстанда күнтізбеге енгізу. Еліміздің 4,5%-ын ғана құрайтын орман-тоғайдың көлемін арттыру. Қалтасынан қаншама қаржы шығарып, қазақтың қара баласы мен қараша халықтың жағдайын жасап жүрген Гөзел апайдың тірлігіне сүйсінесің. Кейбіреулер титтей жасаған жақсылығын дабыра қылып айқайлап айтып жүреді. Ал біздің әңгімемізге арқау болған кейіпкер тым қарапайым. Баламен бала, данамен дана болып сөйлеседі. Ең бастысы, өз ісін жан-тәнімен сүйеді.
Әйгерім Бегімбет
P.S. Біздің де Шымкент қаламыз жасыл желек жамылған. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бірақ айналаңызға қараңызшы. Қанша тал-дарақтың түрін көзіңіз шалады? Бір мектептің өзі 150-ге жуық өсімдіктердің түрін күтіп-баптап отырғанын ескерсек, қала көгалдандыруына жауапты адамдарымыз ойланар бәлкім. Көзіміз үйренген арша, қарағаштан басқа да ағаштардың саясында тыныстағымыз келетінін…