Индустрияландыру қарқын ала бастады

Өткен жылы 1820 жаңа жұмыс орны ашылған
Өткен жылы 1820 жаңа жұмыс орны ашылған
Өткен жылы 1820 жаңа жұмыс орны ашылған

25 желтоқсан күні мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында облысымыздың жаңадан іске асырылған 2 жобаның тұсауы кесілді. Олар Мақтарал ауданында орналасқан «Сапа Инвест Плюс» ЖШС-ның мақта сабағынан құрылыс жиһаз тақтайшаларын жасайтын кәсіпорны мен Кентау трансформатор зауытының трансформаторларға арналған тетік бөлшектерін жасайтын цехы. Облыста индустрияландыру картасына осы уақытқа дейін 111 жоба енгізіліпті. Ал жобалардың жалпы санынан ОҚО республикада бірінші орында тұрғанын айта кеткен жөн.

Жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған 2 жобаның бірі – «Сапа Инвест Плюс» ЖШС-ның мақта сабағынан құрылыс жиһаз тақтайшаларын жасайтын кәсіпорны еліміз бойынша теңдессіз өндірістердің қатарына жатады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 50,0 мың куб/м. Жалпы құны 450 млн теңгені құрайтын жоба аясында 80 жаңа жұмыс орны ашылған. Келешекте облыста мақта саласының тиімділігін арттыру мақсатында 10-ға жуық тауар шығару жоспарда бар көрінеді. Кезінде алқаптарды мақта сабағынан тазарту үшін көп қаражат шығындап келген мақташылар енді одан қосымша қаржы таппақ. Ал Кентау трансформатор зауытының трансформаторларға арналған тетік бөлшектер жасайтын цехының жылдық қуаттылығы 6000 тонна алюминий желісі, 900 тонна мыс желісі. Жобаның құны 750 млн теңгеге пара-пар. Бұл цехтың іске қосылуының нәтижесінде жаңадан 100 жұмыс орны ашылған.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасына құны 372 млрд 35 млн теңгені құрайтын 111 инвестициялық жоба енгізілгенін жоғарыда айттық. Жобалар іске асқан жағдайда жаңадан 15285 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. 2010 жылдың өзінде құны 33,6 млрд теңгені құрайтын 7 жоба іске асып, 1775 жаңа жұмыс орны ашылса.

2011 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 58 млрд теңге болатын 24 жоба іске асып, 1702 жаңа жұмыс орны ашылған екен. Өткен жылы жалпы құны 13,8 млрд теңге болатын 29 жобаны іске асыру жоспарланып, барлығы да пайдалануға берілген. Тиісінше 1820 жаңа жұмыс орны ашылыпты.

Ал енді «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына келсек, бұл бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 261 жоба мақұлданып, 2743 жұмыс орны ашылған. Оның ішінде өткен жылы 153 жоба іске қосылып, тиісінше 1243 жұмыс орны ашылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.

Сондай-ақ облыстың «өндірістік жүрегі» атала бастаған «Оңтүстік» индустриялды аймағында» болашақта 61 жоба іске асырылмақшы. 2011 жылы құны 6,8 млрд теңгелік 8 жоба іске асырылып, 811 жұмыс орны ашылған.

Жалпы айтқанда үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы облыстың барлық аудандарында қарқынды түрде іске асырылуда. Сарапшылар бағдарлама толық жүзеге асырылып, жобалардың барлығы жұмыс істей бастаған кезде ОҚО елдегі индустриясы қарқынды дамыған өлкеге айналатын болады дейді. Берекелі істің сәтті аяқталуын тілейік.