«Оңтүстік» АИО сарапшысы Қазақстан-Үндістан іскерлік кеңесінің отырысына қатысып қайтты

321

Ұлы Жібек Жолы елдерімен байланысты кеңейту және ынтымақтастық орнату, сондай-ақ, іскерлік мүмкіндіктер мен инвестицияларды зерттеу мақсатында «ОҢТҮСТІК» АИО сарапшысы, академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов жұмыс сапарымен Үндістанға  барып қайтты.

Сапардың негізгі мақсаты – ынтымақтастықты нығайту және Үндістанның экономикалық маңызы бар объектілерін аралау, Қазақстан-Үндістан іскерлік кеңесінің отырысына, сондай-ақ «Ауыл шаруашылық сақтандыруды жеделдету» атты Ұлттық конференцияға қатысу болатын.

Іскерлік кеңестің жұмысына экономиканың әртүрлі салаларында жұмыс істейтін 30-дан астам қазақстандық компаниялардың өкілдері және қазақстандық серіктестермен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды орнатуға мүдделі 100-ден астам Үндістан  компаниялары қатысты.

Іскерлік кеңес отырысы барысында екі ел кәсіпорындарының өкілдері B2B кездесулерін өткізіліп, ақпарат алмасып, ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Нәтижесінде әртүрлі салалардағы компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың бастауы бойынша бірқатар алдын-ала келісімдерге қол жеткізілді.

Іскерлік кеңестің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық туралы жаңартылған «Жол картасы», соның ішінде көптеген жаңа перспективалық жобалар қабылданды.

Келесі кездесу Escorts Agri Machinery компаниясының Халықаралық бизнес бойынша менеджері Миттил Кумармен өткізілді. Кездесу барысында Саттар Фазылұлы сапарының мақсаттары, Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы туралы және «ОҢТҮСТІК» АИО қызметі туралы егжей-тегжейлі тоқталды.

Миттил Кумар мырза бұрын да біздің облысымызда болғандығы және өңірдің артықшылықтарын білетіндігі себепті, ОҚО экономикасына инвестиция салуға дайын екендігін білдірді.  Сондай-ақ, Escorts Agri Machinery Орталық Азия аймағының жағдайларына бейімделген ауылшаруашылық техникасын өндіретін бірлескен Қазақ-Үнді кәсіпорнын құруға дайын екендігін жеткізді.

Сондай-ақ Үндістанның Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясына (FICCI) арнайы сапар ұйымдастырылды. «FICCI» –  Үндістандағы бизнес-ұйымдардың бірлестігі болып табылады. Федерация әр түрлі аймақтық сауда палаталарының 2 500 000-нан астам компанияларына жанама мүшелікке ие. Ол индустриалды бизнес-полюстерін құруға, сондай-ақ бизнесті насихаттауға және желілерді құруға қатысады.

Сапар соңы «Ауыл шаруашылығын сақтандыруды жеделдету» атты Ұлттық конференциямен жалғасты.

Сапар аясында сонымен қатар  Оңтүстік Қазақстан облысында қазақстандық-үндістандық тарихи-мәдени байланыстарды жүзеге асыру саласындағы ғылыми ынтымақтастық туралы Орталық Азиядағы сарапшылармен кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Алдағы уақытта Үндістан Республикасы өкілдерінің Оңтүстік Қазақстан облысына келуі және аймақ жобаларының жаңа бағыттарына инвестиция салу жоспарлануда.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі