Бұдан жиырма жылдай бұрын Кендебай Қарабдаловтың суретшілік қырымен аты шыққан еді. Бейнелеу өнерiнiң графика, акварель жанрларымен айналысты. Майлы бояумен кенепке салған кескiндемелерi білікті мамандардың тарапынан жоғары бағаға ие болып, «Көкмардандағы ескi қала орны», «Арыс жағасында», «Таң алдында» деп аталатын полотнолары бiрқатар көрмелердiң бәйгесiн жеңіп алды. Бiрақ кейін бұл өнердi қойып, саздан бұйымдар, ағаштан қобыз, қамыстан сырнай, терiден даңғыра жасауға бет бұрды. Шымкент қаласының «Тұрлан экспедициясы» шағынауданында орналасқан этномұражай Қарабдаловтың ғана емес, өнерлі ұлттың жетістігі болып отыр.
Шетелдіктер көп келетін мұражай
Кендебай аға отбасымен Шымкентке 1996 жылы Отырар ауданынан көшіп келген. Тиісті құжаттарын дайындап, этномұражай ашуға бел буып, білек сыбана кіріскен. 8 жылдан бері мұражай жұмыс iстеп келедi. Онда Кендебай ағаның қолынан шыққан әртүрлі бұйымдарды тамашалауға болады. Сондай-ақ Отырартөбе қалашығында, басқа да жерлерде археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан кезінде табылған ерекше жәдiгерлерді де Кендебай аға көзінің қарашығындай сақтап отыр. «Қағаз жоғалып немесе сарғайып кетеді. Алтын да ерiтiлiп, өзгереді. Ал көзедегi бедерлер өшпейдi. Ешуақытта. Көнеден жеткен осы ерекшелiктi өз жұмысыма пайдаланамын» – дейді қолөнерші. Кендебай аға үйiнiң алдына саз илейтiн, одан балшық күйiндегi қалыпта әзiрленген құмыраларды, сырнайды отқа күйдiретiн жерошақ орнатып, кешендi шеберхана да ұйымдастырған.
Яғни, мұражайға келген қонақтарға әр бұйымның, сазсырнайдың, құмыраның қалай жасалатынын көрсетіп береді. Қызығушылық танытқандарға үйретеді де. ҚР Туризм және спорт министрлiгiмен тығыз байланыста. Бiздiң өңiр Ұлы Жiбек жолы бойында орналасқандықтан, 2009 жылы мұражай ЮНЕСКО бекiткен халықаралық бағыттардың бiрнеше бағдарламасына енгізіліпті. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Республика мәртебесi» атты деректi фильм түсiрiліп, бұл хабар бүкiл әлемге үш тiлде таратылған. Зер салып қарасаңыз, мұражайдың сырты жауын-шашыннан мүжiлген. Сөйтсек ескі заманның көрінісін көз алдыңызға алып келу үшін қолдан әдейі жасапты. Ғаламтор арқылы этномұражай жайлы деректерге қанығып, Америкадан, Франциядан, Жапониядан, т.б. әлемнің әр елінен ат сабылтатындар бар. Еліміздің басқа өңірлерінен де арнайы іздеп келетіндер көп. Ал бізде ше? Шымкентте 90-ға жуық мектеп бар болса, соның 5-6-ның оқушылары ғана барып, қонақ болып қайтқан көрінеді. «Егер мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе бұл мұражайдың мүмкіндігін, қазақ этнографиясының мүмкіндігін бұдан да жоғары деңгейге көтерер едім. Бірақ өкінішке қарай, бізде этнографияға көп басшылар назар аудара бермейді. Өйткені, бәрі жоғарыдан бұйрық күтеді. Ал бұйрық бермесе істемейді. Ағаштың тамыры басында болмайды ғой. Жерде болады. Төменнен басталады. Тамыр деген сөз – тарих. Ата бабаның тарихын, дәстүрін, мәдениетін тірілтуге, мемлекет аямай қаржы бөлсе, далаға кетпейді, – дейді Кендебай аға.
Қылует
Мұражайдың ішін аралап, көп сырға қанық болған соң, қылуеттiң iшiн көруге асықтық. Ауланың ортасындағы күмбездiң есiгiнен енiп, баспалдақтармен жер астына аяңдадық. Қылуеттiң тереңдiгi – 7 метр, енi 4,5 метрді құрайды екен. 2006 жылы Кендебай аға жер астындағы ғимараттардың орынын түсінде көреді. Сосын қолына күрек алып, қылуетті қазуға кіріседі. Бар-жоғы тоғыз айда қазып шығыпты. Жерді қазу барысында «Бір құмырсқаның илеуін бұздыра көрмеші» деп Алладан дұға тілеген.Таңқаларлығы сол, бөтен нәрсе шықпапты. Қылуеттің ішіндегі алғашқы бөлме «Қыш кітаптар бөлмесі» деп аталады. Бөлмедегі пештің қабырғасы 2000-3000 градуста еріген. Яғни, жер астында салынған осындай пештер дом-на пешінің қызметін атқара алады екен. Бірақ бөлме ішіндегі ауа температурасы +35 градустан аспайтынға ұқсайды.
Бұдан шыққан жалын мұржа арқылы келесі бөлменің еденін жылытады. Ал от жағылмаса да қыстың аязды күндері қалыпты 2 градус жылылықты ұстап тұрады екен. Бұрын 8 градус болатын. Жер салқындай бастады-ау, — дейді Кендебай аға. Мұнда бұл бөлмеден бөлек, «Рухани тазару немесе махаббат жазығы», яки Алланың адамдарға шексiз сүйiспеншiлiгiн сезiну бөлмесi, «Қылует бөлмесi», яғни Құран оқитын орын және ағартушылық бөлме деген бөлiктерi бар. Соңғы бөлмеде имандылық иiрiмдерiн қобыздың, сазсырнайдың, қамыс сырнайдың сиқырлы үнiмен бойға сiңдiруге болады. «Ата-бабамыздың саздан бұйымдар, музыкалық аспаптар жасау дәстүрiн жалғастыруды өзiме аманат ретiнде қабылдасам, қылует қазуды адамдарды өздерiнiң ар алдындағы тазалығын сақтауға, кiсiлiк қасиеттерiнен айырылмауға тәрбие беру орны деп санадым. Қылуеттi бiр көрiп шығу арқылы Жаратушы мен Жер-ананың киелiлiгiне бас иеріңіз сөзсіз», – деген ой айтты Кендебай аға.
Қазақты әлемге танытқан аспап
Қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзі Кендебай ағаға арналып айтылғандай. Арнайы музыкалық білім алмаса да қобыз, саз сырнай, шаңқобыз баян т.б. сынды он түрлі аспапта еркін ойнай алады. Көп аспаптарды ағаштан жонып, өзі жасай береді. 1986 жылы он ойықты етіп жасаған сазсырнайы бүкіл әлемге танытты Кендебай ағаны. Сазсырнайды жасауға жергiлiктi этнограф Асантай Әлiмовтiң Отырартөбеден тауып алған, үрмелi музыкалық аспапқа жататын екi тесiктi саз сырнайы себепкер болыпты. Сосын Х ғасырға жататын бұл музыкалық аспапты жетiлдiрудi ойлайды. Халықтық музыка аспаптарын зерттеушi Болат Сарыбаевтың жасаған алты ойықты саз сырнайымен таныс болған Кендебай аға он ойықты етіп жасауға тәуекел етті. Жасап та шықты. Оған «Отырар уiлдегi» деген ат береді. Тұсауын қазақтың біртуар перзенттерi Өзбекәлi Жәнiбеков пен Нұрғиса Тiлендиев кес-кен сазсырнай 1988 жылы Мәскеуде 155 елден 255 ұлт пен ұлыс қатысқан бiрiншi дүниежүзiлiк халықаралық фольклорлық фестивалінде бас жүлденi жеңiп алды.
Осы жылы тағы да Кеңес Одағы астанасында ұйымдастырылған әлемдiк көрмеде «Отырар уілдегі» ЮНЕСКО-ның бас жүлдесiне ие болады. Өткен күннің тәтті естелігін есіне алған Кендабай аға «сол фестиваль мен көрмеде көрермендерге сазсырнайда қазақ әуендерiн орындап бердiм. Өзге ұлттың саздарын салдым. Мәскеуге сырнай жасайтын құралдарымды да ала барып, көне музыкалық аспаптың қалай жасалатынын көзбе-көз жасап көрсеттiм», – деп сазсырнайда сызылта ойнап берді. Он ойықты сазсырнайдың үлкейтiлген үлгiсi бұл күнде Шымкенттiң орталық көшелерiнде орнатылған.
Қобыздың киеcі бар
Қобыз қазақпен біте қайнасқан егіз ұғым. Киелі. Күңіренген қоңыр үнінде ұлтымыздың сан ғасырлық қайғы-мұңы, қуанышы мен шері бар. Ағаштан қобыз жонып, жонып қана қоймай қобызда шебер ойнай алу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Кендебай ағаның алғашында бұл аспаптан да ешқандай хабары жоқ болатын. Бұрын соңды жасап та, тартып та көрмеген. Бiр күні бейтаныс науқас «сен жасаған қобызды тартсам ғана ауруымнан айығамын» деген үлкен өтінішпен келеді. Кендебай аға «Қобыз жасайтын әйгілі шеберлерге ертіп апарайын, мен өмірімде жасап көрмегенмін, қолымнан келмейді» десе де, әлгі кісі табандап тұрып алады. Содан кейін ғана «кім біледі, мүмкін шынымен де Алла шипасын берсе, дертінен айығып кетер» деп Жаратқаннан жалбарына тілек тілеп, тәуекелге бел буып, Бағлан Қуандықовтың өтінішімен қобыз жасауды қолға алады. Алланың құдіретімен көз майын тауысып жасаған қобызы дертті жанның ауруынан айығуына себепкер болады. Сол сәттен бастап қобыз жонуға именбей кiрiсіпті. «Бір жылдары жеті қобыз жасадым, – дейді Кендебай аға. — Бірінен-бірі өтеді. Дауыстары да бір-біріне ұқсамайды. Бөлек.
Сол жаңа қобыздардың арбауына түсіп, соларды ойнап, ескі қобызымды тартуды естен шығарсам керек. Бір күні ойнайын деп қолыма алсам дыбыс шықпайды. Ары тарттым, бері тарттым болмады. Сосын үйдегілерге ұрыстым. Олар қобызға саусақтарының ұшын да тигізбегендіктерін айтып азар да безер болды. Сонда үйдегі жеңгең «Кендебай екі айдан астам уақыт бұл қобызға көңіл бөлмедің, шаң басып тұр. Жаңа қобыздарды тартып, мұны естен шығардың. Соған өкпелі» деді. Қасиетін қарасаңызшы. Сосын «үлкен қобыз сенің жолың да, орның да үлкен, мен қателесіппін. Енді бұдан кейін қандай аспап жасасам да, сені бірінші тартамын» деп уәде беріп, Алланың алдында кешірім сұрадым. Содан кейін ғана дауысы қарлығып шықты. Сондықтан үлкен кісілерді сыйлағанымыздай, не нәрсенің болсын үлкенін сыйлау керек екен».
Сөз соңы
Осы күні саздан құмыра, ыдыс-аяқ жасау — қазақтың ежелгі ата кәсiбi болғанын, көне Отырар, Сауран қалаларының қирандысынан табылған үлгiлер бойынша дәлелдеп, Кендебай аға 2005 жылы әдiлет органына тiркетiп, авторлық куәлiк те алды. Ол барлық жиған-тергендерімен, тәжірибесімен жас ұрпақпен бөлісу үшін кітап шығармақ ниетте. Сондай-ақ ЕХPO-2017 көрмесіне қызу дайындыққа кіріскен.
Айтпақшы…
Тал түсте барған біз этномұражайдан қас қарая бірақ шықтық. Құлағымда қобыздың күңіренген үні, сазсырнайдың сызылған әуені, қылуетте айтылған ғибратты әңгімелері қалыпты. Шымкентте осындай бір мұражай бар. Барып көрдіңіз бе? Барыңыз. Өкінбейсіз. Рухани байып қайтасыз.
Әйгерім Бегімбет