Бізкесте

510

«Шыдамы жеткен шебер болады». Халық арасында бұл сөз жайдан-жай шықпаса керек. Бүгінде он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері аз емес. Бірі өз күшімен ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрсе, бірі мемлекеттің қолдауымен өнері арқылы жеке кәсібін бастап соны дөңгелетіп отыр. Ал олардың арасында ірі компаниялардың жариялаған арнайы грантын ұтып алып сол арқылы танымал болғандар қаншама. Сондай жанның бірі 2012 жылы Петро Қазақстан Ойл Продактс компаниясының «Қолөнерді қолдау» бағытындағы грантын жеңіп алып, кәсіп ашқан Эльмира Шермұханбетова.

Эльмира Шермұханбетова кішкентайынан қолөнерге жақын өскен. Қолына қылқалам алып, сурет салуды ерекше жақсы көретін ол есейе келе дизайнерлік салада өзін сынап көргісі келеді. Қалауы орындалып жоғары оқу орнына киім дизайнері мамандығы бойынша оқуға түседі. Айтуынша, университетті үздік дипломмен аяқтаған екен.

«Университетті қызыл дипломға аяқтағаннан кейін ұстаз болып қызмет атқардым. Сол кезде студенттеріміздің осы қолөнерге деген құлшынысын ашуға тырыстық. Содан кейін Алматыға барып, сән үйлерінде жұмыс істедім. Бірақ ол жақтан кетугетура келді. Өйткені ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында қызмет еткім келді. Халқымыздың ерекше ою-өрнектерін қолдана отырып, ұлттық киімдерді насихаттау ойы есімнен шықпады. Осылайша мен Шымкентке қайттым. Сол кезде көптеген жақсы жұмыстардан ұсыныстар болды. Бірақ мен ешқайсысына қызықпадым. Мен осы қолөнерді үйрететін колледжге ақшасына қарамай келіп қыздарды тәрбиелеуге бел будым. Киім дизайнері мамандығы бойынша студенттермен жұмыс істей бастадық. 2012 жылы еліміздегі ірі компаниялардың бірі Петро Қазақстан Ойл Продакс қолөнер шеберелерін қолдау мақсатында жариялаған грантын ұтып алдық. Біз өзімізге керек заттардың тізімін жасадық. Компания бізге тігінге арналған компютерлік машина, тоқымаға арналған машина сияқты жұмысымызға қажетті көптеген станоктарымызды алып берді. Яғни, біз алдымен жасайтын жұмыстарымызды ескере отырып, оған қандай зат керек екендігін жазып ұсыныс бердік. Олар біздің ұсынысымызға қарай отырып, соған сай қаржы бөлді. Біз де заттарымызды алып жұмысымызды бастап кеттік. Жұмысым жүре бастағаннан кейін мен колледжде өзім сабақ берген шәкірттерімді өзіме жұмысқа тарттым. Мен үш жыл бойына қыздарды жұмыспен қамтамасыз еттім. Одан кейін өзім балалы болып, декретке кеттім. Бірақ қыздар өз бетінше жұмыс істеп үйреніп қалған болатын. Менен кейін де әрқайсысы өз мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастырды».

Эльмира төрт жылдан кейін декреттік демалыстан шығып тағы да жұмысын жалғастырғанын айтады. Қазіргі таңда тек арнайы тапсырыстар алатынын айтады. Жай ғана тапсырыс емес түрлі жобаларға арналған үлкен тапсырыстар.

«Қазір балалардың сүйікті киносына айналған «Қалқанқұлақ» киносының киімдері менің туындыларым. Және ерекше мақтаншпен айтарым бізде өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің тапсырысымен «Төлеби» телехикаясы түсірілді. Білуімше, жақында көрерменге жол тартады. Осы кинода мен ханның, уәзірлердің, билердің Төлебидің әкесінің және Төлеби бабамыздың кішкентай кезінен бастап қартайған кезіне дейінгі бейнесінде жұмыс істедім. Және тағы бір ерекше айтарым, Төлебидің 350 жылдығында бабамыздың шапанын зер кес-те арқылы алтын жіппен тігіп шықтым. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық музейде көптің көзайымына айналып тұр. Алғашында бұл тапсырыс-ты алғанда қорыққаным рас. Өйткені өте жауапты іс. Бірақ сәтті орындап шығатыныма сенімді болдым. Қазіргі таңда тек тапсырыс бойынша жұмыс атқарамын. Осылайша, Төлеби атамыздың шапаны маған құт болып келді. Қазір шүкір жұмысым өте жақсы. Тапсырыстар көп. Бос уақытым бола бермейді. Ең бастысы жақсы көретін ісіммен айналысып келемін».

Он саусағынан өнер тамған Эльмира шебердің жасаған киімдерінің ерекшелігі біз кесте және зер кестемен тігуінде. Ол қолөнердің осы бір түрін көрген сәттен ерекше жанына жақын қабылдағанын айтады.

«Студент кезімде осы бізкесте өнерін бір оралман апайымыздан көрдім. Бұл өнер түрі жаңалық болды. Өнерге деген махаббатым оянып, осы өнермен рухани бақытқа кенелгендей болдым. Былайша айтқанда өз-өзімді таптым. Бізкесте маған ертеден жалғасып келіп кейін ұмытыла бастаған өнердің қасиетін аша бастағандай сезім қалдырды. Бізкесте ең алдымен үлкен шыдамдылық пен махаббатты талап етеді. Бұл іске келген адам өз ісін жақсы көріп келуі керек. Әйтпесе, болмайды. Әрине үлкен еңбекті қажет етеді. Бірақ еңбегіңе сай ақың да жаман емес. Қаржыдан бұрын бұл осы саланы жақсы көретін адамдарға арналған қолөнер жолы. Мен осы өнер арқылы өз-өзімді бағалауды үйрендім. Адами қасиетімді арттырдым десем болады. Қолөнердің құдіреті күшті ғой. Мен осы қолөнердің арқасында мұхит асып жер көрдім. Көптеген байқауларға қатыстым. Жүлделі орындарым көп болды».

Кейіпкеріміз осындай биік асуларға жетуіне себепкер болған Петро Қазақстан компаниясына алғысы шексіз.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №24, 12 маусым 2019 ж