Өзектіге-бір өлім. Қазақ қайтыс болған адамды арулап жерлеп, әруағын сыйлауды маңызды парыз санайды. Алайда осы бір үрдіске заманның, дәлірегі медицинаның кей талаптары кедергі келтіріп жатады. Мәселен, мәйітхана. Қайтыс болған адамның тәнін тексеріп, орын алған өлімнің себебін анықтау үшін жүргізілетін зерттеу көпке ұнай қоймайды, жүйкесін тоздырады. Оның үстіне ел арасында мәйітхана жайлы түрлі қаңқу әңгіме желдей еседі. Таяуда мәйітханаға, осы «құпия» тіршілікке үңілу үшін бас сұққан едік.
«Нұрсәт» шағынауданында орналасқан мекемеге батпақты жерге төселген тас жолмен жүріп келем. Қақпасы жоқ қызғылт қоршауға «морг» деген жазумен жол көрсетіп қойыпты. Темірден соққан сұр есігіне де жеттім. Маңдайша тағып, «ОҚО патологиялық анатомия бюросы» деп жазыпты. Ішкен ене сала, бас дәрігерді сұрадым. Ұзын дәлізге қарай жөн сілтеді. Құйқамды шымырлатқан ішкі түйсігім осы орайда сабасына түсті. Сұр ойым сейіліп, мәйітхананы қорқынышпен қабылдаған психологиялық ахуалым да жақсара түскендей. Міне, бас дәрігердің кабинеті. Марат Мырзабайұлы Мошқалов. Екі қағып, бөлмеге бас сұқтым. Микроскопқа ғалымдарша үңілген кісі отыр.
– Марат Мырзабайұлы сіз бе? – деймін амандықтан бұрын. Зерттеуін доғара сала, «иә, мен» дейді. Сәлемдесіп, мұнда келуімнің себебін айттым.
– Сонда мұнда не қызықтыруы мүмкін? – дейді таңдана.
– Бәрі қызықтырады, – деймін, қойын дәптерімді шығарып. Менің бұл әрекетімнен қазір кете қоймайтынымды сезді ме, алдындағы микроскопты әрі қойып, «сұраңыз» деді.
Басынан бастасақ…
«Бұл мекеме бастапқыда облыстық жедел жәрдем ауруханасының базасында құрылған екен. Ол кезде екі бөлімше ғана жұмыс жасайтын. Ал Тәуелсіздік алған жылдары жүйе толығымен өзгеріске ұшырап, 1992 жылы екі бөлімше біріктіріледі де, «Шымкент қалалық бюро» болып құрылады. Ал 2006 жылы бұл атау тағы өзгеріп, облыстық деген мәртебеге ие болған. Бұл нағыз серпіліс жылы болды», – дейді бас дәрігер. Себебі, осы уақыттан бері заманауи жабдықпен жұмыс жасауға мүмкіндік туыпты. Ескі ғимарат күрделі жөндеуден өтеді, білікті мамандар дайындалып, жұмысқа деген құлшыныс пайда болады. Сол жылдары ұжымды басқарған Мұратхан Рысбекұлы Қопабаевтың еңбегін атап өтпеске болмайды. Себебі, министрліктен бөлінетін қаржы да, көмек те ең алдымен тірі адамдар емделетін мекемелерге бөлінеді. Үнемі ысырылып, шетте қалатын нысанның бірегейі патнатомдық ұйымдар. Ал бұрынғы басшы Мұратхан Рысбекұлы осы тұста бюроның жақсы жағдайда жұмыс жасауына көп тер төгіпті. Қош. Жағдай түзелді, ғимарат жөндеуден өтті. Бірақ шешілмеген мәселе баршылық еді.
Соның ең бастысы – кадр тапшылығы. Мәйітханада жұмыс жасаушылардың дені-қырықтың қырқасынан асып қалғандар. Әрине, жас мамандар қажет. «Мәйітханада қызмет жасаймын» деп білек түріп келетін жастар да жоқ. Не істеу қажет? Бұл күн тәртібіндегі ең басты сұрақ болды. Тек 2010 жылы ғана мекеме медициналық білім беретін оқу орындарымен тығыз жұмыс жасап, жас кадрларды тартты. Қазір маман тапшылығы бұрынғыдай күрделі мәселе емес. Дегенмен, патологоанатомдардың қатары әлі де аз.
Жұмысымыз ауыр…
Облыстық патнатомиялық бюросының негізгі бағыттарының бірі- биопсиялық зерттеу тәсілі болып табылады. Биопсия – грек тілінен аударғанда, «bio» – өмір , «opsi» – көру деген мағына білдіреді. Негізінен биопсия тәсілі – диагнозды анықтау немесе толықтыру жағынан ең бір қолайлы тәсіл. Шынын айту керек, көп адамдар мәйітхана десе, тек қайтыс болған адам түсетін жер деп ойлайды. Шындығында олай емес, мәйітхананың өзі екіге бөлінеді. Бірі – сот сараптама орталығы болса, екіншісі – патоморфология орталығы. Қазіргі таңда халықтың еті мен құлағы тек сот сараптама орталығына үйренген, мұндай мәйітханаға төбелестен, апаттан, бір сөзбен айтқанда оқыс оқиғалардан, төтенше жағдайлардан қайтыс болған мәйіттер жеткізіледі. Сосын сол мәйітке сараптама жасалып, қорытындысы арнайы органдар мен туысқандарына беріледі. Ал екінші, яғни біздің мәйітхана туралы халық әлі ештеңе біле бермейді. Патоанатомиялық бюросына аурудан қайтыс болған мәйіттер ғана әкелінеді.
Сондай-ақ мұнда аурудың пайда болуы, оның дамуы мен себептері зерттеледі. Яғни тірі адамдар да келеді. Патнатомиялық қызмет арқылы осындай аурулар, оның себебі мен түрлерін зерттеу Қазақстанда, ТМД мемлекеттерінде, тіпті дүниежүзінде көптеген күрделі, біз білмейтін аурулардың алды алынып, олар жылдан жылға азайып келе жатыр. Көп медициналық зерттеулер көрсеткендей, қазіргі таңдағы басты мәселе – диагноздың мәйітке емес, тірі адамға дер кезінде қойылуы болып отыр. Дұрыс қойылған диагноз науқастың дұрыс ем қабылдауына, тез жазылып шығуына жәрдемдеседі. Патнатомиялық зерттеулер біздің уақытымыздың 70-80%-ын алады. Дәл осы пайыз біздің бөлімге түскен тірі науқастарды қарау, оларға диагноз қою, зерттеу жұмыстары үшін кетеді. Мұны гистологиялық зерттеу дейді. Ал қалған 20% жұмыс мәйітханада атқарылады.
2010 жылға дейін облыс өңірінде санаулы ғана гистологиялық зертханалар болған. Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен 2011 жылы облыс аудандарындағы патнатом дәрігерлері облыстық патнатомиялық бюросына біріктірілді. Нәтижесінде мұндағы дәрігерлерінің тәуелсіздігі, жұмысының сапасына және тиімділігінің жоғарылауына жол ашылды. Сонымен қатар қайтыс болған науқас өлімінің себебін анықтауда да маңызды зерттеулер жүргізіле бастады. Бұрын науқас қайтыс болды ма, болды. Ауырды ма, ауырды. Емдеуші дәрігердің қорытындысы дұрыс па, дұрыс болатын. Ал қазір, жағдай басқа. Дәрігердің диагнозды бұрмалауына жол жоқ. Мәселен, бір ауруханада науқас қайтыс болды делік.
Мәйітханаға мәйітпен бірге дәрігердің науқас қалай және неден қайтыс болғандығы туралы қорытынды жазбасы да келеді. Мұндағы мамандар марқұмның денесін кесіп-жарып, ең маңызды деген ағзаларының тін жасушаларын зертханалық тексеруге алады. Зерттеу нәтижесіне сай диагноздың дұрыс-бұрысы немесе дәрігердің бұрмалаушылығы анықталады. Егер қорытынды шешім сай келмесе, емдеуші дәрігердің қызметіне нұсқан келері сөзсіз. Осы орайда дәрігер мен патнатом мамандардың арасында кикілжіңнің орын алатыны белгілі. Тағы бір қиындық бар. Қайтыс болған жанның жақындары мәйітті зерттеу уақытын алады. «Кестірмейміз, ешқандай ағзасын бермейміз» деп «бүлік» шығаратын туған-туыстардың әрекеті мұндағы мамандарды мезі ететін жағдайлар. «Біз мәйітті өз еркімізбен кесіп-жаруға құқымыз жоқ. Міндетті түрде туыстарының келісімі қажет. Ал олар келіспесе, өлім себебін анықтай алмаймыз, бәлкім бұл дәрігердің қатесі шығар. Ақ-қарасын анықтауымыз қажет. Кейде мәйіттің туыстарынан ауыр сөздерді де естіп жатамыз. «Сендер ағзасын алып қаласыңдар», – дейді.
Бізде ол ағзаны сақтайтын орын да, жағдай да жоқ. Мәйітті ертерек алып кеткенін өзіміз де қалаймыз. Бірақ міндетті түрде зерттеуіміз қажет. Егер зерттемесек, мұнда неге отырмыз?!» дегенді айтады Марат Мырзабайұлы. Қазіргі таңда 4 ауданда (Сайрам, Түркістан, Ордабасы, Арыс) гистологиялық зертхана жұмыс істеп жатыр. Жуырда Сарыағаш ауданы, Абай елді мекеніндегі пайдалануға берілетін жаңа аурухана құрамында заманауи жабдықтармен қамтылған зертхана ашылмақ. Ал Созақ, Төлеби және Шардара аудандарында маман жоқ. Осы мәселе әлі де шешімін таппай отыр.
«Ғимаратымызды «қорқынышты» кейіптен шығарамыз»
Мәйітханада жұмыс істеу өте қиын. Ондағы жасалатын жұмыстар көзге түрпідей тигенімен, онда біздің медицинамыздың дамуы үшін өте қажетті зерттеулер жасалынады. Жасыратыны жоқ, мәйітхананың атын естісе болды көп адамдардың төбе шашы тік тұрады. Бірақ онда жасалатын зерттеулер ең алдымен, біздің өзіміз, ұрпағымыздың болашағы үшін өте қажет. Бүгінгі науқастың ауруының ертеңгі күні алдын алу үшін осындай зерттеулер жасалуы әбден қажет. Біз үшін бұл мамандық қиын болса да, еліміздің ертеңі үшін еңбек етіп жүргенімізді ойлаймыз. Сонда барлық қиындық ұмытылып кетеді. Ал ғимаратымызға келсек, мұнда қоныс аударып келгенімізге небәрі екі айдан асты. Аз-кем жөндеу жұмыстарын жасаймыз. «Нұрсәт» жаңа аудан. Сондықтан жасыл желек аз. Бұл мәселені де ұжым болып шешпекпіз. Ауламыз да көктемде абаттандырылып, жасыл желекке оранатын болады. Сырт көзге де, өзімізге де әдемі болып көрінетіндей жағдайды жасаймыз. Сондықтан мәйітханадан қорқудың қажеті жоқ.
Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА