Әлеуметтік нысандар құрылысын қарқынды жүргізген өңірлердің бірі Оңтүстік Қазақстан облысы. Облыста әлі де болса мектепке, балабақшаға зар ауылдар бар.
Мысалы, облыста үш ауысымда оқитын мектептер саны кемімей отыр. Ресми деректерге сүйенсек бұл жөнінен Ордабасы ауданы көш басында. Сайрам мен Сарыағаш сияқты халқы тығыз орналасқан аудандардағы ахуал да осындай. Мектеп жетпейді. Оқушылар қысылып-қымтырылып бір сыныпқа симай отырады. Үш ауысымда оқитындықтан сабақ уақыты қысқартылған. Бұл өз кезегінде білімнің сапасына да кері әсерін тигізері анық. Білім сапасы демекші бұл мәселеге кеше білім басқармасының бастығы Альбина Елшиеваның жылды қорытындылаған есеп беруінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатты шүйлікті.
«Облыс бюджеті 364 млрд дейтін болсақ соның 3/1 бөлігі білім беруге жұмсалып отыр. Компьютер керек дедіңдер, 11200 компьютер әпердік. Бірақ, осыдан білім сапасының артқаны қане?! Білімнің сапасын арттыру үшін не жасап отырсыңдар?!» деді әдеттегі қалпынан ажырамай сұрақты төтесінен қойып. Альбина Елшиева былтырғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша төмен көрсеткішке ие болған мектептерді, аудандарды атап өтті. Есебінде айтылған дәйекті қайталап. Тұщымды жауап ести алмаған облыс әкімі қайта шүйлікті.
«Сол ҰБТ-да төмен көрсеткіш көрсеткен аудандарға шара көрілді ме? Қанша директорды қызметінен босаттыңдар?!» деді қайтадан. Облыстық білім басқармасының бастығы тағы да тұйыққа тірелгендей болды. Себебі, білім басқармасы ұсыныс хатпен жергілікті әкімдіктерге ғана шыға алады екен. Аудандық білім бөлімін тағайындайтын аудан әкімі. «Қаласа алады, қаламаса босатпайдының» керін келтірді.
Ал мектеп директорларын өз кезегінде аудандық білім бөлімі тағайындайды. Ол да солай. Қаласа…Альбина Елшиеваны «аяп» кеттім. Жыл бойы атқарған жұмысы мына сұрақтардан соң түкке алғысыз болып қалды.
Алайда олай емес екен. Өз саласындағы проблеманы жасырып қалған да емес. Мысалы, бюджеттен бөлінген қаржыға ауданға керек мамандарға тапсырыс беру, Шымкенттегі көп колледжден «бізге мынадай мамандық иесі керек. Осыны бітірген маманды бізге жіберсеңіз» деп аттай қалап алу ісінде аудан басшылары адаса бастапты. Мысылы Қазығұрт ауданынан колледжге 175 мұнайшы керек деген тапсырыс түсіпті. Альбина Елшиева өз баяндамасында осыны жайып салды.
Апыр-ай, Оңтүстіктің, оның ішінде Қазығұрттың баурайынан мұнай атқылағалы жатыр екен ғой деп қалдық. Қарық болады екенбіз деп қуандық. Есесіне, аграрлы аймақ саналатын Созақ, Сарыағаш аудандарынан агрономға, малдәрігерге деген тапсырыс тым аз. Олай болмаса, бюджеттін қаржысына маманға тапсырыс беріп, оқыту ісіне аудан әкімдерінің жүрдім-бардым қарағаны ғой?!
Облыс басшысы мұны да сұрады, шегелеп тұрып. «Қайсы аудан әкмідері бар тағы? Олар қандай мамандыққа тапсырыс берген сонда?». Нақты жауабы жоқ па, әлде журналистер отырған жиында айтқысы келмеді ме Елшиева ханым бұл сауалды да жауапсыз қалдырды.
Айтпақшы…
Шымкенттік мектеп оқушыларының «ауыл квотасы» үшін, елдегі баланың ауызындағысын жырып әкету ісі биыл да тиылмай отыр екен. Қазірдің өзінде Шымкенттегі мектептерден ауылға 761 бала ауысып кетіпті. 11 сыныптың оқушылары. Міне, осылай ҰБТ-ның көрсеткішін түзету үшін ауыл мектебінің директоры жанталасса, қаладағы ата-ана 20 пайыздық жеңілдік үшін ауылдағы қаракөзге тиесілі квотаны ауыздарынан жырып кетпек. Бұл жылда көтерілсе де тиылмай отырған мәселе.
Мәселе дегеннен шығады. Мектептердегі қылмыс атаулыны жою, жасөспірімдер арасындағы түрлі қақтығыстарды болдырмау үшін әр мектепке бейнебақылау құрылғысын орнату қолға алынған. Облыс әкімі бұл тәжірибенің тиімділігін тексеріп көрдіңдер ме, дұрыс па екен бұл әдіс? Қылмыс шынымен азайды ма?» деп сұрап еді Елшиева ханым «Ия, дұрыс! Басқа аудандар Шымкент қаласынан, Төлеби ауданынан үлгі алса екен» деп салды.
Жауабы нақты, тез айтылды. Өкінішке орай, ең көп бейнебақылау құрылғысы орнатылған Шымкенттің мектептерінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс азаймай тұрғанын кешегі аптада өткен облыс прокурорының есебінен-ақ көру қиын емес. Олай болса, бейнебақылау құрылғысымен қылмысты азайтамыз деу қисынға келмейді.
Төлебиде де солай. «Отырар» телеарнасы өткен жылы мектеп оқушылары арасындағы кикілжіңді, мектеп-интернаттағы келеңсіз жағдайларды дәл осы ауданнан көп түсіргенін осы сайттың мұрағатындағы макалаларды ақтарып отырып-ақ сараптауға болатын шығар.
Жә, несіне таусыламыз. Есеп беру деген біздің өңірде «есеп үшін» жасалады ғой. Жұмысына сын тағылған басқарма басшыларына есеп берудің қорытындысы бойынша жаза көрілгенін әлі көргеніміз жоқ. Оның үстіне есеп беру тек облыс әкімі үшін ғана өтетін іс-шарадай. Елдің алдында есеп беру басқарма басшыларының ойында мүлдем жоқ. Берсе де тек өз саласының мамандары алдында мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы ауруханаларға барып, дәрігерлерді жиып, білім басқармасы мектептерге барып, мұғалімдерді жиып есеп береді. Ал онда басшыға қарсы сұрақ қою, саланың кемшілігін айту, ұсыныс беру…әй, қайдам, бола қоймайтыны айдан анық. Олай болса, мұндай есеп беруге облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарын қатыстырған абзал шығар. Тым болмағанда «Мәслихат депутаты-халықтың өкілі, халық қалаулысы» деген аты бар ғой…
Бірді айтып, бірге кеткеніміз емес. Білім саласындағы кейбір кемшіліктерді облыстық балалардың құқығын қорғау басқармасының бастығы Ғалия Жүсіпбекқызы Жүсіпова да тізбектеп берді.
— Өкінішке орай, мұғалімдер тарапынан балаларға қол жұмсау, оқушының абыройына тию фактілері тіркеледі,-деді Ғалия Жүсіпова. — ҚР «Білім туралы» Заңының 14-ші бабына сәйкес білім мекемелерінде білім алып, тәрбиеленіп жатқан балаларға қатысты зорлық көрсетуге, психологиялық, моральдық зардап келтіруге, денесіне зақым келтіруге жол берілмейді деп көрсетілсе де, шынайы өмірде келеңсіз жағдайлар орын алып жатады. Шымкент қаласындағы бір бала бақшаның меңгерушісі ВИЧ жұқтырған баланың төсек жабдығын үйде жуып келуге мәжбүрлеуі, немесе, Қазығұрт ауданында мектеп асханасының жұмысшылары осы статустағы баланың жеке ыдыс- аяқ әкелуге мәжбүрлеуі балаға көрсетілген психикалық зомбылықтың бір формасы деп айтуға болады Әйтсе де, шымкенттегі жекеменшік «Төржан» гимназиясы бастауыш сыныптың екі оқушысын статусы белгілі болған күні оқудан шығарып тастауы, сонымен қатар ол балаларды «Арман» жекеменшік гимназиясына да орналастыру мүмкін болмауы – ВИЧ-пен ауыратын балаларға деген біздің білім беру ұйымдарының ғана емес қоғамның көзқарасы.
Ғ.Жүсіпованың баяндамасын ары қарай тарқатып оқитын болсақ… Бәйдібек ауданындағы Қайнар орта мектебінің өзін-өзі тану пәнінің адамгершілік құндылықтарды дәріптейді деген мұғалімі, әрі мектеп психологы 1-класс оқушысының басын бірнеше рет қабырғаға соққан. Нәтижесінде баланың миы шайқалып, оң жақ құлағы естімей қалған. Түркістан қаласының Ж.Еділбаев атындағы мектеп-гимназиясының бейнелеу пәні мұғалімі оқушыны соққыға жыққандығы туралы арызы қаралды. Шымкент қаласындағы №52 мектеп мұғалимасы 5-сынып оқушысын көзінің кемшілігіне байланысты ар-ожданына тиетін сөздермен сыныптастарының алдында келеке етіп, психологиялық травма алуына, соңы оушының оқудан түбегейлі бас тартуына әкеп соққан. Созақ ауданы Ы.Алтынсарин мектебі директорының орынбасары бала тәрбиесінде ұру-тебу әдістерін кеңінен қолданатыны жандарына батқан бір топ ата-ана Премьер-министрдің блогына хат жазуға мәжбүр болған. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданында «Дарын» мектебінде оқушыны заңсыз мектептен шығару орын алғандығы дәлелденді. №3 М. Ломоносов атындағы мектеп директорының бағаны әділ қоймайтыны, сабақ өтпейтіні, пән мұғалімдері бағаны өзгерту үшін сыйлық сұрайтындығы жөнінде арыз болды. «Білім туралы» Заң талаптарын көрінеу бұзып, мектепке қабылдаудан бас тарту фактілері өте көп. Мұғалімдер тарапынан бала құқығының бұзылғанына шағымданған арыздар Шымкент қаласындағы №10 мектептен, № 70 «Балапан» балабақшасының, №31 «Ертөстік» бала бақшасының үстінен, Түлкібас ауданы, Жаскешу мектебінен түсуде. Шымкент қаласындағы «Болашақ» жекеменшік мектебінің әкімшілігі оқудан шығарылған балалардың құжаттарын бермеуі себепті 2011-2012 оқу жылында оқумен қамтылмай қалған екі баланың бұзылған құқығы қалпына келтірілді. 2012 жылы департамент тарапынан 134 баланың құқығы қорғалды.
2012 жылы департаментке 84 жеке және заңды тұлғалардың жазбаша арыз-өтініштері келіп түсті. Арыз-шағымдар бойынша 6 зерделеу, 5 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 2 мұғалім жұмыстан босатылды, 2 мектеп директорына қатаң сөгіс, 1 мұғалімге соттың шешімімен ҚР ӘКБтК 79-3 бабы 2-бөліміне сәйкес, 50 АЕК көлемінде яғни, 75 600 теңге айыппұл салынды. Сайрам ауданында мектеп оқушыларын заңсыз тергегені үшін 2 полиция қызметкеріне тәртіптік шара көрілді, Төлеби балалар үйінің тәрбиешісі тәрбиеленушілерге дөрекі мінез-құлық көрсеткені үшін жұмыстан босатылды»
Есеп беруге қатысып көріңіздер. Қызық екен.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ak2_U3c7WYo[/youtube]