«Ордабасыға» деген махаббат

Жандос Медиаманов
Жандос  Медиаманов
Жандос
Медиаманов

«Негізі «Орда» фан-клубы 4 адамнан құралған. Оларды таныстыра кетсем, Екатерина Пак, Шыңғысхан Әбдіразақов, Бексұлтан Жорабай және мен – Жандос Медиаманов». «Ордабасы» футбол клубының жанкүйері Жандос бізбен сұхбатын осылай бастады. Бұл есімдермен оңтүстіктің футболсүйер қауымы жақсы таныс. Олардың ғаламтордағы жүздеген суреттерін көрмеген шымкенттік кемде-кем болар.

«ордабасы» клубына арналған бірде-бір сайт жоқ
«Ордабасы» клубына арналған бірде-бір сайт жоқ

– Шымкентте «Ордабасының» ойынын жібермей көретін жанкүйерлер Құдайға шүкір жеткілікті, алайда клуб қарамағында ашылған бірде-бір жанкүйерлер клубы жоқ. Тек X-fans деген бейресми, алайда ең жанашыр жігіттер жиналған фан-қозғалыс бар. Қазіргі таңда заманауи техникалар дамыған кезең десек те ғаламтордан «Ордабасыға» арналған фан-группа, фан-сайттарды іздеп таппадық, тапсақ та көптен бері мәлімет салынбаған, былайша айтқанда жарты жолда жұмысын тоқтатқан топтар көп екен. Ал «Ордабасы» клубының жаңалықтарын іздеп оқитын жастар баршылық. Жастардың көп шоғырланған ортасы, әрі мүмкіндігі жоғарылауы әлеуметтік желілер екені рас. Соның өзінде «Ордабасы» туралы тек «Вконтакте»-ден ғана ақпарат таба алдық.

Осыдан барып, желіде фан-клуб ашып, тәжірибе жасап көрейін деген ой келді. «Ордабасының» қанша жанкүйері барын да білгіміз келді. О баста Шыңғысхан екеуміз жаңалық, сурет, бейнероликті күнделікті салып тұратынбыз, яғни көптеген сайттардан, газет-журнал, теледидардан алынған материалдар бір жерге жиналса, топтасса дедік (авторға сілтеме жасай отырып, әрине). «Ордабасы» туралы көп білгісі келетіндерге де оңай болар еді деген ой келген. Содан біртіндеп, бізге Бексұлтан мен Екатерина өз ниеттерін білдіріп, «командаға» қосылды. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп аталарымыз айтқандай, ынтымақ пен түсіністік нәтижесінде біздің топтың даму қарқыны едәуір жақсарды. Қазір барлығымыз бауыр басып, сыйласқан бір жанұя мүшесіндейміз. Әрбіріміз барымызды салып, тырысып бағудамыз. Ал футбол маусымынан тыс уақытта клуб жайлы жеңіл әзілдер мен қызықты немесе әдемі фотоларды салып отыруды әдетке айналдырдық.

Суреттерді ойыншылардың жеке парақшаларынан, nashfootball.kz, kff.kz, fanatik.kz және өзге де спорт сайттарынан аламыз
Суреттерді ойыншылардың жеке парақшаларынан, nashfootball.kz, kff.kz, fanatik.kz және өзге де спорт сайттарынан аламыз

– Мұны «Ордабасы» футбол командасының мүшелері біле ме?

– Біздің фанаттар тобы құрған әлеуметтік желіге (vk.com) бас команда ойыншылары мен дубль ойыншыларының біразы кіріп, бас сұғып тұрады. Біздің бұл идеямызды қолдап, қуанғандары да жетерлік. Біз ойыншылардың немесе клуб мүшелерінің көңіліне тимейтін, жеңіл әзілді және басқа фотоларды да жасаймыз. Мысалы, экс-ойыншымыз Дәуренбек Тәжімбетовтың ВК-дағы парақшасының аватарында біздің группамен жасалған сурет тұр. Ал өз басым тағы бір танымал әлеуметтік желіде (facebook.com) фан-топтың суреттерін өз парақшама салып отырамын. Ол желіде отыратын командамыздың ойыншылары, тіпті легионерлеріміз суреттерді көріп, ризашылықтарын білдіріп жатады.

– Мұныңызды хобби деуге бола ма?

– Басында хобби еді. Енді, мінеки, уақыт өте келе бұл клубқа деген махаббатқа ұласып, міндетіме кіргендей. «Ордабасы» туралы ақпараттарды, суреттерді жаңартып тұру міндетім деп қабылдаймын.

– Суреттерді қайдан аласыздар, оны фотошоппен өңдеуді кім жасайды? Уақытты қайдан табасыздар? 

– Суреттерді ойыншылардың жеке парақшаларынан, nashfootball.kz, kff.kz, fanatik.kz және өзге де спорт сайттарынан аламыз. Біздің мақсат – сәнді, мәнді және сапалы фото жасау. Фотоларды дарынды жігіттер Бексұлтан мен Шыңғысхан екеуі жасайды. Ал Екатерина екеуміз жаңа идеялар қосып, кейбір осал жерлерін түзеп, шабыт береміз деп айтсақ артық болмас. Бос уақытымызды арнаймыз. Қазіргі заманда креативсіз өмір қызық емес. Мақсатымыз – футболсүйер қауымға жағымды суреттер мен бейнероликтер көрсету.

Сүйікті командамыздың әрбір үйдегі ойынын жергілікті облыстық «Отырар» телеарнасынан
Жанкүйерлер сүйікті команданың әрбір үйдегі ойынын жергілікті облыстық «Отырар» телеарнасынан тамашайды

– Ақша табу көзіне айналдырып көрмедіңіздер ме? Мысалы, футболшылардың өздері суреттерді сатып алсақ деген ниеттерін білдіретін шығар… 

– Жоқ, бұл ақша табатын кәсіп емес. Себебі, мұнымен біз тек қолымыз бос кезде айналысамыз және бұл іс материалды тұрғыдан әрі шығынсыз, әрі пайдасыз. Біздер бірнеше адам болғандықтан фан-топ жетімсіремейді, әр кезде тым болмағанда аз уақыт болса да біреуіміз өз парақшамызда отырамыз. Түсірілген суреттер мен бейнероликтерді өзіміздің группаға арнайы пайдаланамыз. Шыңғысханның өз фотоаппараты бар, алайда футболшыларды түсірген болсақ ешкімнен ақша сұрамай, қайта суреттерді тегін жазып береміз. Футболшыларымыздың қуанышы біз үшін ақшадан маңыздырақ.

– Бұл кәсіпті жалғастыру үшін алда қандай жоспар бар?

– Шағын ғана ғаламтордағы виртуалды парақша деңгейінен көптеген жанкүйерлердің басын қосатын нағыз әлемдік деңгейдегі шынайы фан-клуб болғымыз келеді, фан-клуб мүшелері ретінде стадионда кемінде 500 адам жиналсақ дейміз. Команданы жігерлендіретін, рухтандыратын баннерлер жасап, өлең-шумақтар айтып және ешқашан стадионда бөтелке мен бөтен заттар лақтырмайық деген насихат жүргізгіміз келеді. Ендігі мақсат – бүкіләлемдік жанкүйерлік мәдениетті дамыту.

Сүйікті командамыздың әрбір үйдегі ойынын жергілікті облыстық «Отырар» телеарнасынан, я болмаса өзге арналардан көрсетсе деген өтінішіміз бар. Алдағы уақытта бізде жанкүйерлерді қуантарлықтай жаңалықтармыз жетерлік. Бізге қолдау көрсетіп жатқан «AppleSin» IT-компаниясына үлкен рахмет айтамыз. «Нашфутбол.кз» сайт ашуына жәрдем бергендеріне ризамыз. Осы компанияның арқасында жақын уақытта «Ордабасы» клубының әлемдік деңгейдегі жаңа үлгідегі ресми сайты ашылады. Қол ұшын беріп жатқан спорт жанашыры, спортсүйер ағаларымызға шын алғысымызды білдіреміз.

– Әуестігіңіз арта берсін!

Сұхбаттасқан – Сарбиназ АЛДАБЕРГЕНОВА