Түрмеге жылу жинауда

ОҚО прокуроры Ибрагим Иманов
ОҚО прокуроры Ибрагим Иманов
ОҚО прокуроры Ибрагим Иманов

Өңірде көлеңкелі қаржылық ұйымдарға қатысты қылмыстар өршіп тұр. Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын әрбір 3-ші алаяқтық іс банктен заңсыз жолмен несие алып беруге әрекеттенген пысықайларға қатысты болып келген.

Ал бүгінде бұл заңсыздық басқаша рең алып отыр. Облыста несие беруге ешқандай заңды рұқсаты жоқ кәсіпкерлер көбейген. Көздегені – қаржыдан қысылғандарға қарыз беріп көмектесу емес, керісінше, шағын көлемде несие беру арқылы қомақты пайдаға кенелу. Күмәнді қаржылық ұйымдар нотариустармен келісіп, 10 мың доллардың несиесін рәсімдеп беріп, 50 мың долларға бағаланатын баспанаңызды тартып алудан да тартынбайтын секілді. Былтырғы жылы облыстық прокуратура осы тақылеттес істерді қарап, шарасыз азаматтарға араша түскен. Бұл туралы ОҚО прокуроры Ибрагим Иманов мекеменің былтырғы жылғы жұмыстарын қорытындылаған жиында баяндады.

Сондай-ақ прокурорлар күннен-күнге жиілеп бара жатқан жасөспірімдер қылмысынан да айналып өте алмады.Мамандар облыс аумағындағы мектептерде оқушылардан ақша жинау деректерін анықтаған. Өткен жылдың өзінде білім мекемелерінде осындай 5 дерек расталып, мектеп оқушылары жазаға тартылған. Сорақысы сол, жеткіншектерден жиналған қаражат бас бостандығынан айырылған сотталушыларға «греб» ретінде жолданатын көрінеді. Қазіргі таңда осындай заңсыздықтарды әшкерелеу мақсатында құқық қорғау органдары өкілдері тарапынан арнайы 123 мобильдік топ құрылып, анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Құзырлы орган тарапынан жасөспірімдер қылмысына балта шабады деген мақсатта жасалып жатқан шаралар шаш етектен келсе де бұл заңсыздық тыйылатын емес. Сондай-ақ өңірде жер дауына да дауа табылмай тұр. Облыс орталығының өзінде былтырғы жылы 800 гектардан астам жер телімінің заңсыз үлестірілгені анықталып отыр. Елбасы қала тұрғындарының санын 1 млн-ға жеткізу туралы тапсырма бергені есімізде. Егер жер болмаса, осынша халықты қалай сыйдырамыз деген сауал бүгінде құзырлы мекемелердің күн тәртібінен түспей келеді. Ал жерді атасынан қалған мұрадай үлестіріп беріп отырғандардың мұнымен ісі де жоқ. Сала мамандары енді мемлекет мүлкіне көз салғандардың ісін майшаммен қарауға бекініп отыр. Қызметіне немкеттілікпен қарайтын дәрігерлерге дау айтып келетіндер де көбейген. Өткен жылы облыста дәрігерлердің үстінен 149 шағым түскен. Ал биыл айналдырған екі аптаның ішінде ақ халаттыларға көңілі толмаған 2 бірдей азамат арызын айтып келген.

Былтырғы жылы құзырлы органның назарына іліккен қылмыстар қатары осылай өрбіп отыр. Қадағалаушы орган шараларын ширатып, қырағылықтарын күшейтпесе, қылмыс әлемі құзырлыларға да бет қаратпай кететін түрі бар.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=DQKRuFq99eI[/youtube]