Өңіріміздегі «Жастар орталығының» басшылығы 2012 жылы атқарған жұмыстарының есебін берді. Бұл жиынға Шымкенттің белсенді жастары мен аудандардағы жастар орталықтарының директорлары, депутаттар және БАҚ өкілдері қатысты. Жыл бойы атқарған жұмыстарымен толық таныстырған орталықтың директоры Ханай Әшірбеков, өткен жылы облыстық бюджеттен өздеріне бөлінген 52 млн.теңгенің жұмсалу жолын да жіліктеп түсіндірді. Ал қоғамның, әсіресе жастардың басты проблемасы – жұмыссыздықпен жүргізген күресін де ұсынды көпшілік назарына.
Ханай Әшірбеков, ОҚО «Жастар орталығы» МКМ директоры: «Алайда, облыс бойынша жалпы жұмыссыздар саны 45 мың адамды құрайтын болса, оның 14,9 мыңы (30%) жастардың үлесінде.Соның ішінде биылғы жыл басынан жұмыспен қамту органдарына жұмыссыз ретінде 32,6 мың адамның 14,9 мыңы немесе 45,7 пайызы 14-29 жас аралығындағы жастар. Осы жастардың 8 577-сі немесе 69,1 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 548 адам кәсіби оқуға жіберілсе, 3 179-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жастарға қатысты жұмыссыздық ең бірінші кезекте мектеп бітіруші түлектерден бастау алады яғни мамандықты еліміздің онің ішіндегі Оңтүстік Қазақстан облысымының даму преспективаларына қатысты етіп таңдау мәселесі».
Дегенмен, біткен іске айтылар сын болмай қалмады. Мысалы, «НұрОтан» партиясының қалалық филиалының төрағасы Өмірзақ Мелдеханов мекеменің атқарған жұмыстарын, жастардың жаттанды сөздермен сөйлегенін сынады.
Өмірзақ Мелдеханов, «НұрОтан» партиясының қалалық филиалының төрағасы: «Мынау іс-шараларға
қарап отырсам, барлығы өзге мекемелерге тиесілі шаралар. Бірі – мәдениет басқармасына болса, енді бірі спорт саласынікі. Сонда сендер әрқайсысынан жұлыр-жұлып алып, жылдық есепті түзесіңдер ме?! Соларға жұымыс жасап жүрсіңдер, соларға қызмет жасап жүрсіңдер ғой. Бұлай болмайды. Сендердің жұмыс жоспарларың бұл емес. Сендер жастар – замандастарың үшін қызмет етесіңдер! Жастарды қолдау үшін отырсыңдар бұл жерде! Жастарды бизнеске баулу қажет! Бизнесте қолдау қажет! Жастарға жұмыс беру қажет! Ал сендер бұл жұмысты атқара аласыңдар ма? Қазір қарап отырсам, өзге департаменттердің тек барып кел-шауып келі болып қапсыңдар. Сендер мұнда сырттан қарайтын емес, іштен қарайтын жастардың жанашырларысыңдар — осыны ұғыңдар алдымен! Ал қазір мен сұрайтын болсам сұрағым көп Сіздерге! Қанша жас жұмысқа орналасты, “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша қанша жас қолдауға ие болды, қайсысының жағдайы қандай? Қайсысы үй-жайлы болды? Бұның барлығына жауап та бергілеріңіз келмейді. Сонымен қоса мына қағаздарды қарап отырсам, Сіздерде 3 бөлім жұмыс жасайды екен. Талантты жастарды қолдау бөлімі дейді – ал айтыңыдаршы қаншама талантты жастарды қолдап, өсіріп, аяғынан тұрғызып жібердіңіздер? Кім жауап береді бұған? Ал мұнда тағы жастарды жұмыспен қамту бөлімі де жазылыпты. Бұл шаруа қалай болып жатыр? Мәселен жастарды жұмысқа тарту анау қаржы бөліну тағысын-тағылар… Ал содан кейінгісі бұл орталық жалпы қалада жас қанатқа қолдау ретінде ұйымдастырылған болатын. Сіздер жас қанатты ұмытып кеттіңіздер! Былайша айтқанда мынау “Жастар орталығы” тек 15-20 адамға жұымыс орны болып қана қалды. Ал расында бұл орталық бүкіл облыстың жастарына қамқор болар орталық! Бұл жердегі қателік орталық басшысы негізгі міндеттерді түсінбеуі деп білемін. Сондықтан құр сөзден гөрі, іске көшкен дұрыс! Жалпылама сөз, сөз жарыс, жаттап алған сөздерді айтып, көзбояушылық жасаудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Азаннан қара кешке дейін көшеде арба тасып, тіпті жұмыссыз жүрген жастар жетерлік. Көшеде отыр. Небір мықты жігіттер де жүр осылай. Солармен кімдер жұмыс жасады? Ешкім жұмыс істеген жоқ! Тіпті оларға барған да жоқсыңдар! Ізін де көрмедіңдер ғой! Сондықтан сөзден гөрі, іске көшіп, мынау “Жас қанатпен” біріге отырып, жүйелі жұмыс жасағандарың дұрыс! Ал бюджеттен келетін қаржыға келетін болсақ, саған қанша қаржы бөлінетін болса, соның барлығы да ертең тексеріледі. Ол ақша аспаннан түсіп жатқан жоқ, ол жұрттың салықтан жинаған қаржысы! Жұрттың қалтасынан жинаған! Айтпағым әрбір жұмыстың жауапкершілігі болады! Мұны мен ғана емес, Елбасы да айтып отыр. көпшілік алдында сөйлеуді үйрендіңдер. Әйтеуір оған да шүкір дейміз, біз ”.
Ал арнайы жиынға келген белсенді жастардың да орталық басшысына реніші бар екен. Жиын басталалысымен сөз алуға талпынған олар, кеш соңында көкейіндегі ойын жеткізді.
Тұрсынай Түзелбекова, ОҚПУ-дің студенті: “Әрине, біз олардың бюджетіне араласа алмаймыз. Бірақ біздің көңіліміз қалып жүргені сол – жоғарғы оқу орындарының немесе қоғамның тек көшбасшы жастарын – қаймақтарын ғана сырып алып, солармен ғана жұмыс істейді. Ал қалған жастар жастар саясатына араласа алмай немесе қоғамнан тасада қалып қоя береді. Бұл жағдай біздің де болашағымызға әсер етеді ғой. Осыны түсінсе екен”.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға “Жастар орталығына” облыстық бюджеттен 2009 жылы 12,3 млн. Теңге қаржы бөлінген болса, ал 2010 жылы 28,7 млн. теңге, 2011 жылғы қаржы 45 млн. 911 000(мың) теңге қаралған. Ал 2012 жылы облыстық “Жастар орталығына” бөлінген қаржы 52 млн. 767 000 (мың) теңгені құрады. Сондықтан қаржыдан тапшылық көрмейтін орталықтан жемісті жұмыс талап етілуі дұрыс-ақ.