Қаһарман азамат қандай құрметке болса да лайық! Құдай сақтағанда өлім тырнағынан аман қалған қос сәбидің ата-анасы осылай дейді. Балғындардың бүгінгі халі жаман емес. Таяуда өзге үшін өз өмірін қауіпке тіккен азамат соларға қонаққа барып қайтты.
Үй иесі қос ұлын ажал аузынан сақтап қалған Амангелдіні қақпаның алдынан күтіп алды. Ер-азамат сол күннен бері осы отбасының бір мүшесіндей болып кеткен.
Оқыс оқиғадан кейін ес жиып, етек-жеңді жинаған соң Досжановтар әулеті берген құдайы асының алғашқы қонағы да осы Амангелді болды.
Көп балалы болған соң ба, өзі бір балажан азамат дейді отағасы. Айтуынша, екі күннің біріне Амангелді хабарласып, ауруханадағы Бекайдардың жағдайын сұрап тұрады.
«Құдайға шүкір, сіздің кіші балаңыздың халі жақсы» деп мен де хабарласып тұрамын» дейді,- Ғабит Досжанов.
Осы сәтте сабағынан Жанайдар да келді. Үйге кіре сала Аман ағасына тұра жүгірді. Бала болса да өрт құшағынан суырып алған көкесін ұмытпаған. Інісін сағынғанын айтады. Қазір Бекайдар ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, беті бері қарады. Ал апалары қос құлынының басына түскен сол оқиғаны еске алғанда даусына діріл араласты.
«Екі баламды аман алып қалған Амангелдінің өзін де аман алып қалайықшы! Оған тез арада көмек қажет. Осыған басшылар назар аударса»,- дейді Тамара Құрамысова. Еске сала кетейік, 24-қаңтар күні Шымкентте шаңқай түсте көлік өртене жөнеледі. Оның ішінде екі сәби болған. Лаулап жанып жатқан көліктің қасына жүздеген адам жиналып қалған, алайда ешқайсысы көмекке келмеген. Тек сол маңнан өтіп бара жатқан Амангелді ғана көліктен түсіп, тұра жүгіреді. Өзінің мүшкіл халіне де қарамады ол. Бар білетінім — бүлдіршіндерді құтқару болатын дейді қаһарман азамат.
«Біз өзіміз қиналып жүреміз. Мына диализде жүретін адамдар біледі — күніне 3-4 сағат жатасың. Аптасына 3 рет барасың. Бар уақытың осымен кетеді деуге болады. Қиналып жүргеннен кейін осы дені сау балалар аман қалсыншы деген ой келді. Мені қоя берші, маған ешнәрсе болмас, балалар аман болсыншы дегеннен басқа ештеңе ойламадым сол кезде. Мен батырлық қылайын деп жасаған жоқпын ол әрекетті. Азаматтық борышымды өтедім деп ойлаймын. Айтылып жатқандай, награда, атақ-абырой қажет емес, ең бастысы — сол бүлдіршіндер аман болса, болды!»
Амангелдінің өзінің қос бүйрегі ауырады. Сондықтан жұмыс та істей алмайды. 5 баласымен пәтер жалдап тұрады. Дегенмен ағасы өмірдің қиындықтарына мойымайды. Өзі аса қарапайым. Көпшіліктің назарын аударғанына қысылып та жүр. Менің сол күнгі әрекетім ерлік емес, жай ғана азаматтық борышым дейді.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VwaGfQaG4UQ[/youtube]