Шымкенттік бүлдіршіндер балаларды қорғау күнін атап өтті

87

Үшінші мегаполистің бүлдіршендері 1 маусым – балаларды қорғау күнін тойлады. Жаздың алғашқы думанды мерекесі қаланың басты алаңында өтті. Шара барысында 500-ге жуық бала алаңда сурет салып, дарынды өнерпаздардың қолөнер туындылары көрмеге қойылды.

Шымкенттік бүлдіршіндер балаларды қорғау күнін атап өтті. Мегаполистің басты алаңында өткен салтанатты шарада қала өнерпаздары әннен шашу шашып, балапандарға арналған мерекелік қойылымдар көрсетілді. Өз кезегінде дарынды балалар түрлі-түсті бояумен сурет салып, ата-аналары мен келген қонақтарға өнер көрсетті.

Толғанай Төрегелді, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен бұл күнді асыға күттім. Өйткені бұл – балаларды қорғау күні. Бұл біздің күніміз., бұл күн өте қызықты өтеді, біздің ата-анамыз барлық айтқанымызды істейді, қалаған нәрсемізді әпереді. Бүгінгі көңіл-күйім өте керемет! Мынандай концерт болған күні кім қуанбайды».

Никара Шекербек, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгін балаларды қорғау күні. Маған бұл мереке қатты ұнайды. Балаларға мол денсаулық тілеймін. Балалар бақытты болып жүре берсін!».

Алаңда түрлі қолөнер туындыларынан құралған көрме қойылды. Онда балалардың қолымен жасалған керемет туындылар орын тапқан. Мерекелік іс-шара орыс драма театрында жалғасты. Бүлдіршіндерді жаздың алғашқы күніндегі қос мерекемен құттықтауға қала әкімі де келді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Халықаралық балаларды қорғау мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұрпағымыз мемлекеттің мәңгілік азаматтары болып, елімізді мәңгілікке шығаратындай жолға жете берсін! Ал оған біз тілектес болып жүре берейік!».

2022 жыл – «Балалар жылы». Ал Шымкентте 250 мыңға жуық оқушы бар. Оның 500-ден астамы жыл басынан бері білім мен ғылым, өнер мен спорт салаларында түрлі жетістіктерге жетті. Ал бүгінгі мерекелік іс-шарада марапатталған түрлі байқау жеңімпаздарына жазғы лагерге 10 күндік жолдама сыйға тартылды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Биыл қаңтардан бастап Шымкентте бастауыш сынып оқушыларына 1 мезгіл ыстық тамақ беріле бастады. Оқушылар сарайы салынып жатыр, шығармашылық орталық салынып жатыр. Ең бастысы мектептердің техникалық базасы нығайып келе жатыр.  Адамзаттың бақыты -балалар. Оларға барлық жағдай жасалуы керек».

Мегаполисте балалар жылына 42,9 млрд теңге қаржы қаралған. Жауаптылардың сөзінше, жаңа оқу жылында 17 мектеп пайдалануға беріледі. Ал жоспар бойынша 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мүлдем болмайды.

Гүлдана Дәурен