Қаладағы 3 ауданда жағдай 3 түрлі

Ал коммуналдық сұрақтарын арқалай келген аудан тұрғыны Нәлікүл Ақылбекова осы есепке әрең кіргенін айтып, наразылығын білдірді

Қайда барсақ та есеп беру. Бұған елдің еті үйренгені сонша есеп дегенді естісе қолын бір сілтейтін болған. Сонда да болса айтайық, бір қалада тұрып, үш аудан тұрғындарының жағдайы үш түрлі екен. Неге дейсіз бе? Бәлкім бәрі де аудан әкімдерінің іскерлік қабілетіне байланысты болар.

 Ал коммуналдық сұрақтарын арқалай келген аудан тұрғыны Нәлікүл Ақылбекова осы есепке әрең кіргенін айтып, наразылығын  білдірді
Ал коммуналдық сұрақтарын арқалай келген аудан тұрғыны Нәлікүл Ақылбекова осы есепке әрең кіргенін айтып, наразылығын білдірді

Әл-Фараби ауданы:

Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының әкімі Нұрбақыт Иманқұлов аудан тұрғындарымен кездесіп, халық алдында әкімдіктің 2012 жылы атқарған жұмыстары жөнінде есепті алғашқы күні қаладағы №45 мектепте өткізді. Есеп беруде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау, көріктендіру мен санитарлық тазалық, абаттандыру, сауда саласы, жылу энергиясымен қамтамасыз ету, ауызсу, электр энергиясы және табиғи газбен қамтамасыз ету, әлеуметтік сала, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени іс-шаралар бағыттарындағы атқарылған ауқымды істер мен шешімін күтіп отырған мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды.

Әкімнің есептік баяндамасында көпқабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарқын ала бастағаны айтылды. Сонымен қатар аудандағы 211 ауланың санитарлық тазалық жұмыстарын, ішкі орам жолдарын тазалау, өсік шөптерді ору, қоқыс қалдықтарын тазалау жұмыстарын «Су Сіңген» ЖШС-і атқаратыны белгілі болды. Көше бойындағы ирригациялық жүйелерді тазалау «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і, «Югдорсервис» ЖШС-і өз мойындарына алса, қураған ағаштарды бұтау, түптерін әктеу және бұталған ағаштарды шығару «Бәйтерек Л.Б.» ЖШС-нің еншісінде. Қатты тұрмыстық қалдықтарды қалалық күл-қоқыс орнына шығарып тастайтын «ОрионНовТех» ЖШС-і өз жұмысына салғырттық танытқанның арқасында, қоқыс алаңшалары санитарлық қауіпті жағдайға тап болып келе жатқаны да әкімнің назарынан тыс қалмады. Бұл келеңсіздікті жою мақсатында күл-қоқыс тазалауға барлық күш жұмылдырылып келеді екен. Коммуналдық қызметпен аудан тұрғындары барынша қамтылғанын да осы баяндамадан аңғарып отырмыз. Жиналғандардың «жылу қымбаттай ма?» деген сауалына әкім: «Әзірге жылу ақысы қымбаттайтыны туралы ешқандай мәлімет жоқ», – деді.

Басқосуға қатысып, әкімнің есебін тыңдаған қалың көпшілік әл-Фараби аудандық әкімдіктің 2012 жылы атқарған қыруар жұмысына оң бағасын беріп, қанағат сезімдерін білдіріп тарасты.

Сұлтан ХАН

Еңбекші ауданы:

Еңбекші ауданындағы үлкен мәселелердің бірі ол 2007 жылы Сайрам ауданынан қосылған елді мекендердің коммуналдық мәселелерін шешу. Бұл мәселе әсіресе Тассай ауылы бойынша әлі де созбалаңға салынып келеді. Тассайлықтар өздерін не қалалықтарға не Сайрам ауданының тұрғындары есебіне жатқызарын білмей дал. Осыдан барып, жер салығын, мүлік салығын қайда, қалай төлеуін білмей бас қатырып жүргендері аз емес. Ал биылдан бастап тағы да Сайрам ауданынан бірнеше ауылдар Еңбекші ауданына қосылатындығын ескерсек, бұл жұмыстың ауқымы артып, мәселесі үдей түсетін жайы бар. Дегенмен, ауданның тізгінін 7 ай бұрын қолына алған әкім Әлімжан Құртаевқа артылып отырған сенім жүгі аз емес. Біраз шаруаны шешіп те үлгерген жайы бар. Өткен жылы 653 млн теңгеге аудандағы ішкі орамдық және магистралды ауызсу жүйелерінің құрылысы жүргізілді. Үш елді мекенге су жеткізудің жобалық-сметалық құжаттары жасалынды.

Аудан тұрғындарын электр жарығымен қамтамасыз ету үшін 255 млн теңгеге жұмыстар атқарылып, жобаға енбей қалған көшелерді анықтау шаралары іске асып жобаға түзетулер енгізілді. Бұл тұрғыда осы ауданнан сайланған мәслихат депутаттарының көмегі көп болыпты.

Абай ауданы:

Аудан әкімі Жамбыл Байғонов алғашқы есеп беру жиынында 40 минут бойы дайындап келген баяндамасынан бас алмады. Бұған тұрғындар әзер шыдаса керек. Әкім сөзін аяқтағаны сол екен, жиналған көпшілік сұрақтарын жаудырды да кетті.

Дегенмен, әкімдіктің есік алдында тұрған кезекші-қызметкерлері көпке дейін халықтың сұрақ беруіне кедергі келтіріп бақты. Ал коммуналдық сұрақтарын арқалай келген аудан тұрғыны Нәлікүл Ақылбекова осы есепке әрең кіргенін айтып, наразылығын білдірді. «Проблемамды айтамын деп келсем, кіргізбей мазалады мені» дейді ол. Нәлікүл сияқты жарықтың, жолдың жырын айтқалы келген көптеген тұрғын «аудан әкімінің жүзін де танымаймыз. Алдына барсақ қабылдамай жібереді» деп налыды.

Мысалы, «Ынтымақ» шағынауданының тұрғыны Салмаханбет Мүшелбаев «біз еш жерде есепте жоқпыз, бұл қалай болғаны» дейді. Көпшілікке керегі жол, қоғамдық көлік, ауызсу, жарық, көгілдір отын. «Қаладан шет орналасса да, ХХІ ғасырға лайық өмір сүргіміз келеді» дейді олар.

Алайда ауданда жағымды жаңалық жоқ, ешқандай игі іс атқарылмаған деуден аулақпыз.

Мысалы, өткен жылы «Тұрлан» шағынауданындағы 18 көшенің 3-еуі асфальт-танып, екі-үш аулаға балалар алаңшасы орнатылған. Ал «Құрсай», «Самал-3», «Достық» және «Ақтас» шағынаудандарын ауызсумен қамту мәселесі биыл шешілетін болды. Оған қаржы да қаралыпты. Жол құрылысына да көңіл бөліне бастаған. Аудан әкімінің айтуынша, былтыр ауданда 110 шақырымды құрайтын 92 көшеге орта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл үшін бюджеттен 3 млрд-қа жуық қаржы жұмсалған.

Ардақ ЖАҚСЫЛЫҚОВА

Шынар ОРАЗОВА