Кешегі аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласындағы жеңіл атлетикалық спорт кешенінде 2012 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп берді. Жиынға 1,5 мыңға жуық адам қатысты.
Есеп беруден байқағанымыз облыс басшысының баяндамасынан соң сөз алғандар қатары көп болды. Олар атқарылған іске оң бағасын бере отырып, көкейде жүрген біраз мәселені алға тартты. Негізі облысқа Мырзахметов басшы болып келген соңғы төрт жылда облыс басшысы бармаған ауыл жоқ десе болады. Содан да болса керек облыстағы 900 елді мекеннің әлеуметтік картасы жасалынған. Қай ауылға не керек? Мектебі бар ма? Емханасы жұмыс істей ме? Ауызсу тапшылығы жоқ па? Осы сауалдардың барлығына жауап сол картаға ендірілген. Сол карта бойынша, әр жыл сайын кезекпен ауылдардың мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, былтырғы жылы республика бойынша іске қосылған 114 мектептің үштен бірі (42 мектеп), пайдалануға берілген 84 денсаулық сақтау нысандарының 51-і немесе 61%-ы – Оңтүстік Қазақстанда. «Балапан» бағдарламасы бойынша үш жылда облысымызда 884 мектепке дейінгі ұйымдар іске қосылды.
Бүгінгі таңда 217 елді мекен ауызсумен қамтылған. 2012 жылы облыс бюджетінің жалпы көлемі 52,7 млрд теңгеге (16,9%) өсіп, 363 млрд теңгені құрады, оның ішінде даму бюджеті 80,7 млрд теңге болды (2011 жылы – 69,3 млрд теңге).
Мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа төлемдердің көлемі 187,7 млрд теңгені құрады, оның ішінде облыс бюджетіне 64,0 млрд теңге түсіп, 2011 жылмен салыстырғанда 8,6 млрд теңгеге, немесе 15,6%-ға артты. 2012 жылы облыста бюджет және құрылыс көлемі еселенгеніне қарамастан бюджет қаржысының игерілуі 99,6% болып, бұл көрсеткіш бойынша республикада бірінші орында.
«Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 29 жоба іске асып, жаңадан 2216 жұмыс орны ашылды. Бағдарламадағы жобалардың саны бойынша облысымыз елімізде 1-орында. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 109,4 мың бірлікті, жұмыс істейтіндердің саны 286,9 мың адамды құрады. 467,4 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өнім көлемі 102%-ға (республикалық көрсеткіш – 100,2%) жетіп, республикада 3-орынға тұрақтады. Салық төлемдері 29,7 млрд теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есеге өсті. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 68,8 млрд теңгені құрайтын 168 жоба мақұлданды, 2076 жұмыс орны ашылып, 3771 кәсіпкер оқытылды. Жобалар бойынша облысымыз алғашқы бестіктің қатарында.
Ауылшаруашылық саласында өндірілген өнім көлемі 246,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 108,9% болды. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз былтыр 1-орында болды. Есепті жылы жалпы егіc көлемі 9,0 мың га ұлғайып, 742,2 мың га жетті. 2012 жылы 21,0 мың га суармалы жер қосымша іске қосылды. Жалпы, соңғы 3 жылда қайтарылған жерлер: барлығы – 567 мың га, оның ішінде суармалы – 145 мың га. Республика бойынша қайтарылған суармалы жердің көлемі 196 мың га, облыстың үлесі – 74%. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстың тарихында болмаған 1,1 млн тонна бақша өнімі жиналды. Өткен жылдың ауа райының қолайсыз, құрғақ болуына қарамастан озық агротехникалық тәсілдерді енгізудің арқасында мақташылар алғаш рет гектарынан орташа 27 центнер өнім жинады.
Жылыжай көлемі 570 га жерге жетіп, 2011 жылмен салыстырғанда 200 га немесе 1,5 есеге артты. Облысымыздың республикадағы үлесі 87%-ды құрады. Былтырғы басты жаңалық Шымкент, Кентау қалаларының бас жоспарының бекітілуі болып отыр. Облыстағы тұрғындар саны 5 мың адамнан аспайтын 56 елді мекенде дамыту мен құрылыс салу схемалары (бас жоспары) әзірленді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей есеп беру жиынында облыс әкіміне сауал қоюшылар қатары көп болды. Олардың бірі жол-көлік оқиғаларының тым көбейіп кеткенін, жол жүру ережесін қадағалауға тиісті жол полициясының атқарып отырған қызметіне көңілі толмайтындығын айтса, енді бір коммуналдық қызмет түрлері үшін тарифтің тым артып отырғанын жеткізді.
Жиналғандарды әсіресе «Білім саласында былық көп. Пара алудың «тарифі» күн санап өсіп отыр. Бұған қашан тыйым болады?» деген сауал селт еткізді.
Облыс әкімі білім саласына бөлініп отырған қаржы көлемі жыл өткен сайын арта түскенін жеткізді.
– Өкiнiшке қарай, осынша қомақты қаржы бөлiнiп, қолдау көрсетiлгенiне қарамастан көптеген мектептерде бiлiм берудiң сапасы төмен күйiнде қалуда. Мұны былтыр өткен Ұлттық бiрыңғай тестiлеу көрсетiп бердi. Биыл талап одан да күшейтiледi. Тиiстi нәтижеге жете алмағандарға қатысты осындай шешiм қабылдайтын боламыз, – дедi Асқар Исабекұлы.
Коммуналдық қызметтің бағасына байланыс-ты да облыс басшысы бұл мәселені үкіметтік деңгейде монополистермен бірлесе отырып қайта қарау керектігін айтты. Себебі расында да Өзбекстаннан газ алатын облысымызда газ бағасы көрші Жамбыл облысынан қымбат. «Полторацкий» газ қоймасы Тараздан гөрі Шымкентке жақын бола тұра, тасымал үшін ақы аз жұмсалатынына қарамастан баға бізде өсіп отыр.
Қысқасы есеп беру жиынынан ел атқарылған жұмыстармен қатар алдағы күні жүзеге асатын біршама жаңа жобалардың жайымен де танысып қайтты. Ал өз кезегінде облыс әкімі кейбір тексеруді, анықтауды қажет ететін нақты сауалдар бойынша БАҚ арқылы алдағы кезде жауап берілетіндігін уәде етті. Айтылған сын, өтініштерден, ұсыныстардан қорытынды шығару керектігін сала басшыларына ескертті.
Осылайша Асқар Мырзахметов аудан әкімдеріне елге жақын болудың үлгісін көрсеткендей болды.
Жарқынбек СЕЙТІМБЕТҰЛЫ, ОҚО Білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет төрағасы
– Осыдан 3-4 жыл бұрын мектепке мұғалім болып кіру ставкасы 500 доллар болатын. Қазір 3 мың долларға көбейіп кетті. 600 процентке өсіп кетіпті. Кеше ғана ауруханада жатқан әйелдермен кездестім. «Нұрсәттегі» мектепке менен 3 мың доллар сұрады дейді. Не деген сұмдық. Темірланға барсам мұғалімдер айтады «бізден ай сайын 2 мың теңгеден жинайды» деп. Не үшін жинайды, не үшін бересіңдер десем, «аман-есен жүргендерің үшін» дейді. Көрдіңіз бе? Ай сайын заңсыз ақша жинайды екен мектеп басшылары. Бұған тоқтам бола ма?
Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі
– Әңгімені айтып қоя салмау керек, бұл кемшілікпен Сіз бен біз болып күресуіміз қажет. Жалғыз әкім, жалғыз әкімшілік мұны шеше алмайды. Мен ешкімді аяғалы отырған жоқпын. Керек болатын болса мен сізге айтайын дәлел ретінде, ҰБТ қорытындысы бойынша шектік деңгейі 25 балдан жоғары болмаған мектептердің басшыларының бәрі қызметінен алынсын дедім. Бірақ сол алынғаны бүгінгі таңда бар-жоғы 60-ақ адам. 30-ы директор, 30-ы орынбасары. Қалған 300-іне білім бөліміндегілер сөгіс пен ескерту ғана беріп қойған.