Қазіргі адамдар бір-бірімен мүлде сөйлесуді қойған! Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында премьералық қойылымы өткен спектакльдің айтары осы. «Бір түп алма ағашы» пъесасы о баста жазылған уақыттан бері талай қазақ театры сахнасының сәнін келтірген.
Дәметкен екі ұл, екі қыздың анасы. Алма ағашы секілді жайқалып өскен отбасының балаларының ішінде мүгедек Мақсаты ғана жанында. Өзгелері жырақта. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты ананың туған күніне перзенттері жиналады. Басты кейіпкер Дәметкеннің рөлін театр әртісі Раушан Салова сомдауда.
Раушан Салова, Дәметкеннің рөлінде: «Қойлымнан өзіме үлкен, өнер сөзімен айтқанда «багаж» алдым. Осы уақытқа дейін аналардың түрлі бейнесін сомдап келдім. Ал бұл өзімнің жан дүниеме қонымды образ болды».
Оқиға сол туған күнге жайылған дастарханнан басталады. Сырттай төрт құбыласы теңдей көрінген ұл-қыздары өздерінің басындағы кішігірім ауыртпашылықты жайып салады. Бұған дейін проблемасын айтпақ түгілі бауырлар бір-бірімен сөйлеспейтін де еді.
Иманәлі Сапаров, спектакльдің қоюшы режиссері: «Сен не істеп жүрсін, бауырларыңмен сырласып, сөйлесіп жүрсін бе? Басқалармен әңгімелесіп жүрсің бе? Жоқ, сыртынан өкпелеп, тон пішіп, ол жаман адам екен деп көреміз. Адамның жаманы жоқ.Барлық қасиет бойымызда бар. Бірақ, бір-бірімізбен сөйлесе келе, оның ішінде не жатқанын, қандай ой өріп жүргенін, пікірін білеміз. Сол арқылы жақындасамыз».
Осы күндеріне тәубе етпегендер бақыттымын деп жүрген анасының көңілін түсіреді. Бәрінің күйттегені өздерінің қамы. Тек анасының жанында жүрген мүгедек баласы ғана өзгелерін басуға тырысады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jp7DdiuyKGs[/youtube]