Шымкентте полиция майорын алаяқтық үшін соттады. Абай аудандық соты учаскелік инспекторға үкім шығарды. Іс материалдарына сәйкес, сотталушы полиция майорының қызметін атқара келе, ОҚО тұрғындарын құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрғызуды уәде еткен. Көмегі үшін сыйақы сұраған. Полицей сол арқылы 40 адамнан 25 миллион теңге көлемінде ақша алыпты. Шымкенттегі Абай аудандық сотының судьясы С.Тоқбергеновтің айтуынша, сотталушы мүлкінің тәркіленуімен жалпы режимдегі түзеу колониясында бес жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан басқа, ол полиция майоры атағынан да айырылды.
Ресми мәліметтерге қарағанда, жалпы, өткен жылы еліміз бойынша 1600-ден астам лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жемқорлық және экономикалық қылмыс жасап қолға түскендердің ішінде 450 лауазымды тұлға республикалық, 1200 лауазымдық тұлға қалалық және аудандық деңгейдегі шенеуніктер. 2012 жылы анықталған 9 мыңнан астам қылмыстың төрттен бірі ауыр және аса ауыр қылмыстар. Анықталған экономикалық қылмыстардың 90%-дан астамы көлеңкелі экономика саласына қатысты.