Оның үйі РЕЗИДЕНЦИЯ…

«Шешінген судан тайынбас» деген ұстаныммен бірден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін сомдауға кірісіп кетеді

Гиперреализм. Бұл мүсін өнерінің жаңа бағыты. Жаңа дейміз-ау, шын мәнінде бұл өнердің өмір сүріп келе жатқанына жарты ғасыр болған. Ал біздің елде бұл жанрда танылған бірде-бір суретші не мүсінші болмапты. Бұл түсінікті де. Себебі, әлем бойынша гипперреализмнің дамуы баяу. Меңгергендер саусақпен санарлық. Бағымызға орай жалғыз болса да талантты бір қазақтың баласы шықты.

«Шешінген судан тайынбас» деген ұстаныммен бірден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін сомдауға кірісіп кетеді
«Шешінген судан тайынбас» деген ұстаныммен бірден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін сомдауға кірісіп кетеді

Айдос Есмағанбетовтың жасы 26-да. «Бейнелеу және сызу өнері» факультетін тәмамдаған. Бұл күнде Астана қаласында тұрады. Айдос бейнелеу өнерін бала кезден-ақ жақсы көріп, шебер меңгерген. Ал жаңа өнердің ағымына жақында ғана бет бұрыпты. Онда да, АҚШ-тың президенті Барак Обаманың балауыздан жасаған мүсінін теледидардан көріп, аңсары ауғанын жасырмайды. «Шешінген судан тайынбас» деген ұстаныммен бірден Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бейнесін сомдауға кірісіп кетеді. Өнердің негізгі ережесі бойынша мүсін балауыздан жасалуы керек. Бірақ балауыз қымбат тұрады. Оның үстіне оңай табылмайтын олжа. Ойлана келе, Елбасының мүсінін Айдос силиконнан жасауды ұйғарады. Бір жылдай уақытын сарп еткен ол Президенттің мүсінін сәтті сомдап шығады. Мұнысына таң қалғандар көп. Шаттығы шабытын шыңдай түсіп, жігіт авторлық құқыққа ие болуды ойлайды. Бірақ талай жердің табалдырығын тоздырып, «қымбат» құқықты ақыры ала алмайды.

«Президенттің мұражайына тұңғыш жұмысымды өткізем ғой деген арманым әлі орындалмады» дейді ол. Өйткені, оған арнайы сараптама жасалуы керек, жинайтын құжаттары да көп екен. Елбасының силиконнан жасалған сұлбасы бұл күнде Алматы қаласындағы Орталық мұражайда тұр. «Жәдігер-лер қата-рына тұсау-кесері өткізілген-нен кейін ғана қосылады» деген жауап алыпты. «Әлі хабар жоқ» дейді шебер.

Осылай екен деп қарап отырған Айдос жоқ. Тағы бір жұмысты қолға алды. Белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің кеңесімен Абылай ханның 300 жылдығына орай хан бабаға арнап мүсін жасайды. Жарты жылда хан мүсіні де аяқталып, өз үйінің төрінде тұр. Елбасының екінші мүсінін қайта жасап, Абылайдың жанына жайғастырыпты. «Ол бөлме хандар резиденциясы» деп әзілдейді Айдос.

Гиперреализм – бейнеленген заттың сырт көз аңғара бермейтін тұстарын сол қалпында суреттелуін немесе адамның әр тал шашынан бастап, әр  қыртысына дейін айна-қатесіз сомдалуын  талап ететін өнер.
Гиперреализм – бейнеленген заттың сырт көз аңғара бермейтін тұстарын сол қалпында суреттелуін немесе адамның әр тал шашынан бастап, әр қыртысына дейін айна-қатесіз сомдалуын талап ететін өнер.

Бір мүсінді жасап шығару үшін 10 келіге жуық силикон қажет екен. Қазақстанда, тіпті ТМД елдерінде силикон сатылмайды. Интернет арқылы арнайы тапсырыспен Германиядан алдырыпты. Бір келі силиконның бағасы сапасына қарай 50-100 мың теңге тұрады. Оның сыртында полиэстер, шыны талшықтары (стекловолокна), мүсіннің үстіне кигізетін киімді қосыңыз. Яғни бір мүсінді дайындап шығу көп еңбек пен қажыр-қайратты және қомақты қаржыны талап етеді. Ол қаржыны Айдос өзі салған портреттері мен картиналарын сатып табады. Демеушісі өз әкесі Әкімғали Есмағанбетов.

Айдостың арманы өнерін қолдайтын адамдар табылса, гиперреализмді әлемге танытқан әйгілі Джеймс Салмон, Рон Муэк, Дуен Хэнсон сынды шеберлердің жолын қуып, «Мадам Тюссо» мұражайы сияқты мұражай ашқысы келеді. Мұра-жайының атын сүйік-ті туындысымен атауды да жоспарлап қойыпты. «Бұл әзірге құпия» дейді ол. Қиялындағы мұражайда Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Ақан сері мен Біржан сал сынды шоқтығы биік тұлғалардың мүсіні тұрса деп армандайды.

Хандарды мүсіндейтін Айдос
Хандарды мүсіндейтін Айдос

Тағы бір мақсаты – кино саласына ену. Актер болу емес. Тарихи фильм-дерге балауыздан жасалған бутафория яғни жасанды бас, қол, аяқ жасау. «Мұндай заттар әсіресе тарихи туындылар мен қорқынышты фильмдерге қажет», – дейді кейіпкеріміз. Осы мақсатпен Алматыға келіп, режиссерлерге де жолығыпты. «Мың бала түсіріліп жатқанда Ақан Сатаевқа ұсыныс айтып едім, қатты қызықты. Болашақта бірге жұмыс жасайық, қазір фильмнің бюджеті жетпейді, бірақ мүсіндерің шынайы екен деп шығарып салды. Күтіп жүрмін…» деп мұңын жасырмады. Гиперреалистің айтуынша, бұл өте жан-жақты нәрсе. Тек мұражайларға, киногерлерге мүсін жасап қана қоймай, медицинаға да пайдалануға болады. Мысалы, адамға жасалған протезді силиконмен қаптап, шынайы өң беруге мүмкіндік бар.

Айдостың негізгі мақсаты – Елбасының бейнесін сомдап, атын шығару емес. Еліміздің басқа озық елдермен терезесі тең болуы үшін барлық салада да артта қалмауына атсалысу. «Гиперреализм елімізде дамуы керек. Ол үшін Қазақстандағы өнер мектептері мен бейнелеу өнерін оқытатын оқу орындарына барып, гиперреализмді дәріптеген жөн. Біріксек күш боламыз», – дейді жас мүсінші. «Бір-бірінен аумай қалған батырлардың ескерткішін орната бергенше, жаңа бағытқа бет бұрсақ, талай туындының шығары анық. Жұрт тамсанып қарайтын тұлғалар еліміздің әр өңіріне сән беріп тұрса несі айып?» – дейді. Біздің Айдосқа айтарымыз біреу ғана. Сәттілік серік болып, мақсатың орындала берсін!

Ақмарал Мырзахметова