Шымкентте өрт екі адамның өмірін қиды. Бұл жайындағы суыт хабар кезекші бөлімге тағы сағат 8-ден 33 минут өткенде келіп түскен.
Дабыл бойынша екі арнайы топ шұғыл аттанып, арада 5 минут өткенде Линейная көшесіндегі 48-үйге жетеді. Көршілердің айтуынша, іші қою көк түтінге толған бұл үйде 2 адам тұратын көрінеді. Алдымен электр жарығын өшірген өрт сөндірушілер түтіннен түк көрінбегендіктен, тезелерді сындыруға мәжбүр болған. Шамамен 20 шаршы метрді қамтыған тілсіз жау бір сағаттың ішінде толық сөндірілді.
Ал түтін сейілген соң екі адамның мәйіті табылған. Бұл жайында полицияға хабар берілді.
Алдын ала болжам бойынша, жас жігіт темекі тұқылын сөндірмеген күйі ұйықтап кеткен. Ал келесі бөлмеде жатқан анасы иіс газынан есін жимаған күйі қаза тапқан болуы мүмкін.
Қазір осы қайғылы жағдайды өрт сөндіру қызметінің анықтаушылары тексеріп жатыр.