– Жол сақшыларына деген көзқарас бұрын да оңды болмағаны белгілі. Алайда, соңғы кездері Оңтүстіктің жол полицейлері тіпті сыннан көз аша алмай қалды. Жыл басталғалы бас прокуроры бар, жергілікті әкім-қараларға дейін жол сақшыларының жұмысын қатты сынға алуда. «Енді жол полицейлері жұмысын ширатар» деген үмітте жоқ емес. Ғалымжан аға, жол сақшыларының жемісті жұмысын қашан көреміз?
– Менің пікірімше, бұл әділ сын. Өткенде облыс әкімі Асқар Мырзахметов жылдық есебін қорытындылау кезінде бізге нақты тапсырмалар берді. Жол инфрақұрылымын жетілдіруді, жол қауіпсіздігінің қатаң сақталуын, халқы нығыз орналасқан орталықтардағы кептелістерді реттеу секілді жұмыстарды ширату қажеттігін алға тартты. Осы тапсырмалар бойынша қазір кешенді жоспар түзілген. Сондай-ақ ІІД жеке құрамның жұмысын қатаң нұсқаулықтар бойынша қадағалап отыр. Жол сақшыларының азаматтармен сыпайы, ілтипатты болуына назар аударылуда. Әр жиналыста бұл тақырып қозғалады. Тіпті, әрбір жол сақшысына азаматтармен қарым-қатынас жасау үлгілері конспектіленіп берілген. Жалпы, заң бұзушылыққа көп жағдайда заңды білмегендіктен ғана бармайды. Осы салада жұмыс істеп жатқан соң заңның ұңғыл-шұңғылы әрбір қызметкерге түсінікті. Алайда, әркімнің ар-ұжданы, адамгершілік деңгейі әртүрлі. Мәселен, жақында ғана өз погонын өзі жұлып, жүргізушіге жаппақ болған Қарсақбаев білдей офицер. Жоғары білімді заңгер. Ол өзінің взводындағы қызметкерлерді тәртіпке шақырып отыруы тиіс-тұғын. Ал істегені анадай болды… Ол ондай әрекетке заңды білмегендігінен барған жоқ. Өзінің санасы соған жетіп отырса, не дейсіз…
– Жалпы, бұл оқиға 12 қаңтарда болған. 13-і күні жүргізушінің үстінен іс қозғалды. Ал жүргізуші прокуратураға 28 қаңтарда арызданды. Маған қызық болып отырғаны, басшылық бұл оқиғадан қашан хабардар болып еді? Мәселен, Сізге бұл хабар қай күні жетті?
– Өз басым 29 қаңтар күні естідім. Прокуратураға жүргізуші осындай наразылықпен арыз түсірді дегеннен кейін…
– Болашақта шенділердің арасында мұндай әрекеттер қайталанбас үшін қандай алдын алу шаралары жасалып жатыр?
– Бұл оқиға құрамның жалпы жиналысында айтылды. Тіпті, өзгелер мұндай қателіктерге бармас үшін оқиғаның видеожазбасы көрсетілді. Қазір әрбір жол сақшысына күнделікті жұмыс жүктемесін бөлу кезінде азаматтармен қарым-қатынас жасау тәртібі жеке-дара ескертіліп отырады. Жұмыстан аластатылып, қамауға алынған әріптестерінің қателігі өзгелерге сабақ болар деген үміттемін.
– Облыс әкімінің есеп беру кездесуінде білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық комитет төрағасы мектепке жұмысқа орналасу үшін «ставкілерді» де әкімнің алдына жайып салды. Сұрайын дегенім, Жол полициясы басқармасында бұл мәселе қалай шешілген?
– Жол сақшылығының қатарына алынатын азаматтар алдымен конкурстан өтеді. Талапкердің білім-біліктілігін мамандар қатаң сынақтан өткізеді. Ал басқармаға жұмысқа кіру үшін 10 мың доллардың үстінде пара береді екен дегенді мен жоққа шығарамын. Ол жел сөз…
– Олай болса, жеке құрамнан жол апаттарына ойысайық. Жалпы, бізде тіркеліп отырған апаттардың ең жиі кездесетін себептерін атап көрсетіңізші
– Біздегі апаттардың денін масаң күйде көлікке отырған жүргізушілер жасайды. Жыл басынан бері 120 жүргізушінің масаң күйде көлік жүргізгені тіркеліп отыр. Екіншіден, жылдамдықты шамадан тыс арттыратындардың апатқа ұшырау ықтималдылығы артып отыр.
– Масаң күйде көлік басқару былай тұрсын, бүгінде көлік жүргізушілері есірткі шегіп алып, рөлге отыратын болды. Құдды соғысқа аттанғандай суық қарумен қаруланып алып жүретіндер де баршылық көрінеді…
– Ондай көлік жүргізушілер әсіресе түнгі мезгілде жиі ұшырасады. Бүгінде бізде түнгі мобильдік топ жұмысқа қызу кіріскен. Әр топта төрт қызметкерден кешкі сағат 8-ден таңғы 8-ге дейін жол бойында жұмыс жасайды. Есірткі шегіп, көлік басқарған жүргізушілер ұсталып жатыр. Мұндай өрескел заң бұзушылықтар Жол полициясы басқармасы қызметкерлері жүргізген рейд барысында да анықталды. Азаматтардың жасырын мемлекеттік белгілер мен суық қарулар алып жүретіні де белгілі болды. Мысалы, бір жүргізушінің автокөлік салонынан бір суық қару, яғни пышақ, сонымен қатар көк шөпке ұқсас зат тәркіленді. Оны сот-медициналық экспертизадан өткізген кезде, оның есірткі қолданып автокөлік айдағаны анықталды. Қарудан бөлек, бетперде де табылды. Қазіргі таңда анықталған заңбұзушылықтарға қатысты әкімшілік іс қозғалып, анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ қаруланып жүретін көлік иелерінің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
– Орталық көшелердегі кептелістер мен жүргізушілердің көліктерін кез келген жерге қойып кету әрекеттері де халықтың наразылығын туғызып отыр. Бұл қашан реттеледі?
– Бұл ретсіздіктердің белең алуы көліктер санының тым артып отырғанымен де байланыстырылады. Мәселен, 2006 жылы біздің облыста 187 мыңнан астам көлік тіркеуде болған болса, қазіргі көліктер саны 456 мыңнан асып жығылды. Яғни көліктер саны 7-8 жылда 143%-ға өсіп отыр. Ал жолдар сол 2006 жылдағыдан кеңейтілген жоқ. Жалпы, бұл тенденция қазір барлық ірі қалаларда қалыптасып отыр. Жақында біз Шымкент қаласының әкіміне 4 бірдей көлік айрығын салып беру туралы ұсыныс жасадық. Егер әкім тарапынан қолдау тапса, кептелістер мен тығындар мәселесін шешер едік. Себебі 200 мыңнан астам көлігі бар, халқы тығыз орналасқан Шымкент қаласы үшін бұл өте қажетті дүние. Машиналарын кез келген жерге қойып кететін жүргізушілерге қатысты айтар болсақ, бұл жерде мына жайтты да ескерген дұрыс. Бізде көптеген ірі сауда нүктелері мен дәріханаларда, басқа да мекемелерде арнайы көлік тұрақтары қаралмаған. Автотұрағы бар дегендерінің өзіне көліктер сыймай, жүргізушілер амалсыз көліктерін рұқсат етілмеген жерлерге де қоюға мәжбүр болады. Сондықтан алдағы уақытта өз бизнесін ашатындар алдымен автотұрағын қарастырып алса дер едім.
– Ал айыппұлдан қарызы бар жүргізушілердің жайы қалай болып жатыр? Жалпы, айыппұлдарды өндіру бойынша жұмыстар қаншалықты жанданған бүгінде?
– Осы жылдың қаңтар айында жол қозғалысы ережелерін бұзу бойынша 8 222 дерек анықталып отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға кем. Осы құқықбұзушылықтар бойынша биылғы жылы 36 млн 508 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынды, бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 83,1%-ға артқан. Бүгінде соның 18 млн 439 мың теңгесі өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 251,4%-ға артқан. Биылғы қаңтар айындағы айыппұл өндірісі 50,5%-ды құрап отыр. Ал былтыр бұл көрсеткіш 26,1% болған. Жалпы, әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша сараптамалық жұмыстар уақытылы жасалып отырады.
– Бүгінде сақтандыру полисіне қатысты да дау-дамайлар көп. Жалған құжат беретін сақтандыру компанияларының жұмысына тыйым болмай тұр. Жүргізушілерге бұл тұрғыда қандай кеңес бере аласыз? Заңды құжат пен жалған сақтандыру құжатын қалай айыруға болады?
– Былай қарағанда оларды айыру мүмкін емес. Бірақ сақтандыру компанияларының заңды құжат пен жалған құжатты бірдей беретіні анықталып отыр. «Бірыңғай сақтандыру полисінің» жоғарғы бұрышында полис нөмірі жазылып тұрады. Ол және бәрінде бірдей емес, арагідік арасында әртүрлі әріптер кездесіп тұруы тиіс. Сол нөмір арқылы кез келген уақытта сақтандыру компаниясына хабарласып құжаттың заңдылығын тексереміз. Көліктің сенімхатын (довереность) және көлік құралдарының мемлекеттік байқаудан өткені (тех. осмотр) туралы құжаттарының да жалған түрлерін жасау жолдары тіркеліп жатқаны жасырын емес. Тіпті, уақытша берілетін жол куәлігін қолдан жасау дерегі кездесіп отыр. Біз оларды қатаң тексеріп, құзырлы органдарға тапсырып отырамыз. Әрі қарай шараны жауапты мекемелер көреді.
– Жаңа Сізге келе жатып, басқарманың алдынан «көлігіңізді сақтандырып беремін» деп қызмет ұсынғандарды байқап қалдық. Бұл орайда, былайғы жұрттың Сіздерді сақтандыру компаниялармен сыбайласа әрекет етеді деп күмәнданып жататыны да жасырын емес…
– Керісінше, біз олардың жұмысына қатаң бақылау жасап отырамыз. Арнайы рейдтер кезінде де күнделікті тексеру барысында біз жүргізушілердің барлық құжаттарының заңдылығына мән береміз. Заң бұзушылықтар анықталса, бірден құзырлы органдарға жолданып жатады. Біз оларды «басқа жерге барыңдар» деп жұмысына кедергі келтіре алмаймыз ғой. Біз үшін олар тек заң аясында, сапалы қызмет етсе болды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА