Облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының өткен жылы атқарған жұмысына қатысты айтылар ой көп. Тындырымды тірліктері баршылық. Өткен істен сабақ алатын жағдайы да жоқ емес. Облыс әкіміне өткен жылы еткен еңбегін баяндаудың соңы Полат Қырықбаевқа бұйырыпты.
Басқарма басшыларының бәрі де көңіл марқайтар цифрлармен «көңілімізді табуға» тырысатындары хақ. Полат Наурызбайұлының баяндамасында әдеттегідей самсаған слайдтар мен цифрлар мерейімізді тасытты. Расында да, көзге көрінер ауқымды істер баршылық екен. Ең әуелі салауаттылықты насихаттау үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 6 млрд 531 млн 264 мың теңге бөлінгендігін айта кетейік. Тиісті қаржының есебінен біршама спорт нысандарының қазығы қағылған. Ел игілігіне берілгендері де мол. Осы орайда ауызға ілігері Шымкенттегі жабық жүзу бассейні кешені. Одан бөлек, облыстық атшабар мен «Локомотив» стадионына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, «Абай саябағының аумағында халықаралық теннис орталығының құрылысы аяқталғанын білеміз. Сонымен бірге елді мекендерде спорт ғимараттары мен алаңшалардың пайдалануға берілгені жадымызда. Ешбір аудан қам-қарекетсіз отырған жоқ.
Облыс спортының басшысы да осы жағдайды тәптіштеп түсіндіріп берді. Оның зерделеуінше, аймақтың түкпір-түкпірінде бой көтерген ғимараттардың жалпы саны 4761-ге жетіпті. Негізінен ауқымды тірлік Бәйдібек, Мақтарал, Түлкібас, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласына тиесілі екен. Есептен ұққанымыздай, осындай қат-қат шаруаның нәтижесі де жоқ емес. Өңірімізде қолға алынған 52 спорт түрінің өрендері намысты қолдан бермей жүр. Жыл бойы тартысқа түсіп, жиып-терген жүлделері іш жылытарлық. Ел біріншіліктері мен кубоктік жарыстарда спортшыларымыз 367 алтын, 348 күміс, 310 қола медальды қоржынға салған. Сонымен қоса әлем біріншіліктерінде 15 алтын, 4 күміс, 12 қола, ал Азия чемпионаттарында 13 алтын, 7 күміс, 10 қола жүлде иемденгендігіміз мәлім болып отыр.
Сондай-ақ жиын барысында бұқара халықтың салауаттылыққа ойысып жатқандығын аңғардық. Айталық, былтырғы жылы спортты серік еткендердің саны 427 мың 602 адамға көбейіпті. Бұл облыс халқының 16%-ын құрайды. Елбасының жүктеп отырған міндеттемесі 30%-ға жеткізу еді. Сол себепті облыс басшысы басқарма басшысына әлі де болса шаруаны ширата түсу керектігін меңзеді.
Есептен ұққанымыздай, спорт саласында жетістіктерімізбен қатар, кемшіліктеріміз де жетерлік. Бізде көптен бері күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі, дүбірлі бәсекелерді өткізетін зәулім спорт сарайының жоқтығы. П.Қырықбаев облыс басшысына осы мәселені төтесінен қойды. «Халықаралық додаларды қабылдайтын нысан керек. Бүгінде байрақты бәсекелер тек Алматы мен Астанада өткізіліп жүр. Спорттық имиджімізді көтеру үшін өңірімізде осындай әлеуетті спорт кешенін салатын уақыт жеткендей», – дейді облыс спортының басшысы көпшілікке мұңын шағып.
Асқар Исабекұлы бұл жағдайды терең зерделеп, бізге тиімді жақтарын қарастыру керектігін мәлімдеді. Сонымен бірге жиында облыстық спорт мектептерінің дербес ғимаратының жоқтығы да айтылмай қалмады. Белгілі болғандай, облыстағы 18 мектептің мәселесі шешілсе, 16-сы әліге дейін ғимаратты жалға алып келеді.
Тағабай ҚАСЫМ