Жәңгірхан Оразбақов – облысымыздың тәжірибелі хирургтарының бірі. Гипократ антына адалдық танытып жүрген азамат бүгінгі күнге дейін көптеген адамдардың өмірін ажалдан арашалап, үлкен алғысқа бөленген. Қолы жеңіл хирургтің біліктілігін жоғары бағалайтын көпшілік дертке дауа іздеген сәтте көршілес аудандардан келіп көмек беруін өтінеді. Ондай жағдайда, білікті маман әрдайым қолдан келген көмегін аямайды. «ОҚО 2011 жылдың ең үздік хирургі» аталымының және Ресейлік «Бехтерев» атындағы медальдың иегері, Кентау қалалық орталық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Жәңгірхан Оразбақовпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.
– Жәңгірхан Бимаханұлы, хирург қандай болуы қажет?
– «Хирургтың қолы – әйелдердікіндей нәзік, көзі – бүркіттікіндей қырағы, жүрегі – арыстандыкіндей айбатты болуы керек» деген нақыл сөз бар. Менің оған қосарым – сөзі дұрыс болуы керек. Яғни әрбір дәрігер кез келген адаммен тіл табысып, сөйлесе алуы қажет.
Жалпы, хирург болу өте қиын. Адамның қанын көру, онымен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Адам өміріне жауапты боласыз. Операция жасамас бұрын қалай болар екен деп ойланып шықсақ, операциядан кейін де түнімен ұйықтай алмайтын кездеріміз болады. Дәрісін беріп, уколын салып кететін басқа салаларға қарағанда, хирургия саласының салмағы өте ауыр.
– Операцияның жеңілі, ауыры болмайтыны анық. Дегенмен де сіз үшін ең ауыр, әрі ең қиын, ұзақ жасаған операцияңыз есіңізде ме?
– Иә, операцияны жеңіл, ауыр деп бөлуге болмайды. Жасалған отаның барлығы да, әрине, ауыр. Бірде соқырішек ауруына операция жасауға кіріп бара жатқанмын, науқас баланың ата-анасы қанша сағатта бітетінін сұрады. «Жай соқырішек қой, қазір 15 минутта бітіріп тастаймыз» деп ішке кіріп кеттім. Бірақ бәрі де біз ойлағандай болмады. Сол операцияның қиын болғаны соншалық бір жарым сағат жасадым.
Ең ұзақ жасаған операцияға қатыстым. Перзентханада босанған әйелге жасалған операция 8 сағатқа ұласты. Ешқандай дем алмай тұрып жасадық. Мен көмектесіп тұрдым. Нәтижесі дұрыс шықты.
Ал ең қиын, әрі күрделі операция деп жаңадан бірінші жасап жатқан операцияларымды айтамын. Себебі, алғашқы кезде өте қиын болатын. Әсіресе, қасыңда тәжірибелі хирург жоқ кезде. Сондай-ақ 2001 жылы лапароскопиялық аппаратпен операция жасайтын болдық. Қасымызда тәжірибелі хирург болмады. Ең бірінші рет, әрі аппаратпен жасап жатырмын. Сол кезде өте қиын болды. Дегенмен де сәтті шықты.
– Өзіңіз есептеп көрдіңіз бе бүгінге дейін қанша ота жасағаныңызды?
– Жобамен есептеп көрдім. Мысалы, жылына 300-400-дей операция жасамасақ, 200-дей операцияға қатысады екенмін. Менің қазір бұл жерде еңбек етіп жатқаныма 20 жыл болды. Сонда қазірге дейін жобамен 10 000 ота жасаппын.
– Елімізде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Жаңа аппараттар алынып, дәрігерлердің біліктілігін жоғарылату мәселесіне басты назар аударылып жатыр. Сіздерде қалай?
– Бүгінге дейін біздің бөлімге екі лапароскопиялық аппарат алынды. Оның біреуі жалпы хирургияға, екіншісі гинекологиялық операциялар жасауға арналған. Сондай-ақ өт жолынан тас алатын аппараттар мен өзге заманауи құрылғылармен жабдықталып жатырмыз. Бұған дейін халыққа көбіне арнайы дәрігерлік жәрдем көрсетіп келсек, алдағы уақытта жоғары арнайы дәрігерлік көмекке өтсек деген жоспарымыз бар.
Операцияларды аппаретпен жасауға тырысудамыз. Яғни бұрынғыдай қолмен ота жасау азайып келеді. Өттен тас алу, соқырішек, эхинококкоз және гинекологиялық операциялардың 80%-ын аппаратпен жасап жатырмыз. Енді грыжалар қалды. Алдағы уақытта оны да аппаратпен жасау жоспарда бар.
Дәрігерлер өз білімін міндетті түрде 5 жылда 2 рет жетілдіріп отырады. Өзім де Мәскеуде, Санкт-Петербургте болып, білікті дәрігерлермен тәжірибе алмасып келдім.
– Өзіңіз басқарып отырған бөлімдегі қызметкерлердің біліктілігі қандай?
– Негізінен хирургия бөлімшесінің қызметі – аурухананың айнасы. Хирургиясы жақсы аурухана жақсы көрсеткіштерге ие болады. Біздің қаламызға еңбегі сіңген, Кентау қаласының медицинасының сара жолын қалыптастырған М.Ерназаров, Қ.Сұлтанқұлов секілді ағаларымыздың еңбек жолынан үлгі алып жұмыс жасап келеміз. Бөлімдегі әріптестерім өз жұмыстарын жақсы біледі. Хирургтар Асан Мамеков, Әбілхайыр Бабаев, Қуаныш Сейілбек, аға мейірбике Гүлнәр Смайлова және өзге де хирургия бөлімінің қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Баршасы да медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін аянбай еңбек ететін ақ халатты абзал жандар.
– Хирург болғаныңызға өкінетін кезіңіз бола ма?
– Шаршаған кезімде «неге осы саланы таңдадым екен» деген ой келеді. Содан соң, науқасқа қолдан келген барлық жағдайды жасап, көмектесіп, бірақ ешқандай нәтиже болмаған кезде туысқандарына түсіндіре алмай немесе олар дұрыс түсіне алмай тұрған кезде қатты қиналамын.
– Өмір жолыңызбен таныстырып өтсеңіз.
– Мен Түркістан ауданына қарасты Бозбұтақ ауылында дүниеге келдім. Сол жердеге орта мектепте білім алдым. Кейіннен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсіп «Емдеу ісі» мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Облыстық ауруханада бір жыл іс-тәжірибеден өттім. Тоқсаныншы жылы Кентауға келіп, хирургия және реанимация бөліміне қызметке орналастым. 2001 жылдан бастап хирургия бөлімінің меңгерушісімін.
Екі ұлым және Ұлдай есімді жұбайым бар. Бірінші балам заңгер, ал екіншісін медицина саласы бойынша оқуға түсіреміз деп отырмыз. Жұбайым да – дәрігер. Балалар эндокринологы. Ақтөбеде институтты бірге оқығанбыз. Қазір балалар емханасында жұмыс жасайды.
– Көпшілік адам ота жасап, кесіп үйреніп қалған дәрігерлер қатыгез болады деп ойлайды. Сіздің мінезіңіз қандай?
– Мен қатыгез емеспін. Өзім қатты да, көп те сөйлемеймін.
– Сөз соңында айтарыңыз?
– Ел арасында, «еврейлер дәрігерге ауырмай тұрып қаралады, орыстар ауырған күні қаралады, қазақтар құлаған күні қаралады» деген сөз бар. Халыққа айтқым келетіні – уақытылы денсаулығына көңіл бөліп, дәрігерге алдын ала барып қаралып тұрса, дер кезінде дәрігерге көрінсе кез келген аурудың алдын алуға болады. Медицина саласының өзгеріп жатқанына көпшілік түсінбей дәрігерлерді қаралауды тоқтатса деймін. Анализ тапсыруға тұрған кезекке кейбіреулер үлкен әңгімелер айтып жатады. Порталды да сыбап жіберетіндер көп кездеседі. Әлі алдымызда бір саусақтан бір тамшы қан алып, түрлі анализдер дайындап беретін кездер болады. Бұрынғымен салыстырғанда қазір жағдай өте тамаша. Бұрындары тіпті киюге қолғап таппай операциялар жасаған кездеріміз болған. Сондықтан сабыр етіп, шүкіршілік жасау керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Қайрат ЗАЙНИШЕВ
Түркістан