Кәсіпкерлер жұмысын қағазбастылық тұсап тұр. Онымен қоса, талаптары қатаң, пайызы жоғары несие де қол жеткізер емес. Бүгін «Нұр Отан» ХДП ОҚО филиалына жиналған кәсіпкерлер мұң-мұқтаждарымен бөлісті.
Бюрократиялық бөгет пен әкімшілік әуресі іскерлердің ісін ілгерілетпей отыр. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жасалып жатқан шаралар шаш етектен келсе де, қағазбастылықтан құтылу әлі де мүмкін болмай тұр. Шаруалар әлі де мемлекет бекіткен құжаттарды жинауға көп уақыт жоғалтатынын жасырмады.
Жалпы, бүгінде кәсіпкерлікті қолдауда атқарылған шаралар мен күрмеулі проблемалардың таразы басы тең түсіп тұр. Алқалы жинның талқысына тартылған мәселелердің бірі несие жайы болды. Мұң-мұқтажын арқалап келген кәсіпкерлер несие пайызын әлі де төмендету керек деп есептейді.
«Нұр Отан» ХДП ОҚОФ қоғамдық бөлім бастығы Жамалбек Шәріпбек несие пайызын шаруаларға қолжетімді ету үшін құзырлы органдарға шығып, мәселені шешіп беруге атсалысамыз деді.
Шағын және орта кәсіпкерлік — отандық экономиканың діңгегі болуы тиіс. Сондықтан, оны қаржыландырып, қолдауды мемлекет өз мойнына алып отыр. Алайда, кәсіпкердің көңілін күпті еткен проблемалар әлі де азаймай отырғанына осы жиында тағы да бір көз жетті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=aAoL08Zchos[/youtube]