Шымкенттің базарлары мен ірі сауда орталықтарында орталықтандырылған дабыл жүйесі орнатылуы тиіс. Бұл оқыс оқиға болса құзырлы органдарға жедел хабарлаудың бірден-бір жолы. Облыстық төтенше жағдай департаментінде өткен жиында осы мәселе қаралды.
Құтқарушылар мен кәсіпкерлер алғаш рет бір үстел басына жиналып отыр. Өйткені соңғы кездері сауда орындарында өрт жиілеп кеткен. Күн жылына салысымен өрт оқиғасының жиілеп кететіні тағы бар. Егер бірігіп жаңа бастаманы жүзеге асырмасақ, апаттан көз ашпай кетеміз дейді мамандар. Осыған орай төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері ірі сауда орындарының басшыларына ұсыныс жасады.
Ол туралы департаменттің бас маманы Арман Әсібеков былай дейді:
«Біз қаладағы ірі базар басшыларына өздерінің сауда орындарына орталықтандырылған дабыл беру жүйесін қосуды ұсынып отырмыз. Сонда өрт шыға қалса шұғыл хабар біздің өрт сөндірушілерге тікелей жетеді. Нәтижесінде баға жетпес уақытты үнемдеп қалуға болап еді. Тағы бір айта кететін мәселе — жекеменшік нысандары күзетшілерінің өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды ішкі қарай жібермеуінде. Олардың бар айтары — бұл жекеменшік территория дейді. Ал негізінде, өрт қауіпсіздігі жөніндегі заңда адамдарға қауіп төнген жағдайда арнайы мамандардың кез келген нысан мен ғимараттың ішіне кіріп, құтқару жұмыстарын жүргізулеріне мүмкіндік берілуі тиіс делінген. Біз базар қожайындарына осы мәселені де айттық. Оған қоса сауда орындарындағы су гидраттарын да қалыпты жұмыс істейтіндей ету аса маңызды. Себебі, біздің арнайы көліктердің бөшкелеріндегі су ары кеткенде 5 минутқа жетеді. Ал тілсіз жаудың шарпыған аумағы үлкен болса, міндетті түрде сол маңдағы су көздерінен, әсіресе, гидранттардан су алуға тура келеді. Ал Шымкентте гидранттары толықтай іске жарамды нысандар өте аз».
Төтенше жағдай қызметкерлерінің бұлайша шырылдауы тегін емес. Өйткені, өрт кезінде базарға барған құтқарушылардың ішке ене алмай қалған жағдайлары жиілеген. Салдарынан дүние мүліктің күлі көкке ұшып жатыр.