Базарларда газ баллондарды пайдаланып, кәсіп жасап жатқандар көп…

32
фото baq.kz

Сайрам ауданы – кәсіпкерлігі дамыған аудандардың бірі. Оның ішінде шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлер қатары жыл сайын артып келеді. Аудан әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен аудандағы барлық базарлар және ірі сауда орындарының егелері, өкілдерімен кездесу өтті. Жиын барысында базарлар бойынша барлық өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Алғаш баяндама жасаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының м.у.а. Б.Олжаев аудан бойынша барлық базарлар мен олардың жұмысы туралы толық мәлімет берді. Одан кейін аудандық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы М.Байымбетов аудандағы, оның ішінде орталықтағы бірқатар базаларда төтенше жағдай талаптары сақталмағанын атап өтті. Қандай да бір келеңсіз жағдай орын алса өрт сөндіру көліктерінің кіруі қиынға соғады. Ал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А.Еркінбекова базар төңірегіндегі тазалық мәселесі санитариялық талаптарға мүлдем келмейтіндігін жеткізді.
Барлық баяндамашылар тарапынан айтылған кемшіліктер мен базар иелерінің уәждерін тыңдаған аудан басшысы А.Сәбитов бірқатар сын-ескертпелер жасады.
– Бірінші кезекте қауіпсіздік шаралары мен санитарлық талаптардың қатаң сақталуы тиіс. Орталықта бірнеше жерде газ баллондарды пайдаланып, кәсіп жасап жатыр. «Апат айтып келмейді». Егер қандай да бір оқыс оқиға орын алса, ол барлығымыздың кемшілігіміз. Басқа да базарларда өрт қауіпсіздігі сақталмаған. Сонымен қатар, базарлар мен сауда үйлеріндегі жарнамаларда ҚР «Мемлекеттік тіл туралы» Заң талаптары орындалмай отыр. Ал қасбеттері тіпті сын көтермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасында тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалауға мораторий енгізу туралы» мерзімі аяқталды. Сондықтан да, бұдан былай кемшіліктерге кеңшілік болмайды,- деді аудан әкімі.
Алдағы уақытта аудан орталығындағы Абылай хан көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сол уақытта ірі сауда орындарының қасбеттері біркелкілікке көшетін болады. Жиын соңында кемшіліктерді уақтылы жойып, ел игілігі үшін сапалы жұмыс істеуге шақырды.