Жексенбі, 17 наурыз Оңтүстік Қазақстан облысында «Береке күні» деп аталып өтті. Бұл күні өңіріміздегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйіндегі қарияларға және аз қамтамасыз етілген отбасыларға қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, көмек көрсетілді.
Наурыз береке-бірліктің, қайырымдылықтың, кешірімнің мейрамы. Ата-бабаларымыз бұл мейрам кезінде жарлы-жақыбайға қайырымдылық жасауды да ұмытпаған. Қазақтың байлары «шүлен тарату» дәстүрін жасап, кедей-кепшікке мал-мүлік, бұйым үлестіріп, тегін ас таратқан. Бұл халқымыздың жомарттығының көрінісі саналатын дәстүр.
Облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы, Төлеби ауданындағы №2, Шымкент қаласындағы №3, Сайрам ауданындағы №4 балалар үйлері мен Сайрам ауданындағы «Бауыржан» отбасылық негіздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін, облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық әлеуметтік мекемесіндегі азаматтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен Оңтүстіктегі қалталы кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген мыңға жуық отбасыға қайырымдылық көмек көрсетті.
«Береке күніндегі» бұл шаралар ата-баба дәстүрін ұлықтап, ел бірлігін бекемдеуге септігін тигізеді. Қоғамымызда мейірім мен шапағаттың, адамгершілік пен ізгіліктің үстем болуына үндейді.