Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі! Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында балабақша ұжымы өзара тартысып жатқанда, мекемеде тәрбие жұмысы ақсап барады. Басшысының әрекетіне ашуланған бір топ қызметкер «тәрбие мекемесінің меңгерушісі балабақшаға артық қызметкер мен жолдамасыз бала қабылдап жатқанын айтады. Ал меңгеруші мұны «өзі мен қалалық білім бөлімінің бастығы арасында болып жатқан кикілжің» деп салды.
Алпысқа тарта қызметкері бар «Алмагүл» бала-бақшасының ұжымы қазір екіге бөлінген. Бірі басшыны қолдаса, енді бірі оның «былығын» бетке басуға бар. Бір топ тәрбиешінің айтуынша, меңгеруші мекемеге үсті-үстіне қызметкер қабылдап, жалақыны да көңіл-күйіне қарай береді.
Ұлсерік Мырзахметова, тәрбиеші: «Жалақыны қолма-қол береді маған. 15 мың береді. Кейде 20 мың береді. Ал мен енді 20 мың… 1 ставкамен істеген күндерім де болды».
Тәрбиешілердің сөзіне сенсек меңгеруші бала-бақшаға бүлдіршіндерді тиісті құжатсыз да қабылдай береді екен. Бірақ, тексеру келе қалса құжатта көрсетілмеген балаларды тәрбиешілер жасырып отырады.
Ұлбибі Арыстанова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі: «Сол балалар еденде ұйықтап қалды. Бұттарына жіберіп қойды, сиіп қойды. Жылады, тамақтарын да ішкен жоқ».
Қалалық білім бөлімі тарапынан жүргізілген кезекті тексеру кезінде тәрбие мекемесіне жолдамасыз келген 23 бала анықталған. Мұның бәрін арнайы ұйымдастырылған арандату екенін алға тартқан меңгеруші болып жатқан жағдайды «соғысқа» теңеп отыр.
Гүлмира Мамасаидова, балабақша меңгерушісі: » Бұл менімен қалалық білім бөлімі бастығының арасындағы соғыс. Әкім де оны біледі. Үш айдан бері арпалысып келеміз. Тәрбиешілерді де маған қарсы айдап салып отырған қалалық білім беру бөлімінің бастығы».
Гүлмира Мамасаидованың айтуынша, «соғыстың» басталуына меңгерушінің білім бөлімі бастығының үстінен әкімге арыздануы себеп болған. «Содан бастап басшылық тарапынан қудалауға түстім» деп отыр.
Нұржамал Әбілдаева, Кентау қалалық білім беру бөлімінің бастығы: «Қудалау болған жоқ, біздің жұмысымыз. Атқарып отырған жұмыстар. Ешқандай қудалау болған жоқ».
Балабақшада анықталған жәйттерді білім беру бөлімі хаттап, құқық қорғау органдарына жолдаған. Алайда, олардан нақты жауап әлі айтылмай отыр. Ал жікке бөлінген ұжым бір-бірінің үстінен арзы тасып жүргенде бала тәрбиесін жайына қалдырған сияқты.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=p5a4uMP5ZVI[/youtube]