Оң істердің ұйытқысы Оңтүстік тағы бір игі бастаманы бастады. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі Оңтүстік Қазақстан облысында ертеңнен бастап, яғни наурыздың 14-нен тоғыз күн тойланатын болды.
«Тоғыз күн аста төк той емес, бұл әз Наурыздың қадір-қасиетін насихаттау ниетінен туындаған бастама. Тоғыз күннің әрбірінде әрқилы іс-шаралар ұйымдастырылып, мерекенің маңызы мен мәні насихатталады. 14-нен бастап әрбір күнге атау беріп, сол атауға лайық істер атқарылады. Мәселен, тоғыз күннің төртіншісінде «Береке» күнінде қайырымдылық шаралары өткізіледі. Балалар үйіне, қарттар үйіне жәрдем беріледі. Баяғыдан қазақта «шүлен тарату» деген болған. Бай бақуаттылар мұқтаж жандарға, жоқ-жітікке жәрдем берген. Сол ұмытылып бара жатқан дәстүр жалғасын тапса деген ниет біздікі. Шүлен таратқандарға Ұлыстың ұлы күнінде бата берілген. Бұл батаның да қасиеті мол»-дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли.
Мерекені жалпыхалықтық сипатқа, өзінің төл бейнесіне қайта қауыштыруды мақсат тұтқан облыс әкімдігі мереклік іс шараларды наурыздың 14-нен 23-не дейін жалғасырып отыр. Наурызнама дәстүрін заманауи үлгіде қайта жаңғыртып, жаңа сипатта ұйымдастырлып отырған 9 күннің әрқайсысы 9 түрлі атаумен аталып, өзіндік мазмұнда аталып өтпек. Алдымен, «Көктем шуағымен» басталатын мерекелік күндер тізбегін «Тағзым күні», «Алас күні», «Береке күні», «Өніс күні», «Жайнау күні», «Шаттық күні», «Үйлесім күні», «Ұлыс күні» жалғайды.
14-наурыз «Көктем шуағы» күнінде облыс әкімі Оңтүстіктің ардагерлерін көктемнің келуімен құттықтап, сый сияпат көрсетпек. Облыстың белсенді жастар 20 ардагерді құттықтап, сәлем бере барады. Бұл қазақ жерінің батысында ғана сіңісті болып қалған «көрісу» дәстүрін жаңғыртудың бір көрінісі. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер көктемде қыстан аман есен шықтың ба?» -деп аман есендік сұрасқан дәстүрдің ұшқыны.
15 наурыз «Тағзым күнінде» мешіттерде бабабалар рухына арналып Құран оқылады. Бұл күн қасиетті жұмаға тұспа тұс келіп отыр. Жастар мен зиялы қауым қаза болған шекарашыларға арнап Құран оқып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қояды. Бұл күні Шымкентте Төле бидің 350 жылдығы, Абылай ханның 300 жылдығына арналып республикалық ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өнерінің өрісін кеңейткен, шашасына шаң жұқпаған Бекарыс, Ақмарал, Еркебұлан, Әсем, Жандарбек сынды айтыс ақындары қатысады бұл дүбірлі додаға.
16-наурыз «Алас күнінде» облыс көлемінде жалпыхалықтық сенбілік өтеді. Шымкенттегі саябқатарға көшеттер отырғызылады.
17-наурыз «Береке күнінде» облыстағы балалар үйі мен қарттар үйіне қайырымдылық жасалады. Мүмкіндігі шектеулі жандар да бүгін назардан тыс қалмайды.
18-наурыз «Өніс күнінде» осы күні дүниеге келген сәбилерге, аналарына сыйлықтар жасалынады. Саябақтарда сол күні туылған нәрестелерге белгіленіп көшеттер отырғызылады. Әрбір туылған сәбидің ата анасына көшеттің қай саябақта, қай нөмірде екендігі арнайы хатпен баяндалатын болады. Егер атаанасы қаласа, аталған көшеттерді өздері күтіп баптауына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ өткен науқанда табысқа кенелген кәсіпорындар мен диқандарға, бағбандар мен шаруа қожалықтарына обылс әкімінің құттықтауы жолданады.
19-наурыз «Жайнау» күні Ұлыстың ұлы күніне арналған мемлекеттік құттықтаулар, баннерлер ілінеді. Қоғамдық көліктерге арнайы плакаттар ілінеді. Білім ұяларында, мәдени ошақтарда ұлттық бұйымдардың, сурет көрмелері ұйымдастырылады.
20 наурыз «Шаттық күнінде» мерекелік іс-шаралар қыза түспек. Көңілді тапқырлар клубтарының қойылымдары да осы күнге жоспарланып отыр. Облыс әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездеспек. Оңтүстіктің өркендеуіне еңбек сіңірген азаматтар марапатталатын болады.
21-наурыз «Үйлесім күні» «Алтыбақан» тігіліп, түрлі этнос өкілдері ұлттық құндылықтарын, салтын, дәстүрін насихаттайтын түрлі шаралар өткізетін болады. Шымкенттегі Ордабасы алаңында эстрада әншілерінің концерті өтеді. Бұл шара аясында «Селтеткізер», «Ұйқыашар» жасалатын болады. Жылдың жаңаратын, күн мен түннің теңелетін кешінде Ордабасы алаңында облыс әкімі халықты мерекемен құттықтайды.
22-наурыз «Ұлыс күн» кешенді мерекелік іс шаралар жалғасын табатын болады. Ұлттық өнер насихатталып, ұлттық спорт жарыстары ұйымдастырылады. Мерекенің ұлттық сипатына басымдық берілмек. Тың тыныспен басталған мерекелік 9 күннің түйіні де осында.