Оңтүстік — «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыруда артта қалып келеді. Қазақстан бойынша халықтық акцияларды сатып алудағы біздің көрсеткіш 2 пайызға да жетпейді. Сондықтан халықтық акционер болудан қашпаңыз дейді бағдарламаның жетекшілері. Олар дұрыс ақпараттың тарауы үшін журналистермен кезекті рет семинар өткізді.
Татьяна ЗЯБЛОВА, «Халықтық IPO» бағдарламасының ОҚО-дағы үйлестірушісі: «Нақты себепті біз де білмейміз. Әйтпесе, «Халықтық IPO» туралы барлық БАҚ құралдарынан ақпарат таратудан кенде қалғанымыз жоқ. Сондықтан да жергілікті жұртта сенімсіздік көп ау деген тұжырымға келдік».
Өткен жылы ел азаматтары «ҚазТрансОйл» компаниясының акцияларын сатып алған. Жалпы саудаланған құнды қағаздардың сомасы 28 млрд. теңгені құрайды. Негізгі сұраныс 60 млрд-тан асып кетіп, тіпті акциялар жетпей де қалды дейді мамандар. Ал акциялы болып үлгерген азаматтар осы күннің өзінде біршама пайдаға кенеліп те үлгеріпті.
Серік ОМАР, «Қазақстанның жеке инвесторлары» қауымдастығының президенті: «Бір акцияның құны 725 теңге болса, қазір нарықтық бағасы 830-840 теңге болып тұр. Яғни сол кезде сатып алған инвесторлар 2-3 айдың ішінде 14-15 пайыз табыс көріп отыр».
Акцияларды сатып алу тізіміне биыл «Кегог», «Самұрық-Энерго», «Қазтрансгаз», «Эйр Астана» және «Қазморттрансфлот» серіктестіктері кіретін болады. Десе де, қомақты қаражатты аталмыш іске салу үшін де жеті өлшеп бір кес нақылын пайдалануды ұмытпағаныңыз абзал.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=hT2wWFv0QBQ[/youtube]