Тақырыпсыз кездесу! Өңір басшысы Асқар Мырзахметов зиялы қауым өкілдерімен кездесуін осылай атады. Бұған дейін әлеуметтік мәселелерді көтерген алдыңғы толқынмен еркін сұқбаттасып, пікір алысты.
Әсіресе, Ұлыстың ұлы күнін атап өтуде оңтүстіктің өзгелерге үлгі болуы шарт екенін алға тартып, биылғы бастаған бастаманы жыл сайын дәстүрге айналдыруды да тілге тиек етті. Әр салада еліміздің дамуына елеулі үлес қосып, аянбай еңбек еткен зиялы қауым өз тараптарынан да тілектерін жеткізіп, ақ баталарын берісті.
Бірі алғысын айтса, енді бірі ұсынысын ортаға тастады. «Ырыс алды ынтымақ» бастамасымен құрметтілердің басын қосатын жиынан соң, осындай бас қосулар керек деп шешті басшы.
Асқар Мырзахметов, ОҚО әкімі: «Болашақта Наурыз алдында бас қосып, пікір алмасып тұрғанымыз дәстүрге айналса, игі болар еді. Сіз болып, біз болып, пікір алмасып, одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуымызға үлес қоссақ, құптарлық іс. Ұлыстың Ұлы күні мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңіз сау болып, ұзақ жасаңыздар».