Ай сайын пара талап еткен полицей қызметкері құрықталды. Оңтүстік Қазақстанда полиция полковнигі 30 мың теңге пара алғаны үшін ұсталды. Қаңтар айында полиция қызметкері үстінен арыз түскен. Келімсектерді қызметкер еткен бірнеше жылыжай иесі ай сайын полковникке 30 мың теңге төлеп тұруға мәжбүр болған.
Пара уақытында беріліп тұрған кезде ғана полиция полковнигі жұмыскерлерге шүйлікпеуге уәде еткен. Ал қолдан келер шарасы болмаған жылыжай иесі аудандық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасарына өткен жылдан бері ай сайын 30 мың теңге төлеп тұрған.
Жедел тергеу жұмыстары нәтижесінде аты дүрдей полковник пара алып тұрған жерінде тұтқындалды. Күдікті қамауға алынып, пара алды деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Бұл жағдай жыл басынан қоғамдық тәртіпті сақтау қызметкерлеріне қарсы қозғалған. екінші қылмыстық іс болып тіркелді.